
Бүгін Түркістан қаласына белгілі этнограф, ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің мүшесі, тарих ғылымдарының докторы, профессор Жамбыл Артықбаев іссапармен келді.
Сапар аясында Жамбыл Омарұлы «Достық үйінде» Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ғылыми-сарапшылық топтың отырысына қатысты.
Алқалы басқосуда этносаралық татулықты сақтау, қоғамдық келісімді нығайту, ел бірлігін бекемдеуге негізделген ғылыми зерттеулер бағытында келелі ойлар айтылып, Ғылыми-сарапшылық топ жұмысының алдағы мақсат-міндеттері талқыланды.
Келелі кеңеске облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Нұрсұлтан Сейтжанов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева, сондай-ақ облыстық ҚХА жанындағы Ғылыми-сарапшылық топ мүшелері, ғалымдар, сарапшылар, ҚХА құрылымдарының басшылары қатысты.
Жиында белгілі тарихшы Жамбыл Артықбаев «Ұлттық бірлікті нығайту үшін қабылданған ғылыми ұсыныстар мен тәжірибелер» тақырыбында байыпты баяндама жасады.
«Тату ел ғана қарыштап дами алады. Ымырасы жоқ, татулығы жоқ елдің болашағы да жоқ. Еліміздегі рухани келісім мен бейбітшілік іргетасын қалаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл наурыз айында 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде Ассамблея еліміздегі әртүрлі этнос өкілдерінің өзара түсіністік пен сыйластықта өмір сүруі үшін белсенді жұмыс атқарды. Түркістан облысы да осы Ассамблеяның маңызды бөлігін құрайды және өз тарихында әртүрлі этностардың мәдениеттерін бір арнада тоғыстырып, еліміздің бірлігіне қосқан үлесі зор. Осы саладағы жетістіктерді еселеу үшін ғылыми-сараптамалық қолдаудың маңызы жоғары. Бұл бағытта сарапшылар мен ғалымдардың пікірлері өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, ұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған шараларды жетілдіруге мүмкіндік береді», – деді Ж.Артықбаев.
Сондай-ақ ғалым еліміздің рухани астанасы – Түркістан қаласының көне тарихы жөнінде салмақты ой, салиқалы пікір айтты.
«Жалпы, тарихта біз үнемі даланың халқы болған жоқпыз. Бір жағымыз көшпелі, бір жағымыз отырықшы мәдениетке байландық. Бір ғана Түркістанның маңайында 32 шағын қалашық болған. Кезінде бұларды «Қырық қақпалы қалашық» деп атаған. Осы өңірде урбандалудың шығыстық қазақи үлгісі көрініс тапты. Ол жерде кәдімгідей көрші болып өмір сүру тәртібі сақталған еді. Көршілік қауым қазақ қоғамына, әсіресе, қалалықтарға қазіргі күні өте қажет.
Түркістанның тарихы сонау неолит, энеолит дәуіріне дейін барады. Неге дейсіз ғой? Түркістан аймағында қызмет атқарған археологтар бұл өңірдің тарихы тереңде жатқанын дәлелдеген. Басқасын айтпағанда, қазақ жеріндегі ерте тас дәуірінің тұрақтары Қаратаудың екі жағында да аз емес екенін дәлелдеген Х.Алпысбаевты атасақ та болады.
Түркістан тек қана Қазақстан жерінде ғана емес, жалпы Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Менің қолымда бар деректерге және орыс зерттеуші ғалымдары, шығыс ғұлама ғалымдарының деректеріне сүйенер болсақ, Бұхара, Самарқан, Ташкент сынды қалалар пайда болмай тұрып, Түркістан болған. Енді Түркістанның ең көне құрылысы, ең көне орны – Яссытөбеге келетін болсақ, бұл төбе Әзірет Сұлтан күмбезінен 200 қадам жерде тұр. Қазіргі заманда Күлтөбе деп аталады. Ерте уақытта Яссытөбе деп аталған. Яссы – сонау көне арийлер заманынан қалған атау. Яғни, түріктерге, Тұран дәуіріне дейін арийлер дәуірі болғанда қала сол Яссыдан басталды дейді», — деді ғалым.
Сондай-ақ Жамбыл Омарұлы «Достық үйін» аралап көрді. Осы орайда, аталған ғимараттағы медиа студияда “БАУЫРЛАС-ПОДКАСТ” хабарының алғашқы түсірілімі өтті. Тұсаукесер хабардың құтты қонақтары – тарихшы-ғалым, этнограф Жамбыл Артықбаев, қазақ журналистикасының ақсақал ардагері, ұстаз-ғалым Сейдулла Садықов және «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Эльмира Жанғазиева сұхбат берді.
Сұхбат барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы аясында өңірде өткізілетін іс-шараларға дайындық барысы және этносаралық келісім мен татулықты сақтау жайлы мазмұнды әңгіме өрбіді.