
Түлкібас аудандық Мәдениет үйінде ақ халатты абзал жандардың кәсіби мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті. «Медицина қызметкерлері күніне» арналған бұл шараға аудан әкімі Асқар Естібаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Серғали Сәрсенбаев, «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалының төрағасы Ержан Жүнісов, аудандық орталық аурухананың бас дәрігері Жанат Тоғайбекова, сала ардагерлері, медицина қызметкерлері мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиында аудан басшысы медицина саласы мамандарын төл мерекесімен құттықтап, денсаулық сақтау саласының дамуындағы қажырлы еңбектеріне алғыс айтты. «Сіздердің әрбір іс-әрекеттеріңіз – адам өмірін сақтап қалуға, халықтың денсаулығын нығайтуға бағытталған. Бұл – үлкен жауапкершілік пен жанкешті еңбек. Сіздерге мықты денсаулық пен қажымас қайрат тілеймін!».
Шара барысында денсаулық сақтау саласында көп жыл еңбек еткен ардагер дәрігерлер мен үздік мамандарға аудан әкімдігі мен мәслихат тарапынан марапаттар, алғыс хаттар табысталды.
Мереке соңы концерттік бағдарламаға ұласып, аудан өнерпаздары дәрігерлерге ән мен жырдан шашу шашты.
Іс-шара жылы шырайлы көңіл-күймен өтіп, медицина қызметкерлеріне деген құрмет пен алғыстың айқын көрінісіне айналды.
Бүгінгі таңда, аудан аумағында 115 медициналық орталық бар болса, онда 1309 медициналық қызметкерлер жұмыс жасауда. Оның ішінде 203 жоғары білімді дәрігерлер, 1106 орта және кіші буын медицина мамандары қызмет атқаруда.