Дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша аудан әкімдігінің үлкен залында арнайы жиын өтті. Оны аудан әкімі Нұржан Жақсылықұлы жүргізді. Жиынға аудан әкімінің орынбасарлары, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері мен дін саласындағы барлық мешіттің имамдары мен молдалары, ардагерлер кеңесінің, ақсақалдар алқасының, қоғамдық кеңес төрағалары және бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты. Күн тәртібінде негізгі үш мәселе қаралды.

-Ауданда дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша атқарылып жатқан жұмыстар;

-ҚР заңдарындағы өзгерістер, құқық бұзушылық, интернет алаяқтық, нашақорлық бойынша түсіндіру жұмыстары;

-Азаматтардың ас беру рәсімдерінде 7 күндік, 40 күндік, жылдық астарындағы дастархан мәзірін бекіту туралы.

Алғашқы мәселе бойынша аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Р.Алтынбеков баяндама оқыды. Баяндама барысында аудандағы 7 мешіттің құжаты жоқтығы айтылып, дер кезінде құжатты рәсімдеу керектігі ескертілді. Аудан әкімі ауылдық округ әкімдеріне мешіт имамдарымен, ақсақалдармен, демеуші азаматтармен бірлесіп аталған құжатты рәсімдеу жұмыстарын қаңтар айының соңына дейін аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар, баяндамашы өзге ағымдағы азаматтарды, жастарды, мешітке келген келушілерді байқаған жағдайда дер кезінде тиісті органдарға хабарлауды сұрады.

Екінші мәселе бойынша аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары Ахметов Болат Құдайбергенұлына сөз берілді. Баяндамашы жастарды нашақорлықтан, құқықбұзушылықтан бойын алыс ұстауға, ондай олқылықтардың болдырмау жолдарын нақтылап түсіндіріп берді. Әсіресе мектеп жасындағы балалардың қисынсыз жолға тез келетінін, наша, темекі сынды зиянды заттарға тез әуестенетінін айта отырып, барлық білім беретін ұйымдарға оқушы балалармен психологиялық түрде жұмыс жасау керектігін ескертті.

Бүгінгі жиынның басты мәселесі ауыл азаматтарының, ардагерлердің, имамдар мен молдалардың бір пәтуаға келуі. Ол мешіттегі, жаназадағы берілетін құдайы астың арнайы ас мәзірін бекіту пәтуасы еді. Осы бойынша «Түлкібас ата» мешітінің наиб имамы, бас имамның уақытша міндетін атқарушы Байболов Кәрім Жетпісбайұлы баяндама оқыды.

-2020 жылдың 10желтоқсанында елордада «Ислам-мәдениет пен ізгіліктің бастауы» атты имамдардың ІVреспубликалық онлайн форумында «Ас беру мәдениеті» құжаты қабылданған болатын. Құжатта құдайы ас берудің тарихи мәні, дін мен дәстүрдегі орны, өзектілігі жан жақты сараланып, тәптіштеп түсіндірілген. Бұл құжатта құдайы ас берудің негізгі 7 тізбегі ұсынылған. Жеті тірек ішінде құдайы асқа шынайы ниет ету, құдайы асқа жиналу, ысырапқа жол бермеу, құдайы аста уағыз-насихат айту, марқұмды еске алу және қаралы отбасын жұбату, қарапайымдылықты сақтау сынды тақырыпшалар қамтылды. «Құдайы ас» атауынан көрініп тұрғанда (Алла Тағаланың разылығын алу үшін) қайтыс болған адамға арналып берілетін ас. Мұндай ас қайтыс болған кісі Алланың рақымы мен кешіріміне бөлену үшін өткізіледі. Қайтыс болған кісіні арулап көміп, жаназасын шығарғанда, жетісі, қырық күндігі, жыл толуына байланысты және тағы да басқа шараларда дастархан жайылғанда дінімізде нақты талап етілмеген, салт-дәстүрімізге сай келмейтін, ақырет үшін пайдасыз кейбір әдеттер қоғамда кең түрде белең ала бастады. Жақынынан айырылып отырған қара шаңырақ «көпшілікке ас беруіміз-перзенттік борышымыз» деп қабылдайды да, шектен тыс шығын жасап, ағын-төгін дастарханын жаяды. Адам қай дүниеде болмасын дәрежесі тең. Ешкім жиған дүниесін, алтын-байлығын, атақ абыройын шын өмірге, арғы фәниге алып кетпейді. Жалаңаш келгендей, жалаңаш өмірден өтетінімізді біреу түсінсе, біреу байыбына бара қоймайды. Сондықтан, бай мен кедейдің аражігін ажыратпау үшін, ысырапшылдыққа жол бермеу үшін арнайы ас мәзірін бекіткен еді. Асыра төк дастархан жаймай ақ, марқұмның атынан жақсы амал сауаптар алғысы келсе, жетім жесірлерге, кедей-кепшіктерге көмек ебіп, қайырлы іс жасауы абзалырақ. Тіпті, айлардың сұлтаны Рамазан айында да, ауыз ашар беріп, ниетін білдіру тек қана дәулетті азаматтарға ғана міндеттеледі. Ал, біздің қазақ бар-жоғына қарамай атақ пен абыройын ойлап, қарызға батып, қол жайып, елден қалмаудың амалын жасайды. Бұл тіпті шариғатымыздың заңдылығына да кірмейтін дүние. Тіпті, жаназа шығарылғанда жыртық тарату қазір сәнге айналды. Ащы болса да шындық осы. Шапан жауып, комзол таратып жатады. Бұл не дәстүр деймін да? Қажет болса, мұны да шариғат талап етпейді. Ол жыртысқа кеткен қаржыны қайта басқа амал жасауға жұмсаса игі болар еді. Ас беруде дастархан мәзірін тіпті түсінбейсің. Тәттілердің түр-түрі, ет-қазы, жал-жая толған, салаттың 5-6-уын бірақ қойып, нанның түр-түрін әзірлеп, сусынның газдысын да, газсызын да қатар тізіп, тойдың дастарханындай түрлендіреді. Түсінген адамға, жаназа той емес, қаза. Жақындары үшін аза тұту. Кезінде осындай аста төк дастарханның кесірінен жаназа шығарылып жатқанда мәйітті қашан алып кеткенін де байқамай қалған туыстар кездескен. Оған себеп, осы дастарханға қойылған ысырапшылдық. Таласып тартысып, сыбаға сынды сөмкеге салып алатындардың жайын сөз етудің өзі ұят.

Құрметті жамағат, «Ас беру мәдениеті» құжатына сүйене отырып, Түркістан облыстық Ақсақалдар алқасы облысымыз төңірегінде Құдайы астың дастархан мәзірін төмендегідей берілуін ұсынды.

1. Ет неме күріш. Екеуінің біреуі.

2. Нан, бауырсақ

3. Шелпек, самса

4. Шәй, қант.

5. Құрма немесе алма. Диқаншылық барысында өзге де қолжетімді жемістерді қоюға болады.

6. Қымыз қымыран немесе сусын.

7. Сөк, талқан, сары май.

8. Екі түрлі қолжетімді салат.

Осы мәзірді қолдап, жүрген жерлеріңізде, ауыл-аймаққа, ағайын-бауырларға айтып, ескертіп ізгі амалды орындай білуге шақырып жүрсек нұр үстіне нұр болар еді. Алла баршамызға разы болсын,- деп өз сөзін қорытындылады.

Наиб имамның баяндамасынан кейін ақсақалдар қауымы ас мәзіріне қолдау білдіретінін айтып, жүрген жерлерінде ағайындарды ізгі әрекетті орындауға шақыратындықтарын жеткізді.

А.МӘМЕТ