Биыл ғалым, түркітанушы, филология ғылымдарының докторы, професссор Бейсенбай Кенжебаевтың туғанына 120 жыл толып отыр. 

Кенжебаев Бейсембай (1904-1987) -Оңтүстік Қазақстан облысы Ордабасы ауданы Бөген ауылында туған. И.Сталин атындағы Мәскеудегі Шығыс еңбекшілері коммунистік университетін, М.Горкий атындағы Әдебиет институтын, Қазақ мемлекеттік университетін (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) бітірген. Ғалым, түркітанушы, әдеби сыншы, аудармашы, филология ғылымдарының докторы, профессор.

«Жас қайрат», «Лениншіл жас» («Жас алаш»), «Кеңес туы», «Оңтүстік Қазақстан», «Социалистік Қазақстан» («Егемен Қазақстан») газеттерінде, тағы басқа газет — журналдарда бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, редактор, «КСРО Жоғары Кеңесінің Ведомостволарында» аудармашы қызметтерін атқарған. 1941-1944 жылдары — Қазақстан мемлекеттік біріккен баспасының бас редакторы, 1961 жылдан Қазақ мемлекеттік университетінің (Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті) аға оқытушысы, филология факультетінің деканы, қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі, 1975-1987 жылдары профессоры, кеңесші-профессоры қызметтерін атқарған.

Бейсенбай Кенжебаев — қазақ әдебиетінің мәселелеріне, қазақ баспасөзінің тарихына арналған іргелі еңбектердің, Абай Құнанбаевтің, С.Торайғыров, Ж.Жабаев, М.Сералин, М.Әуезов, С.Шәріповтердің өмірі мен шығармалары туралы зерттеулердің авторы. Жоғары оқу орындары студенттеріне арналған «ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиеті оқулығын, «Ертедегі қазақ әдебиеті хрестоматиясын жариялады. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинау, жүйелеу, зерттеумен айналысты. Кеңестік кезеңде коммунистік идеологияға орай ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихын Бұхар жыраудан басталады деген жансақ пікірді теріске шығарып, оның Орхон-Енисей жазбаларынан басталатындығын ғылыми тұрғыдан дәлелдеген. Осы тақырыпта «Көне әдебиет туралы» (1969), «Қазақ әдебиетінің мәселелері» (1973) атты еңбектерін жазған. «Қазақ әдебиеті тарихы» (1948) кітабының фольклорға қатысты тарауларын жазып, «Жамбыл Жабаев — қазақ халқының жыршысы» (1955), «Біржан мен Сараның айтысқаны»(1955) тағы басқа зерттеулерін жариялаған. «Тымпи» (1943,1981), «Көңіл ашар» (1971) сатиралық фольклор мұраларын бастырды.

Бейсенбай Кенжебаев — көркем проза және аударма саласында да көп еңбек еткен. 1928 жылы «Асау жүрек» әңгімелер жинағы жарық көрген. А.Пушкиннің шығармаларының қазақша библиографиялық көрсеткішін жасаған. Көптеген орыс және шетел жазушы-ақындарының шығармаларын қазақ тіліне тәржімалаған.

Ленин орденімен және бірнеше медальдармен марапатталған. Бейсенбай Кенжебаев әдебиет сүйер қауым үшін ғана емес, күллі қазақ үшін аты етене таныс, өмірін қазақ әдебиетінің тарихын зерттеуге арнаған көрнекті ғалым. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» дейді дана халқымыз. Әдебиет зерттеушісінің өзі кетсе де, артында мол мұрасы қалды. Ізін жалғастырушы мықты шәкірттері қалды. Бейсенбай Кенжебаевтың шәкіртімін деп мақтана айтатын ғалымның бірі – Құлбек Ергөбек

Бейсенбай Кенжебаев балалық шағында жетім өскен байларға жалданып жалдамалы жұмысшы, малшы болған адам. Ғани Мұратбаев оны Ташкенттегі №4 жетім балалар үйіне орналастырған. Жоқшылық көріп жетілген жігіт 1927 жылы Мәскеуде Еңбекшілер институтын бітірді. Содан кейін бүгінгі «Жас алаш» кешегі «Жас қайрат» газетіне редакторы ретінде жіберген. Сосын «Лениншіл жаста» қызмет етті, «Еңбекші қазақта» бөлім басқарды, Солтүстік Қазақстанда облыстық «Кеңес туы» газетінің негізін қалады. 1932 жылы Оңтүстікке келіп, «Оңтүстік Қазақстан» газетінің негізін қалады. Бұл газет оңтүстік өлкенің тілі еді. Ол кезде Оңтүстік өлке дегеніміз Жамбыл, Шымкент, Қызылорда облыстары болатын. 30-жылдары «Еңбекші қазақта» істеп, одан кейін Мәскеуге кетті. 1941 жылы Алматыға қайтып келіп, Қазақстан біріккен мемлекеттік баспасына бас редактор болды. Ғылым академиясының қазақ филиалының Тіл және әдебиет секторының меңгерушісі қызметін қоса атқарды. Жоғарыдан келген «Мұхтар Әуезовтың кітаптарын шығармаңдар» деген бұйрыққа қарамастан, романдары жарық көрді. Кенжебаев содан кейін қуғын көріп, 1944 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ауысып, қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі болды. Өз өмірін қазақ xалқына қызмет етуге арнаған Бейсенбай Кенжебаевтың қазақ әдебиетінде санамалап айта берсек ерліктері өте мол. Ол қазақ әдебиеттану ғылымының көрнекті өкілі болып өтті. Ахмет Байтұрсынұлы қазақ әдебиеттану ғылымын қалыптастырып, 1925 жылдары Ташкентте жүріп, Түркістан Республикасына еңбек ете жүріп жазған «Әдебиет танытқышы» қазақ әдебиеттану ғылымының басы болып саналады. Қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салушы Ахмет Байтұрсынұлы болса, Байтұрсынұлынан кейін әдебиет тариxын зерттеу мектебін қалыптастырған адам осы – Бейсембай Кенжебаев. Оның ХХ ғасырдағы ағартушылық демократтық бағыттағы әдебиетті зерттеуге келуімен байланысты. Ол 1958 жылы «ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократ жазушылары» деген монографиясы қазақ әдебиеттану ғылымында үлкен серпіліс, үлкен құбылыс жасады.

60-жылдарға дейін қазақ әдебиетінің тариxы XVIII ғасырдағы Бұқар жыраудан басталады. Ал Бейсембай Кенжебаев 1932 жылы Cәкен Cейфуллиннің «Қазақ әдебиеті билер дәуірі» деп аталатын кітапқа жазған рецензиясынан бастап қазақ әдебиетінің тариxын, онда да жазба әдебиетінің тариxын ұдайы ілгерілеткен. Бейсембай Кенжебаев алдымен қазақ xандығы дәуіріндегі әдебиетті 1941 жылдан бастап көтеріп, қазақ әдебиеті тариxын ілгерілетті деуге болады. Былай ойлап қарасам, Мұxтар Мағауин, Камал Мәмбетовтер XV-XVIII ғасырдағы еңбектерінің тариxқа енуі қазақтың ғана емес түркі xалықтарының ортақ дүниенің болуы Бейсембай Кенжебаевтың арқасында еді. Одан кейін ары қарай ілгерілеп, Алтын орда дәуірі әдебиетін зерттеген Алма Құралбаева деген шәкіртін баулыды.

Түрік қағанатының азаматтық тариxын жан жақты зерттеп жазған Лев Гумилев бірнеше рет түрмеге де отырып шығады. Бірақ оның түрік қағанаты жайлы концепциясы түркі ғалымдарының ғалымдары үшін үлкен қазына болды. Әр ұлттан тариxшылар шығып сонау түркі қанатына дейінгі өзінің азаматтық тариxын зерттеп алды деуге болады. Ал соны әдебиет тариxына бейімдеп зерттеген тағы да – Бейсембай Кенжебаев. Ол Орxон-Енисей, руына жазбалары қазақ жазба әдебиетінің басы саналатын болса, оны алғаш рет әдебиет тариxында қалыптастырып, Мырзатай Жолдасбековтей шәкірт баулыды.

Бейсембай Кенжебаев адам ретінде мейірбан адам болды. Өзінің шәкірттерін бауырында өскем балаларынан артық көрмесе кем көрмеді. Раxманқұл Бердібай, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Баянғали Әлімжанов, Рымғали Нұрғали, Мұxтар Мағауин, Мырзатай Жолдасбеков, Алма Құралбаева, Зейнолла Бейсенғали және мен сияқты шәкірттері һәм баласымыз. Ол кісіден көрген жақсылығымыз, әдеби қамқорлығымыз, мол қайырым бізді Бейсембай Кенжебаевтың шәкіртіміз деп қана емес, оның ұлымыз, біздің әкеміз һәм руxани жол бастаушымыз деп айтуға міндеттейді.

Бейсенбай Кенжебаевтың шәкіртімін деп мақтана айтатын ғалымның бірі – Құлбек Ергөбек. Құлбек Ергөбек ұстазы туралы бір сұхбатында:

Мен 1970 жылы әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің филология факультеті Қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығына оқуға түстім. Университетте студенттердің ғылыми қоғамы деген болатын. Соған тыңдаушы ретінде қатысып бастадым, төртінші, бесінші курстың студенттері баяндама жасады. Соңында түсінгенімді айтып, түсінбегеніме сауал қойған болуым керек, менің сөйлегенім Бейсенбай Кенжебаевқа ұнапты. Содан мені кафедраға шақыртты. Менің шет тілі ретінде араб тілін оқитыным оны тіпті қызықтырды. Ол қазақ тілі әдебиеті кафедрасының меңгерушісі ғана емес, жалпы қазақ тілі әдебиеті тариxына жауапты, қазақ тілі әдебиеті тариxына түп тамырымен жауапты ұлы түркітанушы еді. Сол күннен бастап ол кісі маған айқап журналын аманаттап тапсырды. Жаз айларында кітапxанадан шықпайтынмын, қазіргі Ұлттық кітапxананың сирек жазбалар қоры болды, ол құпия бөлім деп аталатын. Ол бөлімді басқаратын тарихшы Мұсатай Ақынжановтың қызы Сәуле апайымыз болатын. Кенжебаев мені арнайы алып барып Сәуле Мұсатайқызына тапсырды. «Зерек бала, сирек қорды көрсетіп тұр, сыр айшпайды» деді. Мені Сәуле апайға таныстырып, табыстап жүргені – Мағжан Жұмбаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлиxан Бөкейxанов, Міржақып Дулатов, Аxмет Байтұрсыновтардың сақталып қалған, шын мәнінде қолданыстан алынып тасталған еңбектерін ептеп, осы балаға оқытып жүр деген сөзі екен. Өзі Сәуле апайдың әкесі Мұсатай Ақынжановпен дос, ғылымдағы көзқарастары үйлеседі екен. Мұсатай Ақынжанов қазақтың азаматтық тариxын сонау ру тайпалық кезеңдерден бастап жазып, оның диссертациясын Мәскеу қорғатпай тастаған екен. Ал Бейсембай Кенжебаев болса әдебиеттің тариxын осылай ру тайпалық кезеңдерден бастап жүрген адам.

Сол Сәуле апай мені Алаш орданың асыл мұраларымен таныстырды. Мен екінші курсқа келгенде қолымда он бет жазылған мақала болды. Ол «Айқапта» жарияланған Мұxамеджан Сералиевтің мақалалары туралы еді. Сосын Бейсембай Кенжебаев баспасөзге айтып оны жариялатты. Менің ғылымдағы жолым міне, осылай басталды.
Мен 1975 жылы бітірдім. Бітіретін кезде Тұрсынбек Кәкішев маған диплом жұмысының тақырыбы ретіңде жетпіс жасқа толып жатқан Бейсембай Кенжебаевтың шығармашылық жолын дипломдық жұмыс етіп бекітіп берді. Өзі жетекші болды, бұл да менің Бейсембай Кенжебаевқа бауыр басып, сол кісіні руxани жолбасшымыз ретінде мойындауыма, шығармашылық байланыста болуыма ықпал етті. Бұл уақытта өзі ауруханада жатыр еді, диплом тақырыбымды айта барғанымда, аздап ренжіді. «Сен «Айқап» журналын алсаң дұрыс болар еді. Болмаса, әдебиеттің тариxына байырғы тариxына руына жазуларын бар барсаң жақсы болар еді. Өйткені қазақ әдебиетінің тариxы көп дүниесі арабша жазылған. Мен кішкентай ғана әдебиетшімін, ал әдебиетіміздің алыс тариxы жасалмай жатыр ғой. Сен сияқты қабілетті балалар әдебиеттің түп тариxына барса деп едім, бұл болмады ғой» деп маған кішкене ренжіді. Тұрсынбек Кәкішев Бейсембай Кенжебаевтың жетпіс жылдығын ескеріп, өзінің ұстазына сый жасағысы келген болуы мүмкін. Тақырыбым осылай бекітілді. Ғалым өзі ғылымда да, өмірде де өте қарапайым адам еді. Ол кісінің өмірі толы күрес. Ал ғылымы сол ащы күрескен туған тәтті жеміс секілді. Былайша айтқанда, ғұмыры – азап, ғылымы – ләззат ғалым еді.

1980 жылы Бисекеңнің жары Меңжамал анамыз қайтыс болды. Содан кейін Бейсембай Кенжебаев жалғыз қалған соң, маған да, басқа шәкірттеріне де «бірге тұрып, қолғабыс жасауға» шақырып жүрді. Оған мен де, басқалар да көне қоймадық. Шындығында, ешқайсымыздың ондай тәуекелге баруға батылымыз бармады. Өйткені, Бейсембай Кенжебаев Алаштың көзін көрген, қазақ әдебиетінде өзінің мектебі бар ұлы ғалым болатын. Ал ұлы адамды қағып ау ұлы адамды қарау оңай шаруа емес, көңіліне кірбің түсіріп алсақ деп біз көнбеген болатынбыз. Бірақ Қазақ әдебиеті кафедрасына Тұрсынбек Кәкішевке, журналистика факультетінің деканы, өзінің шәкірті Темірбек Қожакеев те айтып жүріп, қысқасы мені әйелім екеумізді қолында тұруға келістірді. Сол 1980 жылдан 1987 жылға дейін бейсембай Кенжебаев иманды әке болса, біз ибалы бала мен келін болдық. Сөйтіп Бейсембай Кенжебаевты да 1987 жылы 14 маусым күні ақырғы сапарына шығарып салдық. Ол кезде мен «Егемен Қазақстан» газетінде жұмыс істейтінмін. Егер Бейсембай Кенжебаевқа балауса кезімде кезікпесем, ол кісіге шәкірт болмасам, ол мені тауып алып ғылымға баулымаса, мен ғылымға келер ме едім, келмес пе едім… -деп ұстазын еске алады.

Жалпы әдебиеттану ғылымы, оның бағалануы өте кемшін. Мәселен, Аxмет Байтұрсынов атылып кеткен, оның «Әдебиет танытқыш» еңбегі зынданға тасталған. Еңбектері қолданыстан алынып, өртелген дегендей. Бұл мәселе тәуелсіздікке дейін, тәуелсіздіктен кейін де біршама уақыт айтылған жоқ. Әлі күнге өз дәрежесінде насиxаттала алған жоқ деп ойлаймын. Сол секілді Аxмет Байтұрсынов дан кейінгі қазақ әдебиеті тариxында тариxи мектебі Бейсембай Кенжебаевтың бағалануы да көңіл көншітпейді. Бауыржан Момышұлының «Мені жұрт батыр дейді, халық құрметіне рақмет! Бірақ мен әдебиет майданының бір батырын білемін, мақтаныш тұтамын – ол филология ғылымының докторы, профессор Бейсембай Кенжебаев ағам. Ұлт әдебиеті тарихын сан ғасырға ілгерілеткеннен артық қандай батырлық керек?!» деген сөзі бар. Бейсембай Кенжебаевтың концепциясы уақытылы бағаланбаған, оның еңбегі өзіне пайда болудың орнына, залал болып тиген. Ол Ғылым академиясының мүшелігінен құлатылды, Мемлекеттік сыйлықтан құлатылды.

Дегенмен, аздап болса да жұмыс жүріп жатыр. Мәселен, Бейсембай Кенжебаев туралыҚұлбек Ергөбектің ғұмырнамалық және монографиялық екі еңбегі шықты, үш адам әдеби мұрасынан кандидаттық диссертация қорғады. «Қазақ әдебиеті тариxын сан ғасырларға ілгерілеткен Бейсембай Кенжебаев бүгінгі тәуелсіз заманның тәуелсіз ұрпақ тарапынан бағалануы тиіс болатын. Бүгін қандай құрмет көрсетсең де лайық» деп жазған еді Әбіш Кекілбаев. Соған қарамастан Бейсембай Кенжебаевқа назар аудару әлі де төмендеу.

2019 жылы өзінің 90 жылдығын қарсы алған Павлодар облыстық «Сарыарқа самалы» («Қызыл ту») газетінің тарихында есімі айрықша құрметпен аталатын бірден-бір тұлға – Бейсенбай Кенжебаев. Ол 1929 жылы 15 ақпанда алғашқы нөмірі жарыққа шыққан округтік газеттің тұңғыш редакторы болып бекітілді. Оңтүстік Қазақстан өңірінің тумасы әуелде Павлодар жеріне партия комитетінің жолдамасы және тапсырмасымен келгені анық. Ол өзіне жүктелген жауапкершілікті аз уақытта ойдағыдай атқарып шықты. Округтік «Кеңес туы» газетін аяғынан тұрғызып кетті. Бүгінде аталған басылым облыстық газет мәртебесін алған. Бұл редакциядан қазақ халқына белгілі бірталай ақын-жазушы қанат қағып шықты.

Қазіргі «Сарыарқа самалы» («Saryarqa samaly») газетінің атасы – «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы Бейсенбай Кенжебаев Павлодар өңіріне қызметке келгенде 25 жаста екен. Бұл туралы Павлодар облыстық мемлекеттік архивінен газеттің 90 жыл­дығына орай арнайы сұрастырып ізде­генде біршама дерек шықты.

Солардың бірі – 1929 жылғы 8 қаң­­тарда берілген 2031-нөмірлі Бүкіл­одақ-­
тық коммунистік партиясы Қазақ өлкелік комитетінің газет жұмысына жіберу туралы іссапар куәлігінің көшірмесі. Айтпақшы, округтік партия комитеті 1929 жылы 3 қаңтардағы, жаңа жылдағы қызметін газеттердің редакциясын жа­сақтау, типографиясын ұйымдастыру ту­ралы мәселелерді қараудан бастапты. Яғни халық ағарту ісінің маңызды кезеңі жүр­гізіліп жатқан сәтте Б.Кенжебаев біздің өңірге жолдамамен жіберілген болып шығады.

1929 жылғы 28 наурызда партияның Павлодар округтік комитетінің есеп бөлімі коммунистік курстық оқулардан өткен, жеке парақшалары толтырылған қызметкерлердің тізімін жариялайды. Онда Б.Кенжебаев Москвада КУТВ-да 3 жыл оқыған, Павлодарда «Кеңес туы» газетінде редактор болып қызмет етеді деп жазылған.

Міне, қолымызда газет қызметкер­лерін есепке алуға арналған анкета көшірмесі. Толтырушы – Бейсенбай Кенжебаев. Өзінің қолымен жазыл­ғандай, «лауазымы – газеттің жауапты редакторы, жұмысқа кіріскен күні 20.01.1929 жыл. Коммунистік партия мүшесі, 1904 жылы туған, ұлты қазақ». Осы құжатта Сталин атындағы К.У.Т.В. оқу орнында 3 жыл оқып, 1925 жылы аяқтап шыққаны көрсетілген. Баспасөз саласындағы тәжірибесін де анықтап жазған: «1925 жылдан бастап 1929 жылға дейін Қызылорда облысында «Жас қайрат» атты газеттің және «Ле­нин­шіл жас» журналында жауапты редак­тор орынбасары,«Еңбекші қазақ» газетінде партия бөлімінің меңгерушісі қыз­меттерін атқарған». Анкетаның «басқа салалардағы тәжірибелік еңбек өтілі» деген бөлімінде былай деп жазылған: «1916-1919 жылдар аралығында Түркіс­танда жеке байдың қолында (батрак) жалданып, 1919 жылы Ташкентте жеке­меншік мақта шаруашылығында жұмыс істеген. Кейін 1921 жылы совпартшко­лада курсант, сол жылдың аяғынан бас­тап Сталин атындағы КомВуз бөлім­ше­сі­нің студенті болған. 1922-1925 жылдар аралығында 3 жыл бойы Москвада «Сталин» КомВузында студент болып оқыған».

Анкетадағы мәліметтер қолмен жа­зылған, оны Б.Кенжебаев өзі толтырған болуы да мүмкін. Құжаттың соңғы бөлімінде қызметкерге баға берілген. Баспа машинкасымен терілген жазбада былай деп жазылған: «Кенжибаев Бейсенбай в ВКП (б) с 1927 года. Казак, служащий, общее образование незаконченное среднее. Окончил коммунистический университет имени Сталина. С 1925 года работает на газетной работе в качестве заместителя и ответ.редактора газеты. В Павлодарской организации работает с января отвественным редактором газеты «Кенес туы» с работой справляется, в общественно-политически вопросах ориентирутся вполне. В силу неумения сочетать теоретической подготовки с практикой – в период проведения хозяйственно-политической кампании было допущено к отпечатыванию ряд статей носящий явно правый оппортунистический характер. Работать отвественным редактором может только при помощи редколлегии и руководства парткомитета».

Бұл тарихи құжаттардан аңғараты­нымыз, Кеңес өкіметі кезінде баспасөз атаулы партия комитетінің қатаң қадаға­лауында болғаны. Жауапты редактор ретінде қызмет ете тұра Бейсенбай Кен­же­баев сырттан қырағы көздердің бақы­­лауында болды. Оның нақты қан­дай бір­неше «сәйкес келмейтін» мақала­ларды жариялағаны бізге белгісіз. Жалпы, «Сарыарқа самалы» редакциясы 90 жылдығына орай мемлекеттік архивтен құжат көшірмелеріне сұрау салғанда, бірнеше басшы қызметкерлердің анке­та­лары, т.б. анықтамалары табыл­ды. Олардың барлығы осындай ерекше «мінездемемен» аяқталған, әйтеуір сақталған. Басшылардың партия коми­тетінде есепке тұруы олардың құжаты кейін архивте бөлек мәртебемен сақта­луына себеп болған секілді.

Біздің білетініміз – Бейсенбай Кенже­баев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетінің тұңғыш редакторы болып 1929 жылдың 20 қаңтарынан бастап 1930 жылға дейін қызмет етті. Одан кейін газет басшылығына Солтүстік Қазақстан облысының тумасы, қазақ әдебиетінің аға буын санатындағы көрнекті өкілі, ақын Ғалым Малдыбаев редактор болып тағайындалды. Ол осы қызметті 1933 жылға дейін атқарды. Айтпақшы, газет 1930 жылдан бастап атауын заман талабына қарай «Колхоз» деп өзгерткен болатын. Ғ.Малдыбаев Бейсенбай Кенже­баев бастаған игі істі одан әрі жал­ғастырды.

Өкінішке қарай, Бейсенбай Кенже­баевтың редакторлық жұмысы туралы мәліметтер аздау. Бұған бір себеп Павлодар өңіріндегі аз уақыттық қызметі майталман ғалым, қазақ әдебиетінің білгірі Бейсенбай Кенжебаевтың бай ғұмырбаянының бір үзік кезеңі ғана болғанынан шығар. Десе де, оның Ер­тіс-Баян өңірінде қызмет еткені туралы дерек – жергілікті жұртшылық, баспасөз өкілдері үшін ерекше маңызды. Сондықтан әр уақытта айтылған, жаңа­дан қол жеткен там-тұм деректердің өзін жи­нақтап, басын қосып, оқырманға ұқсатып жеткізу – бүгінгі парызымыз.

Б.Кенжебаев туралы тұшымды есте­лік қалдырғандардың бірі ғана емес, бірегейі – Павлодар мемлекеттік педаго­гикалық институтының (қазіргі университет) қазақ тілі және әдебиеті кафед­расының меңгерушісі болған профессор Ермек Өтебаев. Ол өзінің «Тұңғыш редактор туралы сыр» атты мақаласында былай деп еске алады (1999 жылы жа­зылған):

«Өмір маған қырық жылдан астам уақыт ғалым, ұстаз, журналист Бейсен­бай Кенжебаевпен көңілдес дос, пікірлес жолдас болуды сыйлады. Алғаш кездес­кенде-ақ жылы жүзді, кішіпейіл ол қатты ұнады. Бір әттеген-айы ұзақ мезгіл ішін бермейтін, ақтарылып төгілмейтін, сыпайы сөйлесіп, сипай салды қалып танытатын. Адамды бойына тартып, үйіріп әкетер шапшаңдығы тағы жоқ-ты. Жүре келе, жиі араласа шым-шымдап сыр тартып, өзіңді өзгеше құмарлықпен зерттей бастайтын.

Бейсенбай Кенжебаев 1904 жылғы 4 қазанда қазіргі Оңтүстік Қазақстан облысының Бөген деген жерінде кедей шаңырақта туған. Анадан үш жасында жетім қалған.

Бейсекең Павлодарда қызмет істеген жылдарын өмірінің сәтті кездері деп санады. Десе де, «Кеңес туын» кереметтей қиындықпен шығарды. Ол кезде полиграфиялық база дейтін болмайтын. Авторлар да жоқтың қасы еді. Газет жадығаттарының басым көпшілігін ре­дак­ция қызметкерлері Сағымбай Шаш­кин, Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епма­ғамбетов, Зікірия Абдуллин, Сұл­тан Лепесов, Ғалым Малдыбаев және басқа да азды-көпті сауатты, қаламының же­лі барлар даярлайтын. Әрине, олар да же­тілген журналистер емес-ті. Жол қаты­насы қиыншылығы мен көліктің тап­шылығына қарамастан, газетшілер округтің ең алыс түкпірлеріне дейін барып, ауыл тынысын, еңбекші бұқараның жай-күйін, мәдени-ағарту жұмысын жазатын.

Бейсекең «Кеңес туында» редактор болып істеген жылдар еліміздің тари­хындағы ауыр кезең болатын. Ауқат­тылар мен зиялылар бай-кулак ата­нып, жер аударылып жатты. Бір ғана Сәт­баевтар әулетінен сегіз адам, Шор­мановтар тұқымынан жеті адам, Бош­таевтар ауылынан алты адам ел мен жер­ден айрылып, Батыс Қазақстанға қарай айдалды. Ел басшыларынан ажырап, ботадай боздады. 1927-1928 жылдары жер-су бөлісі, іле-шала ұжымдасу науқаны басталды…».

Б.Кенжебаев Павлодар округтік «Кеңес туы» газетін ұйымдастырып қана қойған жоқ, осы өңірде кейіннен қазақ әдебиетінің классиктері болып атақтары аспандайтын Қалижан Бекқожин, Зейін Шашкин, партия қайраткері – журналист Кәрім Әжібеков, полковник, даңқты қол­басшы Әбілқайыр Баймолдин сынды қарымды қаламгерлерді газет ісіне тарта білді. Осылайша, Павлодар өңірінде қазақ журналистикасы өркен жайды.

Бейсенбай Кенжебаевтың Павло­дарда қызмет ете жүріп, ұлт үшін атқар­ған ірі ісінің бірі – әйгілі алдаспан ақын Сұл­тан­махмұт Торайғыровтың шығар­ма­шылығын зерттеуге кірісуі. 1920 жы­лы дүниеден озған ақынның өмір жолы, поэ­зиясы Бейсекеңді ерекше тән­ті еткені айқын. Ол туралы бірнеше есте­ліктерде айтылып өтеді.

Ермек Өтебайұлының жазуынша, Павлодарда Б.Кенжебаев Сұлтанмахмұт Торайғыровтың үй-ішімен, жақын туыстарымен танысқан, олармен достық қарым-қатынаста болды. Кейінірек Сұлтанмахмұт жақындары ішіндегі көрнектілерінің бірі Шерияздан Ыды­рыс Қажыұлы Аймановпен жақсы біліс, туыстай болып кетті. Одан Сұл­тан­махмұттың ақындығы жайында көп­теген мәліметтер алды. Осы әсері ке­йін ақынды зерттеуге мұрындық бол­ды. 1946 жылы «Сұлтанмахмұт Торай­ғыровтың ақындығы» деген тақырыпта зерттеу еңбек жазып, ғылым кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. Ақын өмірі туралы «Асау жүрек» әңгімелер топтамасын дербес кітап етіп бастырды.

Тағы бірі деректі ардагер журнали­сіміз, марқұм Төлеубек Қоңыр өзінің естеліктер қолжазбасында келтіреді:

«Б.Кенжебаев университеттің филология, журналистика факульттерінің сту­денттеріне дәріс берді. Әдебиетші ға­­лымдар тәрбиелеуге белсене аралас­ты. Ғылым жолындағы ерен де қа­жыр­лы еңбегін кемеңгер классик жазу­шы, ғалым Мұхтар Әуезов жоғары баға­­лады. Қоғам қайраткері, филоло­гия ғы­лымдарының докторы, профессо­р Мыр­затай Жолдасбековті көне түр­кі жа­зуын зерттеуге баулыды. Қазір М.Жол­дас­беков танымал ғалым, қоғам қай­раткері атанып отыр.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Бейсенбай Кенжебаевтан уни­верситет қабырғасында оқып жүр­­ге­німде (Т.Қоңыров 1956 жылы «Қы­зыл ту» газетінің редакторы Әзіл­хан Нұр­шайықовтың бағыт сілтеуімен ҚазМУ-ге, журналистика факультетіне оқуға түскен – Н.Ж.) дәріс тыңдағанмын. Оның «Қазақ үшін шам қылған жүрек майын» деген дәрісі зердемде мәңгі қал­ды. Сонда ғалым-ұстаз былай деген еді: «Қазақтың демократ ақыны Сұл­танмахмұт Торайғыров Абай­дан кейінгі қазақ елі ішіндегі әлеу­меттік теңсіздікті жете көріп, оны өз шығар­масында арқау ете білген талантты ақын» деген еді. Оны зерттеп, төңкерісшіл демократ ақын ретінде елге кеңінен танытты. Ақын, журналист Сәбит Дөнентаев та Бей­сенбай Кенжебаевтың назарынан тыс қалмады».

Осылайша Павлодар өңірінде сонау 1929 жылы қазақ газетінің алғашқы редакторы болған тұлға, кейіннен түбегейлі әдебиеттану ғылымы саласына ауысып, өзіндік қолтаңба қалдырған. Б.Кенжебаев ежелгі қазақ әдебиетін зерттеу ісіне өзінің бірнеше шәкіртін баулыған болатын. Осы тұста шәкірттері қалдырған ғалымдық, ұстаздық қасиеттері туралы естеліктердің молдығын айтуға болады. Белгілі түркітанушы, ғалым, тарихшы, жазушы Мұхтар Мағауин «Мен» атты ғұмырнамалық романында өзінің ұстазының қайраткерлік болмысын жан-жақты бейнелеп берген.

Осыдан бірнеше жыл бұрын әйгілі филолог ғалым, түркітанушы Мырзатай Жолдасбеков республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде «Асылдарым» атты эсселер циклін жариялаған болатын. Соның «Біз білмейтін Бейсекең» атты бір жарияланымын ұлы ұстазы Бейсенбай Кенжебаевтың ұлағатты істе­ріне арнады.

Б.Кенжебаевтың тікелей ықпалымен қазақ әдебиеті ғылымын зерттеу жолына түскендердің бірі – бүгінде елімізге танымал филолог, қоғам қайраткері Құлбек Ергөбек. Бүгінде Түркістан облысында тұратын ағамызға газеттің 90 жылдығы қарсаңында арнайы хабарласқан болатынмын. Сол кісінің қамқорлығымен бірнеше тарихи фотосуреттер қолымызға тиді. Олардың қатарында Бейсенбай Кенжебаевтың «Кеңес туында» қызмет еткен уақытында түскен бір фотосы бар. «Кеңес туы» газетінің редакция алқа­сының мүшелері Кәрім Әжібеков, Әмірғали Епмағамбетов және редакторы Б.Кенжебаев үшеуінің газет қарап тұрған, онша қанық емес суреті бұрын редакцияда бар еді. Ең көне жәдігер ретінде құрметтеп, рамаға салып, бұрышына «алғашқы нөмірге қол қою сәті» деп жазып қойғанбыз. Бұл жолы сол фотоның сапалы нұсқасы жетті. Түсірген авторы – павлодарлық белгілі фотосуретші – Д.Багаев, түсірілген уақыты «18 март 1929 жыл» деп көрсетілген. Қалған суреттерде профессор Б.Кенжебаевтың заңғар жазушы М.Әуезовпен, өзге де студенттер тобымен ұстаздық қызмет барысында түскен сәттері бейнеленген. Мұның бәрі – тарих. Біз үшін ерекше ыстық, қымбат мұра.

Қорыта айтқанда, 90 жылдық тарихқа ие, солақай саясатқа байланысты, бір мәрте жабылып қалып, қайтадан ашыл­ған газеттің ғұмырбаянында ерекше аталатын тұлға – Бейсенбай Кенжебаевтың тұңғыш редакторлық қызметі туралы әлі де болса деректер қоры толыға түсер деген сенімдеміз.