
Бүгін «Достық үйінде» Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өтті. Жиынға Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Зұппархан Чалданов модераторлық етті.
Күн тәртібіне сәйкес, жиында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы, Жеңістің 80 жылдығы, Мемлекет басшысының “Ана тілі” газетіне берген сұхбатын кеңінен насихаттау, 1 наурыз — Алғыс айту күніне дайындық барысы және 2025 жылдың 6 айлық жұмыс жоспары бекітілді.
Алдымен облыстың барлық аудан, қалаларынан келген кеңес мүшелері өткен жылы облыс орталығында пайдалануға берілген «Достық үйінің» тыныс-тіршілігімен танысты.
Жиын барысында Мемлекет басшысының “Ана тілі” газетіне берген сұхбаты бойынша Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігі төрағасының орынбасары Бахтияр Шамұратов жан-жақты түсіндіріп, сұхбатта айтылған басым бағыттар елдің бірлігін нығайтуға бағытталғанын айтып өтті. Сондай-ақ, Бірлестік төрағасының құқық мәселелері бойынша кеңесшісі Санабар Самиева аудан, қала төрағаларына Жарғыларынң аккредитациядан өткізу бойынша баяндап, мерзімі өткен Жарғыларды ауыстыру жайына тоқталды.
Сонымен қатар, жиында Түркістан қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Раймжан Қошқаровтың бастамасымен қолға алынған «Үлес» қайырымдылық қорының ізгі істері мен алдағы жоспарлары, басқа да қоғамдағы өзекті мәселелер кеңінен сөз болды. Атап айтсақ, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, тойларда ысырапшылдыққа жол бермеу, жас отбасылар арасында ажырасудың алдын алу және рухани құндылығымызға айналған салт-дәстүр мен әдет-ғұрыпты сақтау мәселесі талқыланды.
Кеңес мүшелері тарапынан айтылған ұсыныс-пікірлер ескеріліп, алдағы уақытта оны іске асыруда жұмыла жұмыс істеу керектігі айтылды. Сондай-ақ жиында сөз алған «Жанубий Қозоғистон» облыстық қоғамдық-саяси газетінің Директор-бас редакторы Райымжан Алибаев 34 жылдан бері оқырмандарымен қауышып келе жатқан облыстық басылымның елдің бірлігі мен ынтымағы жолында қызмет етіп келе жатқанын тілге тиек етіп, газет жанашырларына алғыстарын жеткізді. Райымжан Артықбайұлы өз сөзінде ел ынтымағын сақтау жолында этномәдени бірлестік өкілдерінің әлеуметтік желілерде белсенділікті жандандыру керектігіне назар аударды.
Келелі кеңесте Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баевтов сөз алып, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында атқарылатын жұмыстарды жоғары деңгейде өткізуге бірлесе күш салу керектігіне тоқталды.
Жиын соңында Түркістан облыстық өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Бахадир Ирсметов жиында айтылған ұсыныс-пікірлер міндетті түрде ескеріліп, ел игілігі жолындағы жұмыстар нәтижелі жалғасатынына сенім білдірді.
Басқосу одан әрі дастархан басында жалғасып, елдік пен бірлікті нығайту жолында дүниеден өткен азаматтардың рухына арналып, Құран бағышталды.