
Түлкібас ауданы А.Макаренко атындағы жалпы білім беретін мектебінде Қауысбек Тұрысбековтің 100 жылдығына орай «Елін сүйген Ер еді…» атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін» деп еліне қызмет еткен дара тұлға- Қауысбек Тұрысбековті еске алу кешіне қоғам қайраткері Тұрысбеков Зауытбек Қауысбекұлы, аудан әкімінің орынбасары Орманов Ербол Керімбекұлы, аудандық білім бөлімі басшысының орынбасары Б.Қилыбаев, Састөбе елді мекенінің әкім орынбасары Сыдыкалиев Руслан Айдаралыұлы және аудандық мәслихат депутаты Қалдыбеков Амирхан Мықтыбекұлы қатысты.
Састөбе елді мекенінің ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл имамы, ауыл биі, қоғамдық кеңес төрағасы, қоғамдық кеңес хатшысы, қамқоршылық кеңес төрағасы, асыл әжелер алқасы, мектепішілік ата -аналар комитетінің төрайымы, ардагер ұстаздар және қоғам қайраткері Зауытбек ағамыздың сыныптасы арнайы келіп, керемет кештің сәнін келтірді.
Саналы өмірін халыққа қызмет етуге арнаған, Састөбе цемент зауыты мен Шардара ауданының дамуына ұшан теңіз үлес қосқан, ардақты әке, ел ағасы бола білген Қауысбек Тұрысбековке арналған кеш кейіпкердің саналы өмір жолы жайындағы баяндамадан басталды.
Қауысбек Тұрысбеков 1924 жылы Түлкібас ауданына қарасты Жиынбай ауылында дүниеге келген. 1931 жылы Кершетас ауылындағы бастауыш мектепке барып, орта білімін Балықшы ауылында жетілдіреді. 1942 жылы Түркіменстанда әскери борышын өтей жүріп, үшінші Харьков танк училищесін бітіріп, әртүрлі қызметте жұмыс істейді. Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жеңісті күндерін Румения жерінде қарсы алады. 1947 жылы елге оралады. 1948 жылы отбасын құрады. Әскери қызметте жүріп әбден шыныққан, орысшаға жүйрік, сауаты мол азамат Састөбе цемент зауытына келеді. 1949 жылы Германиядан әкелінген құрал-жабдықтарды құрастырып, үлкен өндіріске орын ашу мақсатында елдің түкпір түкпірінен мамандар шақыртылып жатқан кез екен. Екі қызмет ұсынылыпты. Бірі кадрлар бөлімінің басшысы, екіншісі- экскаватор жүргізуші. Партияға кандидаттығы бар 25 жасар жас жігіт зауыт басшыларының көңілінен шығып, кадрлар бөлімінің басшысы болып тағайындалады. Сөйтіп, дәм-тұз бұйырып 1950 жылы ақпан күні отбасымен Састөбеге көшіп келеді. 1951 жылы зауыт іске қосылады. Састөбеде 1951 жылы 15 желтоқсанда екінші перзенті Зауытбек дүниеге келеді. 1952 жылға дейін Састөбе цемент зауытының құрылысында бастауыш партия бюросының хатшысы қызметін атқарады. 1952-1954 жылдары Мәскеу қаласындағы КСРО өнеркәсіп және құрылыс материалдары Министрлігінің Индустриалды техникумын бітіреді. Мұнан соң Састөбе цемент зауытында кезекші шебер болып қызметке ауысады. 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан өлкелік партия комитеті бюросының шешімімен облыстық партия комитеті және транспорт бөлімінің нұсқаушысы қызметіне бекітіледі. 1964-1969 жылдары Састөбе цемент зауытының директоры болады. 1969 жылдан жаңадан ашылған Шардара ауданын басқарады. Өңірге жаңа дем береді. Аудан бойынша игерілген суармалы жер көлемі 70 мың га жетеді. Өнеркәсіп, құрылыс ұйымдары мен мәдениет ошақтары бірінен кейін бірі ашылады. Су қоймасы жанынан Шардара қаласы бой көтереді. Еңбегі еліне орасан зор мәртебе әкелген, елі үшін туып, еліне ғана адал қызмет еткен арда азамат 1977 жылы ұзаққа созылған ауыр науқастың залалынан өмірден өтеді. «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» ордендерімен марапатталған. Төрт қыз бен бір ұлдың ардақты әкесі бола білді.
Өмірлік жары Жұпар апайымыздың да еріне деген қолдауы мен сенімін айтпасқа болмас. Зауыт басшысы болып жүргенде Жұпар анамыз әрқашан жолдасына қолдау білдіріп жүрген екен. «Зауыттан әлі түрлі түсті цемент шығатын болады. Осы үрдісті меңгеру үшін Мәскеуде, Подольскіде осы салаға қатысты арнаулы оқу орнына барып 3 жылға білім алуым керек» деп бекінген Қауысбек ағамыздың сөзіне Жұпар анамыз таңданып, тосырқап қалыпты. «Жұпар-ау 3 жыл дегенің 3 күндей ақ өтер-кетер» деген соң анамыз сенім артып, білім алуына мүмкіндік беріпті. Сол оқудан бәрін меңгеріп келгенімен, денсаулығы сыр беріп қайтқанын анамыз бір сұхбатында айтып өтіпті.
Иә, батырды батыр дейміз, ғұламаны мұрасына қарап ғалым дейміз. Ал тұлғаны артына өшпейтін із қалдырғаны үшін тұлға деп танып, елдің ері деп білеміз. Міне, сондай рухты, әр сөзі келісті, білімі мен біліктілігі жоғары тұлға Қауысбек Тұрысбеков еді. Өзін ғана емес жалғыз ұлын да елдің бары үшін, мұңы үшін қызмет етуге тәрбиеледі. «Асылдан асыл тумай ма» деген осы болса керек. Ұлы Зауытбек Қауысбекұлы да туған жері Түлкібас үшін талай ауқымды істерді атқарды. Қоғам қайраткері атанып, әкенің адал жолын жалғады. Еске алу кешінде әкесінің әрбір сөзі мен өсиетін, істері мен еңбектерін толғаныспен еске алып отырған ағамызға арнайы сөз берілді. Әкесінің рухын, қас қабағын, отбасындағы рөлін, елге деген шынайы қызметін айтып, біраз толқынысқа түскенін байқамай отыру мүмкін болмады. Таудай тұлғаны ғана емес құламайтын шың саналған әкенің жоқтығын сезіну және оның ерлігін еске алу қайбір перзентке болмасын ауыр мақтаныш. Қауысбек Тұрысбекұлының жақсылығын көріп, шарапатын сезінген елі бар да, туған жері бар да аты да, заты да өлмейтіні анық.
Кеш барысында өнерпаз оқушылар әкенің махабатын, ананың жылуын көпшілікке ән арқылы сезіндіре алды. Тұлғалар тарих тұрғанда өлмейтіні анық. Олардың есімі алтын әріппен жазылатыны сөзсіз.
А.МӘМЕТ.