
Арыс қаласына қарасты шалғайдағы халық саны аз Ақтас, Бұлақ және Дарбаза ауылдарында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында тегін қоғамдық интернет желісі орнатылып, пайдалануға берілді. Жоба бағыттарының бірі – шалғайдағы немесе халқы аз ауылдарды ғаламторға қосу. Мұндай елді мекендерге талшықты-оптикалық байланыс желілерін тарту немесе мобильді станциялар орнату тиімсіз. Ал, аталмыш технология жоғары жылдамдықты әрі тұрақты интернетті өзге шешімдер мүмкін болмайтын жерлерде де қолжетімді етеді. Атап айтқанда, заманауи «OneWeb» спутниктік байланыс жүйесінің станциялары іске қосылып, тұрғындарға «Wi-Fi» желісі арқылы жоғары жылдамдықты интернет қолжетімді болды. Бұл – шалғай ауыл тұрғындары үшін цифрлық қызметтерге жол ашатын маңызды қадам. Жобаның нәтижесінде ауыл азаматтары коммуналдық төлемдерді онлайн жүзеге асыра алады, мемлекеттік қызметтерді eGov.kz порталы арқылы жылдам пайдаланады. Сондай-ақ, оқушылар мен студенттер қашықтан білім алу ресурстарына қосылады, онлайн төлемдер мен банк қызметтерін қолдана алады. Цифрлық инфрақұрылымның дамуы тұрғындардың өмір сапасын жақсартып қана қоймай, шалғай аймақтардағы білім, ақпарат және мемлекеттік қызметтерге тең қолжетімділікті қамтамасыз етпек.
Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға айтарлықтай ықпал ететін болады. Интернетке қол жетімділік тұрғындарға күнделікті өмірде түрлі қызметтерді пайдалану мүмкіндігін ашады. Әсіресе, қашықтан білім алу мен жұмыс істеу, медициналық кеңестер алу сияқты цифрлық мүмкіндіктер шалғай аймақтарда тұратын адамдар үшін аса маңызды. Қазірдің өзінде, бұл жаңалық оқушылардың онлайн сабаққа қатысуын жеңілдетіп, мемлекет ұсынатын цифрлық қызметтерге қолжетімділікті арттырды.
Сонымен қатар, ауыл тұрғындары үшін бұл жоба экономикалық тұрғыдан да тиімді. Интернет арқылы кәсіпкерлер өз тауарларын және қызметтерін онлайн нарыққа шығаруға мүмкіндік алады, ал жұмыс іздеушілер үшін қашықтан жұмыс жасау мүмкіндігі пайда болды. Осылайша, шалғай аудандарда жаңа жұмыс орындарын ашу және әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту көзделуде. Жобаның жүзеге асырылуы болашақта бұл өңірлердің дамуына елеулі үлес қосып, басқа да ауылдарға үлгі боларлықтай тәжірибе болатыны сөзсіз.
