«Балауса» үлгілі балалар би ансамблі – өнер мен шеберліктің ұштасқан үлгісі, облысымыздың мақтанышы. Өзінің әсем билерімен, кәсіби шеберлігімен және ұлттық мәдениетті дәріптеуімен туған жерінің абыройын асқақтатып келеді.

Тек сахнада ғана емес, халықтың жүрегінде де ерекше орын алып үлгерген би тобы 2000 жылы, Қазығұрт ауданында құрылған. Қазіргі таңда құрамында 120 жас биші бар. Топ жетекшісі Гүлнар Оразова жас таланттардың шеберлігін шыңдалуына мол үлесін қосып келеді.

Туған өлкенің өнерін тек елімізге ғана емес әлемге танытып жүрген «Балауса» би ансамблі 2024 жылы Түркияда өткен халықаралық «Istanbul autumn festival» сайысында жүлделі I орынды қанжығасына байлады. Сонымен қатар Бішкекте өткен халықаралық «АЛТЫН ЖЫЛДЫЗ» байқауында және Ташкент қаласында өткен «DARYNDY ZHULDYZDAR» халықаралық байқауында бас жүлдені иеленген. Республикалық «JAUQAZYN»,«ZHANA ZHULDYZ» байқауларында бас жүлде иеленді. 2020 жылы «ЖЫЛ БИ ҰЖЫМЫ» атанған.

Облыстық, республикалық, сонымен қатар халықаралық өнер додаларына қатысып, көптеген жетістікке жетіп жүр. Осындай қажырлы еңбек нәтижесінде Түркістан облысы әкімінің «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалімен, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық фестивалінде өнер көрсеткені үшін алғыс хатпен, облыс әкімінің алғыс хатымен т.б марапатталған.

Би арқылы мәдени мұраны жаңғыртып, рухани құндылықтарды дәріптеп келе жатқан би ұжымның жетістіктері – өлкенің абыройы! «Балауса» би ансамблі– өнерімен талайларды тамсандырған, облыстың даңқын асқақтатқан нағыз мақтаныш!