Биыл — көрнекті қоғам қайраткері, ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы, аудармашы БАРЖАҚСИН Ахметтің туғанына 130 жыл толып отыр.
Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсыұлы өзінің қысқа ғұмырында артына мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды.

Баржақсыұлы Ахмет (1894-1935) — қоғам және мемлекет қайраткері, ауыз әдебиеті үлгілерін  жинаушы, аудармашы. Ақмола облысы Атбасар уезі Жезді болысында (қазіргі Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Жезді өңірі) дүниеге келген.

Атбасар қаласындағы екі сыныптық орыс-қазақ мектебін, Омбының мұғалімдер семинариясын, Омбы ауыл шаруашылық институтын, Мәскеу Әдебиет институтын бітірген. Бірімжан Айбасовпен бірге «Бірлік» мәдени-ағарту ұйымын (Омбы) құруға белсене атсалысқандардың бірі.

1920-1923 жылдары — Ақмола уездік революциялық комитеті қазақ бөлімінің төрағасы, Ақмола губерниялық атқару комитетінің төрағасы, губерниялық ауыл шаруашылық кооперация одағының басқарма мүшесі. 1923-1924 жылдары — Қазақ тұтынушылар одағының төрағасы. 1925-1928 жылдары Орталық атқару комитеті жанындағы Ұлт бюросының нұсқаушысы, Орталық тұтынушылар қоғамы одағының Берлиндегі өкілі, Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылық банкінің меңгерушісі қызметтерін атқарған.

Көзі ашық азамат кеңес үкіметі мен большевиктер партиясының ұлт мәселесіндегі әділетсіздігін айтып, 1928 жылы желтоқсанда партия қатарынан өз еркімен шыққан. 1929 жылы сәуірде «партия беделін төкті», «троцкийшіл» деген айып тағылып, Батыс Сібірге жер аударылған. 1933 жылы жазасын өтеп келіп, Омбы ауыл шаруашылығы институтының оқытушысы болған.

Ол 1934 жылы ОГПУ үштігі РКФСР қылмыс заңының 58-бабына 10-,11- тармағына сәйкес Баржақсыұлын екі рет Батыс Сібірге бес жылға жер аударған. 1935 жылы ОГПУ үштігінің үкімімен атылды. Әлеуметтік төңкерістер заманында өмір сүрген Баржақсин өзінің қысқа ғұмырында артында мол әдеби, ғылыми мұра қалдырды. Ол 1913-1914 жылдары қазақтың 1710 мақал-мәтелін жинап, соны іріктеп 1915 жылы тұңғыш рет «Мың бір мақал» кітабын қазақ-орыс тілдерінде, оқу-ағарту, мәдениет мәселелері, әйел теңдігі жайлы мақалалары мен әңгімелері «Қазақ», «Алаш», «Сарыарқа», «Үш жүз» газеттерінде, «Айқап» журналында басылды.

Ол аудармашылықпен, ауыз әдебиетін жинаумен тиянақты түрінде айналысты. Л.Толстойдың бірнеше әңгімесін қазақшаға аударып, «Айқап» журналында жариялады. Ел тұрмысы, салт-дәстүр туралы еңбектерінің бірі, «Ертерек білсең жасырма» атты мақаласы Орыс географиялық қоғамының «Жазбаларында» жарық көрді. 1927 жылы «Елге шаруа кооперативі ісінің қайсысы қолайлы?», «Тұтыну дүкенінің ісін қалай жүргізу керек?» деген кітапшалары жарық көрген.

1937 жылы Баспахана мен әдебиет ісі жөніндегі бас басқарма Ахмет Баржақсыұлының «Мың бір мақал» деген кітабын халыққа зиянды кітаптар қатарына қосып, пайдаланудан шығарды. А.Баржақсыұлы мұралары әлі толық зерттелмеген.

ХХ ғасыр басындағы Алаш зиялылары халқымыздың сан ғасырлық рухани құндылықтарын, әдеби мұрасын жинап жариялауда, зерттеп зерделеуде тарихи қызмет атқарды. Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, Х. Досмұхамедұлы сынды тұлғалар қатарында фольклор үлгілерін жинап, насихаттауда елеулі еңбек еткен азаматтардың бірі – Ахмет Баржақсыұлы. А.Баржақсыұлы әулетінің перзенттері – ұлтқа қызмет еткен белгілі тұлғалар. Баржақсыдан Бірімжан, Төрежан, Елемес, Ахмет атты ұл, Бәти есімді қыз тарайды. Бірімжан обадан көз жұмса, алғашқы қазақ мал дәрігерлерінің бірі Төрежан 1928 жылы жендеттер қолынан мерт болған. Е.Баржақсыұлы «халық жауы» деп атылды. Қайраткер, аудармашы, халық мұрасын жинаушы Ахмет Баржақсыұлы 1935 жылы қуғын-сүргінде жүріп көз жұмды. 1937 жылы Баспахана мен әдебиет ісі жөніндегі Бас басқарма Баржақсиннің «Мың бір мақал» деген кітабын халыққа зиянды кітаптар қатарына қосып, пайдаланудан шығарды Ахмет Баржақсыұлының халық мұрасының асыл қазынасы қазақ фольклорын бағалау, жинау және жариялаудағы ой-толғамдары ХХ ғасыр басындағы ұлт баспасөзінде көрініс тапты. Бұл ретте қайраткердің баспасөзге жанашырлықпен қарап, қал қадірінше қаржылай көмек көрсетіп отырғанын атай аламыз. Бұған қатысты «Қазақ» газетіндегі «Азамат серіктері» атты хабарламада: «Азамат» серіктігіне 100 сом жарналарын салып жаңадан мына кісілер кірді: 28) Ахмет мырза Баржақсыұғлы
һәм 29) Ғабдулла мырза Найзабекұғлы» ,- деп жазылған. Зерттеу әдістері Алаш кезеңі еңбегін интегративті фольклортанудың кейбір қырлары аясында зерделеп, Ахмет Баржақсыұлы жинап зерделеген мақал-мәтелдерді қарастыруда талдау, саралау, салыстыру, жинақтау, қорыту әдістері не
гізге алынды.

Ахмет Баржақсыұлының «Айқап» журналында басылған «Ашық хат», «Қадірменді Хасанғали мырза!», «Қазақ» газетінде жарияланған «Мақалдар» мақалалары қазақ фольклористикасында өзіндік маңызы бар еңбек. «Ашық хатында» қазақтың бір мың үш жүз мақал-мәтелін жинап, Омбы музейі арқылы кітап шығаруға әрекет етіп жүргені айтылған.

Г.Потаниннің қазақ тіліндегі ертегі әңгімелерді жинау туралы деректер берілген. «Қадірменді Хасанғали мырза!» мақаласында «Бұрынғыларымыздан һәм халық аузындағы сөздер: ертегі, тақпақ, мақалдар керек. Басқа халықтар өзінің ана тіліндегі сөздерді жинап һәм кітап қылып бастырып, шығарып жатыр» деп халық мұрасының рухани өмірдегі маңызын екшейді. Дамыған елдерде фольклор үлгілерін жинап, кітап қылып шығарудағы өміршең дәстүрді баса көрсетеді. «Мен мың үш жүз мақал жинап алып едім, һәм соларды ретке келтіріп қойған едім! Қазір де орысшаға тәржіме етіп жатырмын» деп қазақ мақал-мәтелдерін жинаудағы еңбегінен хабар беріп, оларды орыс тіліне аударып жатқанын айтады. Ұлт руханиятының жанашыры Г.Потаниннің қазақ ертегісін жинау жолына қаражат беріп, Қарқаралы уезіне кісі жібергенін жазады.

Ә.Бөкейхан «Григорий Николаевиш Потанин» атты мақаласында «Осы келер жазда Потанин Семей облысы Қарқаралы оязы Тоқырауын өзені бойына барады. Маусым басында «Қоянды» жәрмеңкесінде болады. Тоқырауында жаздай жатып, қазақты аралап көрмекші, қазақтың ертегі, жұмбақ, мақал, ескі жақсыларының сөзін жимақшы. Потанин дүниедегі тілдердің бәрінде айтылған неше жұрттың іргелі мақал, өзге сөздерін қарастырып, соны қай жұрт қай жұрттан өнеге-үлгі алғанын шығарып отыр» деп ақ жүрек ердің игілікті істерін әдіптейді. «Күншығыс баспасы» баспақ болып отырған Баржақсыұлы Ахмет жиған «Мың бір мақал» да Григорий Николаишқа қалап бсылмақ еді» деп қандастарының Г.Потанинге деген құрметін білдірді.

1913-1914 жылдары қазақтың мың жеті жүз он мақалын жанаған Ахмет Баржақсыұлын фольклор табиғатын терең саралай білетін көркемдік-эстетикалық таным талғамы жоғары білікті маман ретінде танытқан мақаласы «Мақалдар» деп аталады. Зерттеуші «Әсіресе халықтың заңын, әдетін, ғұрпын білу үшін жаһұт қылып жүрген этнографтарға һәм тарихшыларға өте пайдалы» деп, халық ауыз әдебиетінің маңызына бойлап, олардың халықтың дүниеге және өмірге көзқарасын танудағы тұғырын байыптайды. Фольклор үлгілерінің, яғни халық әдебиеті мысалдарының жанрын зерделеп, оларға әдеби теориялық сипаттама жасайды. «Халық әдебиеті дегеніміз – ертегілер, өлеңдер, жұмбақтар, мақалдар һәм мәтелдер» деп түйеді.

Ертегі, өлең, жұмбақ, мақал және мәтелдерге анықтама береді. Мәселен, «Ертегі – кеңес қылып айтылатынсөздер. Онда халықтың жоқ нәрселерді бардай қылып айтатұғындығы көрінеді» деп ертегінің өзіндік ерекшелігін пайымдайды. Өлеңге «домбыра, әнмен қосылған әдебиет. Бұл халықтың ішіндегі қайғы-шерін һәм қуаныш-сүйінішін көрсетеді» деген анықтама береді.

«Жұмбақ – бір нәрсені өзіне ұқсаған екінші бір нәрсе арқылы аңғартқан сөздер. Бұл ақыл-ойды молайтады» деп екшейді. Фольклор жанырына қатысты А.Баржақсыұлының қазақ фольклористикасының туу дәуірінде айтылған ой-пікірі тереңдігімен, нақтылығымен құнды. Қазақ мақал-мәтелдерін алғаш жинап, жариялау ісінің көшбасынан табылған Ахмет Баржақсыұлы 1915 жылы ұлттық рухани құндылықтарды «Мың бір мақал» деген ауаумен жарыққа шығарды. Ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушының мақал-мәтелдерге берген анықтамасы көркемдік-эстетикалық таным-талғамының тереңдігімен тәнті етеді. Ол мақалдар мен мәтелдер халықтың бірнеше ғасырлық даналығы мен данышпандығын көрсететінін түйеді.

Мақалдар мен мәтелдердің ортақ сипаты мен өзіндік ерекшеліктерін саралаудағы зерттеушілік ой-пікірі өзінің өзектілігін жойғаны жоқ. «Мақал – қысқа, тегістеліп айтылған халық аузындағы өсиет. Онда қай жағынан болса да дұрыстық айтылады: «Уайым түбі – теңіз, батасың да кетесің, тәуекел түбі – қайық, мінесің де өтесің». Ал мәтел – қысқа түрмен айтылған халық өсиеті екенін байыптайды. Халық ауыз әдебиетінде сол ұлттың ойы, мінезі, сыны көрініс тауып жататынын да дұрыс көрсетеді. Мақал және мәтел табиғатын жан-жақты саралап, жанрлық ерекшелігін айқындаудағы ізденістері назар аудартады. Мақалдарда басы артық сөз болмайтынын, айтылатын ой барынша ықшамдалып, қысқартылып берілетінін дұрыс көрсетеді. Мақал-мәтелдердің өзара тығыз үйлесімдегі көркемдік-эстетикалық арнасына этнофольклортану тұрғысынан бойлап, даналық ойдың астарлы және тікелей жеткізілу сипаттарын саралайды.

Өз ойын «Русские в своих пословицах. Рассуждения и исследования об отечественных пословицах и поговорках» (1937-1839) атты төрт кітаптан тұратын қабырғалы еңбек жазған орыстың атақты фольклористі, этнограф, өнертанушы И.М.Снегиревтің (1793-1868) пікірімен дәйектейді. Мақал-мәтелдердің генезисі мен типологиясы туралы айтқан пайымдары Ахмет Баржақсыұлының сол кездегі әлем елдері фольклористикасындағы жаңашыл ғылыми бағыттармен жақсы таныс болғанын айғақтайды. Ол мақал-мәтел табиғатына байланысты әлем халықтарының осы жанрға берген анықтамаларынан айқын аңғарылады. «Мақал турасында әр халық әр түрлі қылып сөйлейді.

Оңтүстік халықтары (араб, парсы, түрік һәм басқалар) айтады, мақал тілдің гүлі деп. Қытайлар – бұрынғы данышпандардан қалған өсиет деп. Немістер – көше арасындағы данышпандық деп, италия халқы – халық мектебі деп. Ағылшындар, француздар – көп көргендіктің жемісі деп. Орыстар – қанатты сөз, әдемі сөз деп айтады». Қазақ халқының қанына біткен қасиетін сөз өнерімен сабақтастырып, ойын жеткізуде мақалға көп сүйенетінін дұрыс аңғартады. Мақал-мәтелмен сөйлеу ұлттық сипатты ерекшелейтінін бағалайды. Бұған қатысты «Басқа халықты білмеймін, ноғай мен орысқа қарағанда біздің қазақ халқы мақалды көп айтады. Билер, шешендер былай тұрсын, біздің қазақтың еркек-әйелі, үлкен-кішісі мақалсыз сөз айтпайды. Ең аяғы кішкентай балалар үлкендерден естікен мақалдарын сөз арасына қыстырады» деген көзқарасын білдіреді.

Ең бастысы, Ахмет Баржақсыұлы сол кезеңнің өзінде бүгінгі таңда әдеби мұраны зерттеуде тың ізденіс болып табылатын интегративті фольклортану, этнофольклортану, социофольклортану қағидаттарымен ұштасатын маңызды ой-пікір білдірді. Фольклорлық үлгілердің халықтық сипатын, әлеуметтік маңызын, эстетикалық әлемін екшегенде, халық ауыз әдебиетін жинау мен жариялауда басқа ұлт өкілдері тарапынан жіберілетін олқылықтарды орынды ескертеді. «Себебі орыстар жинауға қанша жаһұт қылғанмен халықтың заңын, әдеттерін білмегендіктен анда-санда бір тиіп, жөнді жинай алмайды. Орыстардың ішінде кірісіп, қазақ оқығандары жинасатын болса, олар ақыл мен күшін аямас еді. Ал қазақтан мұндай ұмтылған ешкім жоқ». Сол кездің өзінде мың үш жүз мақал жинап, жүйелеуді қолға алған ол халық мұрасын жинаудағы Ә.Бөкейхан қызметін жоғары бағалайды. Әлихан Бөкейхан қазақ мақал-мәтелдерін жинап, «Мың бір мақал» атауымен 1915 жылы шығарған Ахмет Баржақсыұлы ізденісін қолдап, орысша түзетіп бастыруға ұйытқы болды.

Ә.Бөкейханға Мәскеудегі «Күншығыс» баспасында қызмет атқаруына қол ұшын созып, сыйластықта болған Нәзір Төреқұлұлы да өрелі жастарды қазақ мақал-мәтелдерін жинауға жұмылдырды. Осынау рухани кемелділік әдебиетші Бейсембай Кенжебаев естелігінде шынайы көрініс тапқан. Ә.Бөкейхан өмірінің соңғы жылдарына дейін қазақ мақал-мәтелдерін жариялау мәселесін назарынан тыс қалдырған жоқ. Елдес Омарұлына 1934 жылы Мәскеуден жазған хатында «Қазақшыл Қасенғали (Асан-әлі) жиған көп (700 бет) қазақ мақалы, ескі сөздері бар еді. О қайда екен? Қасенғали жинағында жілігі татымайтын әңгімелер де көп еді. Мен мұны Алматыда кімге жазарымды білмей, саған жаздым. Сен қазақ әдебиетін бағала
ушылармен отала отырсың ғой, өзің иесіне тапсырарсың», — деп әдеби мұраны жариялаудағы келелі істерді ой талқысына салады.

Алты Алаш көсемінің менменсіген отаршыл патша ұлықтарын қазақ мақал-мәтелдерінің даналығының тобықтай түйінімен тәубесіне келтіріп отырғаны да бүгінгіге тәмсіл болып жетті. Ол шындық Смахан төре Бөкейхан естелігінде жазылған. Нәтижелер Алаш қайраткерлері ең түйінді мақалаларында, еңбектерінде қазақ мақал-мәтелдерінің танымдық, тәрбиелік, тағылымдық маңызын назардан тыс қалдырған емес.

Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Оқу құралы», «Тіл – құрал», «Әліп-би», «Жаңа әліппе», «Баяншы», «Сауат ашқыш», «Тіл жұмсар» атты ана тілімізде жазылған алғашқы оқу-әдістемелік еңбектерінде, «Оқу құралы» (Т.Шонанұлымен бірге) әдістемелік оқу құралында тақырыпты пысықтау, оқушы ойын бекітуде қазақ мақал-мәтелдерін молынан қолданып отырады. Алаш білімпазы «Тіл – құрал» еңбегінде (Орынбор, 1914) жеке сөз, сөйлем жасау мақсатында – 38; сөзді буынға бөлу, буынды жеке-жеке дыбыстарға бөлу ерекшеліктерін ашу үшін – 28; ажыратылған дыбыстарды пысықтауда – 100; ал, жазу қағидаларын есте ұстау үшін – 130 шақты мақал-мәтел шоғыры (кейбіреулерінің қайталанатын тұстары да жоқ емес) келтірілген. Атауыш сөздерді өткенде дағдыландыру жаттығулары үшін – 127 мақал-мәтел алынса, оның: зат есімді өткенде – 40; сын есімді – 24; сан есімді – 17; есімдікті – 19; етістік бөлігінде – 27 шақтысы қамтылған. Біраз келтірілген мақал-мәтелдер бірнеше рет қайталанады: «Басқа келген бәледен бастан құлақ садаға», «Не ексең, соны орарсың», «Таспен ұрғанды аспен ұр», «Күн ортақ, ай ортақ, жақсы ортақ» т.т. «Тіл-құрал» кітабында (Қызылорда, 1925) 300-дей мақал-мәтел бар.

Қазақ классикалық филологиясының ғылыми негізін қалаған Ахмет Байтұрсынұлы «Әдебиет танытқыш» еңбегінің «Ауыз әдебиеті» бөлімінде қазақ мақал-мәтелдеріне тоқталып, жанрлық сипатына: «Мақал да тақпаққа жақын салт-санасына сәйкес айтылған пікірлер. Тақпақтан көрі мақал маңызды, шын келеді», «Мәтел дегеніміз кезіне келгенде кесегімен айтылатын белгілі-белгілі сөздер. Бірақ мақал тәжірибеден шыққан қақиқат түрінде айтылады. Мәтел қақиқат жағын қарамай әдетті сөз есебінде айтылады» деген анықтама береді. Мақалға жиырма тоғыз, мәтелге жиырма төрт мысал келтіреді. Сөз өнерінің көркемдік-эстетикалық жүйесін саралауында мақал-мәтелдер маңызын назардан тыс қалдырмайды. Сөзге мәнерлілік сипат дарытып, көркемділігін, әсерлілігін арттыра түсетін стильдік айшық әсерлеуге қатысты теориялық анықтамасында сөз талғау, тіл көрнектілігін тарқата келіп: «Бір нәрсені өте асырып я өте кемітіп айту әсірелеу болады. «Көп түкірсе, көл болар» деген мақал, «Көзінің жасы көл болды» деген мақал түкірік пен көз жасын өте асырып айтып отыр. «Қара арғымақ арыса, қарға адым жер мұң болар» деген мақал, «Бойы бір тұтам» деген мақал арықтың күші мен аласаның бойын өте кемітіп тұр» деп жазады.

Ал Халел Досмұхамедұлы «Қазақ халық әдебиеті» (Қазақ жоғары педагогикалық институтының қазақ тілі кабинетінде оқылған баяндама) еңбегінде мақалдарды қазақ халық эпосының бір саласы ретінде қарастырып, олардың өзіндік ерекшелігін көрсетеді. «Қазақтың мақалдары мен мәтелдері ағыл-тегіл көптігімен және өткірлігімен ерекшеленеді. Азды-көпті шешен сөйлейтін кез келген қазақ өз сөзінде мақал-мәтелге жүгінуге тырысады, ал билер мен ел ішіндегі ділмәрлардың сөздері халықтық мақалдар мен мәтелдерге тұнып тұр» деген байлам жасайды. Ахмет Баржақсыұлының «Мың бір мақал» жинағының жаңа басылымын жарыққа шығаруға алаш қайраткерлері күш салды. Аталған жинақтың жаңа басылымы 1923 жылы Мәскеудегі Күншығыс баспасынан Нәзір Төреқұлұлы алғысөзімен жарияланды. Қайраткер, ұлттық руханият жанашыры Нәзір Төреқұлұлы: «Ер қазынасы – ескі сөз, ел қазынасы – ескі сөз, тіл қазынасы – ескі сөз» деген бұрынғылардан қалған мақал. Бұл мақал әншейін әлдеқалай айтыла салған мақал емес, өмір жүзінде ел аузындағы ескі сөздер: мақал, мәтел, тақпақ, өлең-жыр секілділердің өте керектігі ащы тәжірибелермен анықталғандықтан айтылған. Оның ішінде, әсіресе тұрмыс тәжірибесінің қорытындысы мақалдар өте-мөте керек. Себебі мақалда айтушы елдің басынан кешірген уақиғалары, тұрмысы, мінезі, тегіс суреттеледі»,- деп жазды.

Қазақ фольклортану ғылымының тарихын зерттеуші Н.Жүсіпов мақал-мәтел табиғатын екшеген Н.Төреқұлұлы пікірін: «Міне, мұнда автор дәстүрлі фольклорды ескі сөз деп қабылдаған. Және де фольклордың мақал, мәтел, өлең-жыр үлгілерін дұрыс анықтаған. Мұнда, ең бастысы халықты танудың бірден-бір қайнар көзі – мақалдарда жатқанын автор дәріптейді. Халықтың ғасырлар бойғы даналығы, тәжірибесі, тұрмыс-тіршілігі, әдет-ғұрпы, тіпті басынан өткен тарихы да – осы мақалдар бойынан табылатыны сараланған. Сөйтіп, автор мақалды таным көзі, дерек көзі, тәрбие көзі деп те бағалаған. Сондай-ақ Нәзір Төреқұлов жаңа есін жиып, тұрмысын түзеп, әдебиетін гүлдендіруге бет алған қазақ халқына таза, әдемі тіл керектігін діттеп,тілдің негізі, жұрнағы ел аузындағы ескі сөз, мақалдарда т.б. жатыр дегенді жазады. Демек, Нәзір Төреқұлов мақалдарды тіл тазалығы үшін күресте насихат құралы ретінде де пайдаланған»- деп бағалайды.Қазақ мақал-мәтелдерін жинау, жариялау ісіне алғаш мұрындық болған Ахмет Баржақсыұлының ізденісі кейіннен заңды жалғасын тапты. Ө.Тұрманжанов қазатың отыз бес мың мақал-мәтелін жинастырып, 1935, 1980 жылдары жарыққа шығарды.

Қорытып айтқанда, қоғам қайраткері, аудармашы, халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинаушы және бастырушы Ахмет Баржақсыұлының «Ашық хат», «Қадірменді Хасанғали мырза!», «Мақалдар» мақалалары – қазақ фольклористикасында өзіндік маңызы бар елеулі еңбектер. Оларда мақал-мәтелдерді жинау, жариялау мәселелерінен бастап жанрлық ерекшелігі айқындалды. Қазақ мақал-мәтелдері әлем халықтарының мақал-мәтелдерімен салыстырала бағаланды. Бұл жерде қазақ фольклортануында интегративті фольклортану, этнофольклортану, социофольклортану қағидаттары алғаш ұштастырыла екшелгені байқалады. А.Баржақсыұлы рухани құндылықтарымызды «Мың бір мақал» атауымен алғаш 1915 жылы шығарған болса, аталған жинақтың жаңа басылымы 1923 жылы Мәскеудегі «Күншығыс» баспасынан Нәзір Төреқұлұлы алғысөзімен жарияланды. Соның барысында фольклорлық үлгілердің халықтық сипатын, әлеуметтік маңызын, эстетикалық әлемін екшеуде құнды тұжырымдар жасалды. Қазақтың мың үш жүз мақалы жиналып, «Мың бір мақал» деген атаумен жарық көрді. Осынау кемел іске Ахмет Баржақсыұлы өлшеусіз үлесін қосты. Оны интегративті фольклортану,аясында терең зерттеу аса өзекті мәселе.