Төлеби ауданы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен, Кеңес әскерінің Ауған жерінен шығарылғанына 36 жыл толуына орай, Көксәйек ауыл округіндегі Жеңіс жалпы орта мектебінде 8-11 сынып оқушылары арасында “Біз жауынгер” жас сарбаз атты аудандық әскери-патриоттық сайысы өтті.
Жарыстың ашылуына Ауған соғысының ардагері Қахар Дауырбаев, аудандық “Жастар ресурстық орталығы” КММ-нің басшысы Беглан Мақұлбек қатысып, сарбаздарға сәттілік тілеп жылы лебіздерін білдірді.
Болашақ ел сарбаздарын жастайынан жауынгерлікке баулу, олардың бойына отаншылдық ерлік рухты қалыптастыру қазақстандықтардың ортақ парызы, тікелей міндеті болып саналады. Сайысқа ауданның 5 аймағынан 150-ге жуық жас қатысты. Бес ротаға бөлінген қатысушылар 7 кезең бойынша бақ сынап, жеңімпаздарға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді. Жарыс қорытындысы бойынша 1-орынды Бірінші Мамыр аймағы жеңіп алса, Қасқасу аймағы – екінші орыннан көрінсе, Көксәйек аймағы үшінші орын иегері атанды.
Сайыс соңы концерттік бағдарламаға жалғасып, оқушылар өз өнерлерін көрсетіп, естелікке суретке түсті.