
Түркістандағы «Достық үйінде» ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы журналистер және блогерлер қауымдастығының төрағасы Алишер Сатвалдиевтің қатысуымен кездесу өтті.
Жиынға Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Ерлан Күзембаев, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы өзбек этномәдени бірлестіктерінің төрағалары және белсенді мүшелері қатысты.
Келелі кеңесте Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай «Ассамблеяның өткені, бүгіні, болашағы» бағытында этносаралық келісім мен бейбітшілікті нығайтуда және еліміздегі бірлікті сақтау, атқарылған маңызды жұмыстар сараланды.
Сенат депутаты А.Сатвалдиев өз сөзінде мемлекетіміздің Заң шығару палатасының 2024 жылда атқарған жұмыстары, алда тұрған міндеттері бойынша мәлімет берді. Сондай-ақ мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша тұрғындар арасында түсіндіру-насихаттау жұмыстарын бірге атқаруда қоғамдық бірлестіктердің орны ерекше екендігін атап өтті. Бұл орайда, 2024 жылғы төтенше жағдай кезінде Ассамблея және Түркістан облысы тұрғындары тарапынан жолданған көмектерге жоғары баға беріп, алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Алишер Гапиржанұлы Түркістан облысы өзбек этномәдени бірлестігінің 2024 жылда «Мәдениет, тілдер және ұлттық дәстүрлер» бағытында өткізген іс-шаралары ең алдымен – ел бірлігі, жастар тәрбиесі және этносаралық достық мәселелерін насихаттау екендігін тілге тиек етіп, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру үшін нақты жұмыстар атқарылғанын айтты. Осы ретте бірлестік кеңесінің жиналыстарында ұсынылған мәселелер бойынша Ассамблея хатшылығына және Үкіметтің тиісті министрліктеріне ұсыныстар берілгенін мәлімдеді.
Жиында сөз алған «Түркістан облысы өзбек этномәдени қоғамдық бірлестігі» төрағасының орынбасары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы З.Чалдонов бірлестіктің атқарған жұмыстары бойынша баяндады. Ол өз сөзінде А.Сатвалдиевтың атқарып жатқан жұмыстарына бірлестік мүшелері және ақсақалдары атынан алғысын жеткізді.
Кездесу барысында Сайрам ауданы этномәдени бірлестігі Ақсақалдар кеңесінің төрағасы А.Бегжанов Манкент ауылындағы мектеп-интернаттың жаңа ғимаратының құрылысы туралы, «Әйелдер кеңесі» төрайымы М.Ибрагимова Түркістан қаласында туризм саласын дамыту туралы, кеңес мүшесі, Сайрам аудандық мәслихатының депутаты Д.Анартаев тарапынан Қарабұлақ ауылындағы №41 «Жамбыл» ЖББМ-ң жаңа ғимараты құрылысына республикалық бюджеттен қаржы қарастыру туралы және Кентау қаласы «Ардагерлер кеңесі» төрағасының орынбасары М. Юлдашов Қарнақ ауылында табиғи газ жүйелерінің құрылысы бойынша, төраға орынбасары Б.Шамуратов отбасылық құндылықтарды қолға алу мәселелері туралы ұсыныстар айтты.
Бұл ретте, А.Сатвалдиев тарапынан барлық ұсыныс, сұрақтарға тұшымды жауап берілді.