
Бүгін Түркістан қаласы Хамза атындағы жалпы орта мектебінің мәжіліс залында ҚР «Медиация туралы» Заңына — 14 жыл: «Ел арасындағы бірлік пен ынтымақты нығайтудағы медиацияның ықпалының пәрменділігі мен тиімділігі» тақырыбында аймақтық бірлескен жиын өтті.
Аталған іс-шара Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Түркістан, Кентау қалалық және Сауран аудандық өзбек мәдени бірлестіктерінің мүшелері мен қоғамдық және кәсіпқой медиаторлардың қатысуымен еркін форматта ұйымдастырылды.
Жиынға Түркістан қалалық өзбек мәдени бірлестігінің мүшесі, «Жанубий Қозоғистон» газетінің меншікті тілшісі Шамырза Мадалиев модераторлық етті.
Алқалы басқосуда спикер болған «Бітімгер» медиаторлардың қоғамдық бірлестігінің басшысы, Түркістан облыстық ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің төрағасы Бақытжан Бейсембаев қатысушыларға Мемлекет басшысы тарапынан елде бірлік пен ынтымақты нығайту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Осы ретте «Медиация туралы» Заңның ықпалы өте пәрменді әрі тиімді екендігін айтып, тараптар арасындағы түрлі құқықтық қатынастардан (оның ішінде этносаралық қатынастар да бар) туындайтын даулар мен жанжалдарды өзара бітімге және келісімге келіп, татуласу рәсімінің өте маңызды екендігін өзінің медиаторлық тәжірибесінде кездескен жайларды мысалға келтіре отырып, түсіндіріп өтті.
Келелі жиында сөйлеген Түркістан облысы «Ақсақалдар алқасы» қоғамдық бірлестігі төрағасының орынбасары Толқын Саидмурадов, Сауран аудандық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Құрбанбай Рысқұлбеков, Түркістан қалалық өзбек мәдени бірлестігінің төрағасы Райымжан Қошқаров, Сауран ауданы Қарашық ауылының ақсақалдар кеңесінің мүшесі Мырзахан Әдхамов, Сауран ауданы Ескі Иқан аулының ақсақалдвр кеңесінің төрағасы Бабажан Якубов, білім саласының ардагері Хусан Убайдуллаев, Сауран ауданы Жаңа Иқан ауылынан білім саласының ардагері Айниддин Аубакиров және басқалар күн тәртібіндегі мәселе өте өзекті екендігін атап өтті. Сондай-ақ ел арасында бірлік пен ынтымақ орнатуда медиацияның рөлі аса маңызды екендігін және оның күнделікті тұрмыста қолдану аясын кеңейту қажеттігін тілге тиек етті.
Жиын соңында қатысушы азаматтардан келіп түскен сұрақтарға Бақытжан Бейсембаев «Медиация туралы» Заңның талаптары аясында жауап берді.
Бірлікті бекемдеген жиынды қорытындылаған Шамырза Мадалиев спикерге және барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдық мерекесімен шын жүректен құттықтады.
Жиында еліміздің амандығы мен жұртымыздың тыныштығын тілеген қазыналы қариялар ақ ниетті баталарын берді.