
Биыл – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) негізгі мақсаты – мемлекеттің ұлттық саясатты жүзеге асыру, еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету, мемлекеттік және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылын арттыру, жалпыұлттық келісім мен бірлікті нығайту, экстремизмге қарсы күрес жүргізу, мемлекеттік тілді дамыту, сондай-ақ Қазақстан этностарының дәстүрлері мен мәдениетін сақтау.
Халқымыздың бірлігі мен ынтымағын сақтау және нығайту бағытында Мемлекет басшысы жанындағы кеңесші — консультативтік орган ретінде 1995 жылдың 1-ші наурызында ҚР Президенті Жарлығының негізінде құрылған және өзі төрағалық етуіндегі Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) бүгінгі таңда атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз.
ҚХА елде мәдениет аралық диалогты нығайтудың жаңа кезеңінің негізін қалап, этносаралық қатынастарды дамыту мәселелерін жоғары деңгейде шешуге мүмкіндік жасап отыр.Отыз жылдық тарихында ҚХА қарқынды дамып, елеулі өзгерістерді бастан кешірді. ҚХА-ның дамуы барысында елімізде әлемге үлгі боларлықтай этносаралық толеранттылық және бірлік пен ынтымақтың, татулық пен тұтастықтың және қоғамдық келісімнің қазақстандық үлгісі қалыптасты.Өткен кезеңде ҚХА-ның институционалдық құрылымы нығайып, қоғамды ұйыстырушы әлеуеті толысты,сөйтіп ол халықтық дипломатияның маңызды күретамырына айналды.
Бүгінде Ассамблея заңға сәйкес құқықтық негізі бар, заңды тұлға құрылмай, Қазақстан Республикасының Президентімен құрылатын, мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін мекеме.
2008 жылғы 20 қазанда ҚР «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңы қабылданды. Осы заң этносаралық қатынастар саласындағы негізгі принциптерді айқындай отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен оның құрылымдарының мәртебесін заң деңгейінде бекітті. Этносаралық қатынастар субъектілерінің жұмысының елімізде жүргізіліп келе жатқан саяси бағытпен үндесетін жаңа жүйесін қалыптастырды.
ҚХА-ның мақсаты — қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани- мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында бірлік пен ынтымақты, этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады.
ҚХА-ның негізгі міндеттері :
— этносаралық қатынастар саласында мемлекеттік органдармен және азаматтық қоғам институттарымен тиімді өзара іс-қимылды қамтамасыз ету, қоғамда этносаралық келісімді және толеранттықты одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау;
— халық бірлігі мен ынтымағын нығайту, қазақстандық қоғамның негіз қалаушы құндылықтары бойынша қоғамдық келісімді қолдау және дамыту;
қоғамдағы экстремизмнің және радикализмнің көріністері мен адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған әрекеттерге қарсы тұруда мемлекеттік органдарға жәрдемдесу;
— азаматтардың демократиялық нормаларға сүйенетін саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыру;
Ассамблеяның мақсаты мен міндеттеріне қол жеткізу үшін этномәдени және өзге де қоғамдық бірлестіктердің күш-жігерін біріктіруді қамтамасыз ету;
— Қазақстан халқының ұлттық мәдениетін, тілдері мен дәстүрлерін өркендету, сақтау және дамыту болып табылады
ҚХА-ның елдегі бірлік пен ынтымақты,этносаралық қатынастарды нығайту бағытындағы жұмысының жүзеге асуына Ассамблея жанындағы Медиация кеңестері өте маңызды ықпалын жасап келеді. Медиация,оның ішінде соңғы кездері дамып келе жатқан этномедиация жұмыстары Алматы, Жамбыл және Түркістан өңірлерінде жақсы деңгейде екендігін ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өткен жылдың маусым айындағы Атырау қаласында өткен Құрылтай отырысында оң бағасын берген болатын. ҚХА жанындағы Республикалық Медиация кеңесінің бастамасымен елімізде «Елдесу және татуласу», «Бейбітшілік пен келісім» жобалары кең көлемде жүргізіліп келеді. Осы жобалар аясында ҚХА жанындағы этномедиация орталықтары арқылы этносаралық жанжалдардың алдын алу және болдырмау, орын алған дау-дамайларды медиация тәртібі арқылы бейбіт жолмен шешу мақсатында бірқатар ауқымды іс-шаралар ұйымдастырылып, тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр.
Этномедиация — татулық пен келісім құралы екендігін айта келіп,,Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХА- ның «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» тақырыбындағы ХХХІІІ сессиясында елдегі этнос өкілдерін ұйыстырып, бірлікті бекемдей түсудегі ұлттық құндылықтарды дәріптеу, этномедиация институтын дамыту жайлы нақты тапсырмалар берді.
Еліміздегі бірлік пен ынтымақты,татулық пен тұрақтылықты,сыйластық пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған 2016 жылдың 14 қаңтарында ҚР Заңымен жарияланған ерекше мереке, ҚХА-ның құрылған күні,яғни 1 наурыз — Алғыс айту күні.
Өткен ғасырдың ортасында тағдырдың тәлкегімен елімізге қоныс аударған түрлі этнос өкілдерін қазақ халқы құшақ жая қарсы алып, ауыртпалық атаулыны бірге көтерді.Бұл күн — қиын-қыстау кезеңдерде қуаныш-қайғыны бөлісіп, пана бола білген дана қазақ халқына деген өзге этнос өкілдерінің алғыс айтатын күні.
Алғыс айту күні — бірлік пен татулық мерекесі, қилы тарихты басынан кешірген Қазақстан халқының бір-біріне деген ілтипатын білдіретін күн, бауырмалдық пен сыйластық күні.
Сондықтан мерекенің басты мақсаты — Қазақстан халқының бірлігі мен ынтымағын,татулығы мен достығын,,қоғамдық келісімі мен қайырымдылығын насихаттау.
Ұлттық құрылтайдың Атырау қаласында өткен кезекті ІІІ отырысында «Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс» атты тақырыпта сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз сөзінде біздің нақты құндылықтарымыз болмаса, еліміздің дамуы жолында тың серпіліс жасауымыз және көшбасшы елдер қатарына қосылуымыз неғайбыл екендігін айта келіп, ұлтымыздың жаңа келбетін айқындайтын мынадай негізгі құндылықтарды ерекше атап көрсетті:
1.Тәуелсіздік пен Отаншылдық;
2.Бірлік пен Ынтымақ;
3.Әділдік пен Жауапкершілік:
4.Заң және Тәртіп;
5.Еңбекқорлық пен Кәсіби біліктілік;
6.Жасампаздық пен Жаңашылдық.
«Ұлтымыз осы идеялық негіздерді басшылыққа алса, болжаусыз және қарқынды дамып келе жатқан ХХІ ғасырда лайықты орнын табады»,- деді Президент.
Құрметті достар!
Тыныштық пен бейбіт заман жер бетіндегі барлық елдің басына қонатын құс емес. Әлемде таңының тыныш атып,күнінің тыныш батқанын армандайтын талай адамзат баласы өмір сүріп жатыр.
Біздер,қазақстандықтар тыныш әрі бейбіт заманда өмір сүруге лайықтымыз және тиіспіз. Әрқайсымыз туған еліміз бен жерімізді сүйетін, салт- дәстүріміз бен өткен тарихымызды құрметтеп, мақтан тұтатын ұлтжанды азамат болуымыз керек.
«Бірлік болмай,тірлік болмас», «Бірлік түбі-береке»,»Алтау ала болса,ауыздағы кетеді,төртеу түгел болса төбедегі келеді» деп дана халқымыз қай кездерде болмасын елді бірлік пен ынтымаққа,тату болуға шақырып отырған.
Ұлы Абай атамыз да: «Біріңді қазақ,бірің дос,көрмесең істің бәрі бос» деп,бар қазақты ортақ құндылықтар жолында бірігуге шақырған жалынды сөздері бүгінгі күні де маңызы мен мәнін жоғалтқан жоқ.
Барлығыңызды Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесі мен «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің атынан келе жатқан 1 наурыз — Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы және Алғыс айту күні мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, ізгі ниетпен өздеріңіз бен отбасыларыңызға амандық, құт-береке мен ырыс, қуаныш пен шаттық, елімізге бейбітшілік пен қоғамдық келісім,тұрақтылық пен тыныштық және дамып өсу мен өркендеудің негізі — бірлік пен ынтымақ тілеймін.
Егемен еліміздің еңсесі мен Тәуелсіздігіміздің тұғыры биік болып, көк Туымыз көгілдір аспанда желбірей берсін!
Бақытжан БЕЙСЕМБАЕВ,
Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы, «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы және Түркістан облыстық Қоғамдық кеңес мүшесі