
Астана қаласында ҚР Ұлттық музейінде Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы шеңберінде «Қазақстандағы бірлік пен ынтымақтастық саясаты: тәжірибесі мен болашағы» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтті.
Аталған шара ҚХА, ҚР Ғылым және Жоғары білім министрлігі Ғылым комитетінің Мемлекет тарихы институты, ҚР Ұлттық музейінің ұйымдастыруымен өтті.
Конференция этносаралық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудағы ҚХА-ның 30 жылдық тәжірибесін талдау және талқылау, заманауи сын-қатерлер мен перспективаларды айқындау, сондай-ақ жаһандық өзгерістер жағдайындағы бірлік пен ынтымақтастықты дамытудың саяси бағыты бойынша ұсыныстарды әзірлеу мақсатында ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісінің орынбасары А.Щегорцова, ҚР Ғылым және Жоғары білім вице-министрі Д.Ахмед-Заки, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Н.Ниязова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Б.Керімбек, ҚР Мәдениет және ақпарат министрілігі Этносаралық қатынастарды даму комитетінің төрағасы Ғ.Шойкин, «Қоғамдық келісім» РММ директоры Э.Масагутова, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының директоры Н.Пұсырманов, Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасыныңбасшысы С.Есіркеп, Ұлттық Құрылтайдың, ҚХА Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшелері, қазақстандық және шетелдік (Т.Дронзина(Болгария), А.Вежбицки (Польша), Р.Усманов (Ресей), К.Сабиров (Өзбекстан) ғалым–сарапшылар, ҚХА қоғамдық құрылымдарының өкілдері қатысты.
Конференцияға қатысушылар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты ілгерілету және ағартушылық қызметті жандандыру бойынша ақпараттық-түсіндірме жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті.
Бұл орайда, жиында онлайн-режимде Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі, кәсіби медиатор Жұлдыз Өтегенова «Түркістан облысы: этносаралық қатынастарды дамыту тәжірбиесі мен перспективалары» тақырыбында мазмұнды баяндама жасады.
– Екі миллионнан астам тұрғыны бар Түркістан облысында 50-ден астам этнос өкілдері өмір сүреді. Яғни, өңір халқының 24 пайызын этностар құрайды. Олардың 92 пайызы қазақ тілін жетік меңгерген. Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ қолдауымен этносаралық қатынастарды жақсарту мақсатында ақпараттық-насихаттық топ ауыл тұрғындарымен кездесу, әр этностың діни және мәдени дәстүрін сақтау, этнос жастары білім алатын мектептер мен жоғары оқу орындарының студенттерінің қатысуымен тарихи танымдық сағаттар өткізу дәстүрге айналған. Өткен жылы облыста этнос өкілдерінің қатысуымен болған 74 құқықбұзушылықтың 42-сі бейбіт келісіммен шешіліп, ахуал дер кезінде тұрақталды. Өңірде этномедиация жұмысы белсенді дамып келеді. Бұл ретте, этномедиаторларды оқыту, кәсіби дайындау, мектеп медиациясын дамыту қолға алынуда. Сөзіміздің дәлелі ретінде өткен жылы Түркістан облысындағы медиация саласына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі оң баға бергенін айта кеткен жөн, — деді Ж.Өтегенова.
Келелі кеңесте ҚХА-ның 30 жылдық мерейлі жылында этносаралық қатынас құралы ретіндегі мемлекеттік тілдің рөлін арттыру, этномедиация тәжірибесін кеңінен енгізу және басқа елдермен тәжірибе алмасу үшін этносаясат саласы бойынша халықаралық ынтымақтастықты жалғастыру сияқты маңызды тезистер айтылды.
Конференция барысында Ассамблеяның 30 жылдық тарихына арналған көшпелі архивтік құжаттардың, кітаптардың, этностық газеттер мен журналдардың көрмесі ұйымдастырылды.