
Қазығұрт ауданының әкімі Азизхан Исмаилов аудандық перзентханаға арнайы барып, “Ұлттық домбыра күні” дүниеге келген нәрестелерге домбыра тарту етті.
Сондай-ақ аудан әкімі жас аналарға ізгі тілектерін білдіріп, олардың қоғамдағы, отбасындағы рөлінің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, сәби қуанышына ортақтасып, балдырғандардың аман-сау өсуін, елдің арқа сүйер азаматтары болып қалыптасуын тіледі.
— Домбыра – халқымыздың жан серігі, ұлттық рухтың жаршысы. Бүгін дүниеге келген сәбилердің дәл осы ерекше күні өмірге келуі – үлкен жақсылықтың нышаны. Біз бұл балалардың болашағы ұлттық болмыспен сабақтас болып өссе дейміз. Домбыраны сыйлау арқылы қазақи тәрбие мен руханиятты ұлықтап отырмыз, – деді.
Бұл дәстүр Қазығұрт ауданында бірнеше жылдан бері тұрақты түрде жалғасып келеді. Ұлттық домбыра күніне сәйкес келген әрбір туған күн болашақта ұлттық сана мен өнерге деген құрметті қалыптастырудың алғашқы қадамына айналуда.