Бұл туралы бүгін Түркістан музыкалық драма театрында өткен баспасөз жиынында кеңінен баяндалды. Шығармашылық топ драманың таңдалу себебі мен қойылым желісі туралы талдап, көрермен тарапынан туындаған сұрақтарға жауап берді.

«Sheikh Sanaan. Fatum» спектаклі – парсы-тәжік классикалық әдебиетінің тамаша ақындары мен ойшылдарының бірі Фаридуддин Аттордың шығармасына негізделген. Драмалық қойылымның режиссері – Тәжікстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі, Орталық Азиядағы ең танымал театр режиссерлерінің бірі, драматург Барзу Абдураззоков.

– Бұл хикая – адамның сенім, махаббат және өзіндік ізденіс жолындағы күрделі тағдырының символы. «Sheikh Sanaan. Fatum» оқиғасы көрерменді рухани сұрақтарға жетелеп, өмір мен сенімнің шынайы мәнін іздеуге шақырады, – дейді қойылым режиссері.

Шейх Санаан – ұзақ жылдар бойы тақуалық жолында жүрген, мыңдаған шәкіртке ұстаз болған, ел басқарған ұлы шейх еді. Алайда бір күні өзге дін аруын кездестіріп, оған ессіз ғашық болады. Бұл сезім басты кейіпкерді жүрек пен сенімнің арпалысына алып келеді.

Махаббат адамды жоғалта ма, әлде оны жаңа әлемге аша ма? Бұл сұрақтың жауабы көрерменнің өз еншісінде.

Шейх Санаан рөлінде – Али Марат. Сонымен қатар мүридтер мен перизаттар рөлінде театрдың әртістері сомдайды.

Қойылымның көркемдік жетекшісі Мадина Мұратпекова, сценограф, костюм суретшісі Шухрат Абдумаликов, балетмейстер Дәулет Мұратпеков, жарық бойынша суретші Дәурен Самашов, грим бойынша суретші Адэль Нұрқасымова, хормейстер Ұлжан Болатханқызы, режиссер ассистенті Елдос Оспанов.

Айта кетейік, Ф.Аттор «Sheikh Sanaan. Fatum» драмасының премьерасы 21-22 ақпан күндері сағат 19:00-де сахналанады. Билеттер ticketon.kz сайтында және театр кассасында

(+ 7 707 145 17 17) сатылымда.