
Түркістан облысы, Арыс қаласында соңғы жылдары жасыл желекті көбейту бағытында тың тәсілдер қолданылуда. Соның жарқын мысалы – қалада арнайы тұқымбақтың құрылуы. Бұл бастама қазіргі таңда тек Арысқа ғана емес, облыс көлеміне үлгі болып отыр.
Қалалық тұқымбақта бүгінде 200 мыңнан астам түрлі ағаш көшеті өсірілуде. Олар алдағы күзгі және көктемгі ағаш егу маусымында қала аумағына отырғызуға толық дайын. Ең басты артықшылығы – көшеттердің сырттан әкелінбеуі. «Жасыл Арыс» КММ-нің мамандары қалада өскен ересек ағаштардан ұрық жинап, оны сұрыптап, тұқымбаққа отырғызады. Осылайша табиғи жолмен алмасу үздіксіз жүріп жатыр.
Арыстың топырағы мен климатына бейімделген көшеттер небары 1-2 жылда өсіп, қала көшелеріне отырғызуға жарамды хәлге келеді. Бұл тәсіл өнімділігімен де ерекшеленуде: жерсіндіру көрсеткіші – 95 пайыз.
Қазір жасыл желекке жауапты қызметкерлер қалада өскен сабын тал, арша және боз арша секілді ағаштардың ұрықтарын жинауға кірісіп кеткен. Әрбір піскен тұқым сұрыпталып, арнайы технология бойынша тұқымбаққа егіледі.
Мамандардың айтуынша, табиғи сұрыптау арқылы көбейтілген көшеттер сырттан тасымалданатын ағаштарға қарағанда төзімді, күтімі жеңіл әрі өсімі жоғары.
Арыста енгізілген бұл тәжірибе бүгінгі таңда облыста баламасы жоқ жоба ретінде бағаланып отыр. Жас көшеттерді өз жерінде өсіріп, табиғи жолмен жерсіндіру – қаланың экологиялық ахуалына да, бюджет тиімділігіне де оң ықпал етуде.
Бұл жаңашылдық Арыс қаласының көгалдандыру жұмысын жаңа деңгейге көтеріп, бюджетті үнемдеудің тиімді тәсілі ретінде де қарастырылуда. Тұқымбақтың арқасында қала аумағында отырғызылатын ағаштар жоғары сапалы және табиғи ортаға жақсы бейімделген. Бұған қоса, бұл тәсіл экологиялық тұрғыдан да пайдалы: көшеттердің жедел тамырланып, өсуі мен топыраққа бейімделуі қала аумағында жаңа жасыл желектердің көптеп өсіп, жайқалып өсуіне мүмкіндік береді. Бұл жұмыс қала экологиясын жақсартуға және ауа тазалығын арттыруға үлкен үлес қосып отыр.
Жобаның ұзақ мерзімді тиімділігі де айқын: көшеттердің өсіп, қаланың сәнін келтіретін жасыл желекке айналуы үшін сырттан әкелінетін ағаш көшеттеріне тәуелділікті жояды. Осылайша, жергілікті өндірістің арқасында көгалдандыруды үздіксіз әрі тұрақты түрде жүзеге асыруға болады. Бұл әдіс тек экологиялық емес, экономикалық тұрғыдан да пайда келтіріп, қала тұрғындары мен қонақтары үшін жайлы, таза және жасыл орта қалыптастыруға септігін тигізеді.
