Биыл қазақ этнографиясының негізін қалаушылардың бірі – археолог, этнограф, профессор Халел Арғынбайұлы Арғынбаевтың 100 жыл толып отыр.
Халел Арғынбаев — қазақ этнологтарының көшбасшысы, Қазақ КСР ҒА Тарих, археология және этнография институтының этнография бөлімінің меңгерушісі болған.

Этнология ғылымының болашақ майталманы 1924 жылдың 21 қыркүйек күні Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, № 17 ауылда (Жамбыл атындағы колхоз) орта шаруалар отбасында дүниеге келген. 

Арғынбаевтар отбасы, олардың басқа да ағайындары сынды кеңестік тоталитарлық жүйенің қыспағын көрді.Ұжымдастыру кезінде мал-мүлкінен айырылып, көшпелі және жартылай отырықшы өлкелерді жайлаған зұлмат ашаршылықтан қашуына байланысты 1931 ж. Кузбасқа көшуге мәжбүр болған. Әкесі – Арғынбай бұл жерде шахтер қызметін атқарған. Мұқтаждық келесі жылы әкесін Қиыр Шығысқа – Камчаткадағы Петропавловск қаласына көшуіне мәжбүр етті. Арғынбай – дүкен күзетшісі ретінде жұмыс атқарса, анасы – Қарабаева Майра тігін шеберханасында қызмет еткен. Осы жерде, Петропавловск қаласында Халел Арғынбаев алғашқы рет мектеп табалдырығын аттап, 1934 жылы 2 сыныпты бітірген. Осы жылы отбасының Новосібір қаласына қоныс аударуына байланысты, 3 сыныпты аталған қалада аяқтайды.

1935 жылы Талдықорған облысының Қаратал ауданына көшкен. Мұнда әкесі колхоз ұжымына қосылады. Кейін, 1938 жылы Қапал ауданына қоныс аударады, 1952 жылы зейнетақыға шығады. 1938-1939 оқу жылдары Халел Арғынбайұлы Қоңыр орта мектебін бітіріп, Қапал педагогикалық учлищесіне оқуға түседі. 1942 жылы аталған оқу орнын аяқтайды.

Өзінің басқада қатарластары сияқты 18 жасында Кеңестік Армия қатарына борышын өтеуге шақырылып, Ұлы Отан соғысының майданында күрескен. 1942 жылдың 1 қыркүйегінен 1943 жылдың 13 қаңтарына дейін ол Ташкент қаласындағы Орта Азиялық әскери аймақтың қысқа мерзімді радиотелеграф курстарының курсанты болды. 1943 жылдың 8 наурызынан ол Воронеж майданының 10 артиллерия штабында радист, 1943 жылдың 23 сәуірінен бастап 1945 жылдың мамырына дейін фашистік Германияның толық талқандалуынан кейін Украина майданында 27 артиллерия ІІ-ІІІ бригадасында радист болып қызмет атқарды. Аталған майдандардың құрамында Украина, Молдавия, Румыния, Венгрия, Чехословакия, Югославия және Австрия аймақтарындағы әскери іс-қимылдарға қатысты.

«Отан соғысы» ордені, «Жауынгерлік еңбегі үшін» медалі, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» естелік медалі және т.б. жауынгерлік наградаларды иеленген.

Әскерден кейін Халел Арғынбайұлы өзінің туған өлкесіне оралып, білімін жоғары деңгейде жетілдіру мақсатында 1947 жылы қыркүйек айында Абай атындағы Ұстаздық және Педагогика Мемлекеттік институтының тарих факультетіне оқуға түсіп, 1951 ж. үздік бітіріп шығады. Аталған жылдың тамыз айында республикадағы ағартушылық жұмыстарын жүргізу барысында Министрліктің тапсырысы бойынша Панфилов қаласының Педагогикалық училищесіне оқу ісі жөніндегі директордың орынбасары қызметіне жіберіледі. Осы қызметті атқарумен қатар, ол КСРО және ҚазССР тарихы дәрістерінен сабақ береді. 1954 ж. 15 қазанында Халел Арғынбайұлы конкурс негізінде Қазақ КСРО-ның Ғылым академиясы Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының (кейін – ТАЭИ) этнография бөлімінің аспирантурасына оқуға түседі. Аспиранттың ғылыми жетекшісі болып, қазақ халқының дәстүрлі этнографиясына сүбелі еңбек сіңірген Ирина Витальевна Захарова бекітілді. Халел Арғынбайұлының диссертациясы И.В. Захарованың ғылыми ізденістерімен ұштастырылып, Институттың Ғылыми кеңесінде келесі атаумен бекітілді – «Орыс пен қазақ халқының тарихи-мәдени байланыстары және олардың ХІХ ғ. екінші жартысы мен Қазан төңкерісіне дейінгі қазақтардың заттық мәдениетіне ықпалы (Семей облысы материалдары бойынша)». Бұл жұмыс ел арасынан жиналған мәліметтермен, ҚазССР ОММ мен Семей облысының тарихи-өлкетанулық музейінің мұрағат құжаттары, төңкеріске дейін жарияланған әр түрлі әдебиеттерді пайдалана отырып жазылған. 1957 ж. қараша айының ортасында Қазақстан этнографиясы бойынша мамандырылған Халел Арғынбайұлының аспиранттық мерзімі аяқталады. 16 қарашада Институттың этнография бөлімінде жұмыс ғылыми талқылаудан өткізіліп, оны аталмыш бөлімде кіші ғылыми қызметкер, кейіннен ҚазССР Ғылым академиясының Қоғамдық ғылымдар бөлімінің президиумында бекітуге ұсынады. Екі жылдан кейін, оның тарихи-этнографиялық зерттеулері ҚазССР Ғылым академиясының ТАЭИ Еңбектерінде жарияланады. Шығыс Қазақстанның материалдары негізінде жазылған диссертацияның басым бөлігі Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының Н.Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнография институтының Орта Азия мен Қазақстан халықтары секторында талқыланып, Диссертациялық кеңесте қорғауға ұсынылады. 1960 жылы Мәскеуде Халел Арғынбайұлы кандидаттық диссертациясын табысты қорғайды. Оның көптеген жылдардағы әр облысқа, аудандарға Шығыс, Солтүстік, Орталық, Батыс, Оңтүстік Қазақстан және Жетісу жерлеріне ғылымдағы аға әріптестерімен – академик Ә.Х. Марғұлан, тарих ғылымдарының кандидаты И.В. Захарова, жас ғалым М.С. Мұқанов және Р.Д. Ходжаевамен жасалған экспедицияларының нәтижесінде ел арасынан қыруар мәліметтер жинады.

Бұл мәліметтер Орта Азия және Қазақстанның тарихи-этнографиялық Атласына, екі томдық «Орта Азия және Қазақстан халқы» этнографиясына, «Қазақ колхоздық ауылдарының мәдениеті мен тұрмысы», сонымен қатар Институттың этнология бөлімі қызметкерлерінің болашақтағы ғылыми зерттеулеріне құнды мәліметтер болып табылады.

Профессор Халел Арғынбаев ХХ ғасырдың екінші жартысында «қазақ этнографиялық мектебінің» жетістіктерін шыңдап, оны жетілдіре отырып, зерттеу жұмыстарының дәстүрлі және жаңа бағыттарын қалыптастырған. Кәсіби кадрларды дайындауда, этнологтардың заманауи мектебін қалыптастыруда, этносоциологтар мен этноархеологтардың, музейтанушылардың және т.б. қалыптасуына, бірқатар аралас пәндер мен ғылымда үлкен манызға ие қазақ этнографиясының дамуына үлкен үлес қосты.

Соғыстан кейін ол білімін жалғастыруға шешім қабылдап, 1947 жылдың қыркүйегінде Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тарих факультетіне оқуға түседі. Оны 1951 жылы үздік бітіріп шығады. Республиканың Білім министрлігінің бөлуімен Панфилов қаласындағы педагогикалық училищеге бас оқытушы болып жіберіліп, «КСРО тарихы» және «Қазақ КСР тарихы» пәндерінен сабақ берді. 1954 жылы Халел Арғынбаев Республика Ғылым академиясы Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтының күндізгі аспирантурасына байқау негізде оқуға түседі.

Халел Арғынбаев Қазақстандағы этнография ғылымының негізін салушы академик Әлікей Марғұланның мектебін жалғастырды. Ол тек Қазақстанның ғана емес, бүкіл Орта Азияның этнографиялық мұраларын зерттеуде үлкен еңбек сіңірген. Қазақтың туысқандық жүйесін, халық шаруашылығының ерекшелігін, қазақ қолөнерінің бірегейлігін зерттеп, онысын үнемі екі тілде жариялап отырған ғалым.

1960-1970 жылдары ғалым әлемдік деңгейдегі ғылыми конференциялар мен симпозиумдарға жиі қатысып, қазақ этнографиясының жетістіктерін халықаралық қауымдастыққа танытты. Ресей, Өзбекстан, Түркіменстан сияқты көршілес елдердің этнографтарымен тығыз байланыста жұмыс істеп, ғылыми қарым-қатынастарды нығайтты.

Халел Арғынбаев қазақ халқының тарихи-этнографиялық мәселелерін зерттеуде үлкен еңбек сіңірген ғалымдардың бірі болды. Ол 1959-1976 жылдары Қазақстанның әртүрлі өңірлерінде арнайы ұйымдастырылған этнографиялық экспедицияларды басқарды. Бұл экспедициялар барысында қазақ халқының салт-дәстүрлері, әдет-ғұрыптары, тұрмысы туралы көптеген материалдар жинақтады. Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық атласын құрастыруға қатысып, осы жұмыстардың нәтижесінде этнография саласындағы 200-ден астам ғылыми еңбек пен монографиялар жазды. Олардың ішінде: «Қазақ халқының қолөнері»; «Қазақ колхоз ауылының мәдениеті мен тұрмысы»; «Қазақ отбасы»; «Қазақтардың тіршілігін қамтамасыз етудің дәстүрлі мәдениеті»; «Қазақ шежіресі хақында» және т.б. Халел Арғынбаев академик А. Х. Марғұланның ғылыми-этнографиялық мектебінің негізін қалаушы дәстүрін жалғастырып қана қоймай, өзінің қазақстандық этнография мектебін қалыптастырды. Оның ғылыми жетекшілігімен Мәскеу және Алматы қалаларында «Этнография» мамандығы бойынша 15-ке жуық докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды.

Халел Арғынбаев Алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың елі – Әулиелі Қызылтауда дүниеге келген. Тірісінде тарих ғылымдарының докторы, профессор атағын иеленіп, соңына елеулі зерттеу еңбектерін қалдырды. Арғынбаевтың ең танымал еңбектерінің бірі – 1973 жылы жарық көрген «Қазақ халқындағы семья мен неке» (тарихи-этнографиялық шолу) атты монографиясы.

Халел Арғынбайұлының тек тарихшы, этнограф, жалпы гуманитарлық бағыттардағы ғалымдарды ғана емес, жалпы оқырман қауымның қызығушылығын арттырды. Аталмыш зерттеуінде ғалым алғашқы дәстүрлі қазақ отбасының жан-жақты құрылымын, сипатын, түрлерін анықтап, отбасы дәстүрінің өзіндік ішкі қарым-қатынасын, сонымен қатар, Қазан төңкерісіне дейінгі Қазақстанда кең таралған неке түрлерін қарастырды. Қорытынды төртінші бөлімінде республика көлемінде этнографиялық экспедицияда 20 жыл бойы ел арасынан жинаған материалдары бойынша Кеңес дәуіріне дейінгі отбасы-неке қарым- қатынасына байланысты негізгі бөліктерін жинақтап айқындайды. Соның ішінде автор 1920-1930 жылдардағы қазақ әйелдерінің теңдігі, көп әйел алуды жою мен әмеңгерлікке көңіл бөлген. Сондай-ақ, соңғы онжылдықтағы отбасы жағдайындағы өзгерістер, әлеуметтік-экономикалық және мәдени өмірі жайлы да айтылады. Осындай көлемді монографиялық зерттеу нәтижесі Х.Арғынбаевқа 1975 жылы республикамыздың Ғылым академиясының Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтының Диссертациялық кеңесінде «Қазақ халқындағы семья мен неке» атты докторлық диссертациясының қорғауына негіз қалады. Осындай беделділік, ғылымға деген қызығушылық, бөлімдегі әріптестеріне деген сыпайылық пен жақсы қарым-қатынасының арқасында 1976 жылы ҚазССР Ғылым академиясының вице-президенті, Институт директоры А.Н. Нүсіпбеков 1976 жылдың желтоқсанында Халел Арғынбаевты этнография бөлімінің меңгерушісінің уақытша атқару қызметіне тағайындады.

1977 жылы 20 мамырда конкурс нәтижесі бойынша осы қызметке сайланады. Осы жылдың 28 мамырында ҚазССР Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, бөлімнің академик-хатшысы З.А. Ахметовтың басқаруымен Қоғамдық ғылымдар бөлімі бюросының мәжілісінде, конкурс нәтижесі бойынша этнография бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындалды. КСРО Министрлер Кеңесінің Жоғарғы Аттестациялық Комиссиясының 1982 ж. 19 ақпандағы шешімімен ғалымға археология және этнография кафедрасының профессоры атағы берілді.

1980 ж. жарық көрген «ХІХ-ХХ ғғ. қазақ халқының шаруашылы» атты ұжымдық монографияда, көп жылғы жұмыс нәтижесінде Орта Азия халықтары және Қазақстанның тарихи-этнографиялық Атласы еңбектерінің «Төртүлік және оның түрлері», «Төртүлікке байланысты наным-сенімдер» негізі бөлімдерінің авторы Х.А. Арғынбаев болды. 1990 ж. 1 қаңтарындағы мәлеметтер бойынша Х.А. Арғынбаевтың 7 монографиясы, 167 мақаласы, солардың ішінде докторлық диссертациясын қорғаған уақыттан бері қарай 2 монография және 102 мақаласы жарық көрді.

«Халел Арғынбаевтың ғылымда өнімді жұмыс істеген уақыты 1960-1980 жылдар. Сол кезеңде ғалым 30-ға жуық ғылыми экспедицияның жетекшісі болып, Қазақстанның барлық аумағын аралап шыққан. Кейін жазған құнды материалдарын ғылыми жинақтар мен журналдарда, шетел басылымдарында жариялайды. Тағы бір ірі монографиясы «Қазақ халқының қолөнері» деп аталады. Қазіргі этнографтар мен қолөнершілер үшін бұл таптырмайтын еңбек», — дейді Павлодардағы Г. Потанин атындағы тарихи-өлкетану музейі этнография бөлімінің басшысы Жеңісбек Қадырұлы.

Ш.Ш. Уәлиханов атындағы ТАЭИ ғылыми өміріндегі ерекше құбылыс ретінде 1995 жылы жарыққа шыққан «Қазақтар». Тархи-этнографиялық зерттеу» ұжымдық монографиясын атауға болады. Бұл монографияда этникалық үдерістер, дәстүрлі шаруалықты жүргізудің әдістері, ұсталық өнері, материалдық және рухани-мәдени элементтері, ХІХ-ХХ ғғ. Бұл еңбекте қазақ халқының отбасылық құрылымы, неке институты және оған қатысты әдет-ғұрыптар терең талданған.

1990 жылдың екінші жартысында ғалым белсенді түрде қазақтың тарихи этнографиясының белгісіз жақтарын зерттеуді бастайды. Мәселен, дәстүрлі ілімдердің тіршілік қамы қызметтері мен генеология (шежіре) мәселелері. 1998 ж. Х.А. Арғынбаев қаза болған соң «Қазақтардың дәстүрлі мәдениетінің тіршілік қамы» атты ұжымдық монографиясы жарық көреді. Бұл жұмыс отандық этнологиядағы теориялық және нақты-этнографиялық зерттеу бойынша алғашқы еңбектердің бірі болып табылады. Халел Арғынбайұлы аталған еңбекте қазақтардың тіршілік қамы мәдениетінің құрамдас бөлігі дәстүрлі ілімдердің құрылымы мен тіршілік қамы қызметін зерттеген.

1996 жылы бұл еңбек «Қайнар» баспасынан «Қазақ отбасы» деген атаумен екінші рет жарық көрді. Ғалым бұл еңбегінде қазақ отбасының өткенін, салт-дәстүрлерін кеңінен зерттеп, оны қазіргі заманға бейімдеп түсіндіруге тырысты. Бұл кітап қазақтың ұмытылып бара жатқан озық дәстүрлерін насихаттап, одан ғибрат алуға үндеуді мақсат тұтты.

Бұл – автордың ширек ғасыр бойы ел арасынан, этнографиялық экспедициялардан, мұрағаттардан және бұрын-соңды баспа жүзін көрген әдеби мұралардан жинаған қыруар этнографиялық зерттеу еңбегі. Онда қазақ отбасының өткені мен бүгіні, халқымыздың оған байланысты бай салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары терең қамтылған. Кітапта халықтың ұмытылып бара жатқан озық әдет-дәстүрлерін кеңінен насихаттау, одан ғибрат алуға үндеу мақсат етілген. Бұл еңбектен басқа «Қазақ халқының қолөнері», «Хозяйство казахов», «Қазақ шежіресі хақында», «Казахи. Историко-этнографическое исследование» және т.б. маңызды дүниелерді жарыққа шығарды.

Белгілі ғалым Жамбыл Артықбаев былай деп жазады: «Қазақ этнография ғылымы Халекеңнен басталады. Халекең үлкен кітап түгілі, әр мақаласына барынша жауапты қарайтын, ғылымдағы асығыстыққа қарсы адам еді. Ол жағынан Халекеңді ғылымдағы академиялық дәстүрдің өкілі деп толығымен атауға болады. Біз кандидаттық диссертациямызды отызға жетер-жетпесте асығып қорғап жатқанымызда, ол кісі өзінің 36 жасында алғашқы ғылыми атағын қорғағанын айтатын. 1960 жылы Мәскеуде Х. Арғынбаев «Историко-культурные связи русского и казахского народов и их влияние на материальную культуру казахов» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл диссертацияда ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы тарихи-этнографиялық деректер негізінде және өзінің шекаралық алқапта ерінбей-талмай жаяулап жүріп жинаған материалдарының негізінде Ертіс бойындағы қазақ-орыс қарым-қатынастарының әртүрлі салаларын қарастырған. Ертіс бойы қазақтарының өзге ұлт өкілдеріне әсері күшті болғанын сол жердің тумасы Г. Потанин де кезінде жазған еді. Халекеңді бұл жағынан Ш. Уәлихановтың, оның досы Н. Потаниннің жолын жалғастырушы деп те атауға болады».

2000 жылы Халел Арғынбаев, М.С. Мұқанов және В.В. Востров қайтыс болғаннан кейін, олардың еңбегі бағаланып, қазақтардың үш жүзі – Ұлы, Орта, Кіші, тайпаларының генеологиясына (шежіре) қатысты жұмыстары жарияланды. Еңбектің басқа ұқсас зерттеулерден айырмашылығы сипаттау, классификациялау сияқты ғылыми әдістерімен қоса, қазақ жүздерінің шығу тегі, олардың орналасуы мен этникалық құрамы кең түрде қарастырылған. Сонымен қатар, Х.А. Арғынбаевты қазақстандық этнографтар мектебінің негізін қалаушысы деп айтуға толық негіз бар. Оның ғылыми жетекшілігімен «этнография» мамандығы бойынша Алматы және Мәскеу қалаларында 15 докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғалды. Ғалымның шәкірттері арасында құнды жұмыстарымен республикамызда танымал тарих ғылымдарының докторлары Ү.Қыдыралин, С.Е. Әжіғали, Ж.О. Артықбаев, Ш.Ж. Тохтабаева, А.У. Тоқтабай, А.Б. Қалыш және т.б. атауға болады. 

Халел Арғынбаев қазақ халқының тұрмысына, қолданбалы қолөнеріне, шаруашылық өміріне қатысты көптеген маңызды ғылыми зерттеулер жүргізді. Оның еңбектері қазақ этнографиясын дамытып қана қоймай, оны жаңа деңгейге көтерді. Арғынбаевтың этнография саласындағы еңбектері тек ғылыми мақалалар мен монографиялармен шектелмеді. Ол Қазақстан және Орта Азия халықтарының тарихи-этнографиялық атласын жасауға атсалысып, қазақтың этнографиялық мұрасын сақтауға үлкен үлес қосты.

Ғалымның еңбектерінің ішінде «Қазақ халқының қолөнері», «Қазақ шежіресі хақында», «Хозяйство казахов» сияқты зерттеулері ерекше орын алады. Бұл еңбектерде қазақтың қолөнер шеберлігі, шежіресі, туысқандық жүйесі мен шаруашылығы жан-жақты талданған. Сонымен қатар, ғалым қазақ халқының қолөнерін, әсіресе, ат әбзелдері мен қамшы жасауды ғылыми тұрғыдан зерттеп, олардың түрлері мен қолданылуын егжей-тегжейлі сипаттаған.

Халел Арғынбаевтың этнографиялық зерттеулерінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі мен мәдениетінің әртүрлі аспектілері терең қамтылған. Ол қамшының түрлерін, құйысқан, өмілдірік, тартпа секілді ат әбзелдерінің түрлерін жүйелеп, олардың жасалу технологиясын, қолданысын сипаттаған. Бұған қоса, ғалым зерттеген кез келген этнографиялық бұйымды өзі суретке түсіріп, оны ғылыми басылымдарға енгізді. 1956 жылы Көкшетаудағы музейден қазақ садағының ерекше түрін суретке түсіргені де көпшілікті таңқалдырған еді.

Халел Арғынбаев қазақтың ат әбзелдеріне алғаш рет ғылыми тұрғыдан баға беріп, ондағы әрбір деталь мен ою-өрнекті талдап, олардың қолданысы жайында кеңірек сипаттаған. Қамшыны «мүйіз сапты қамшы», «тобылғы сапты сарала қамшы», «ырғай сапты қамшы», «үш өрімді қамшы», «сабы елік сирағынан жасалған қамшы», «өрме сапты қамшы», «қамшы өрімін өзінен өру үшін жасалған қамшы» деп жетеуге бөлген. Бұған қоса құйысқан, өмілдірік және тартпа түрлерін де жіктеп берген. Жерлесіміз кезінде суретшілігімен де аты шыққан екен. Өзі зерттеген кез келген этнографиялық бұйымды айна-қатесіз суретке түсіріп, баспаханалардан түзетусіз шығарған. Көкшетаудағы музейден 1956 жылы суретін салған қазақ садағының ерекше түрі де таңқалдырады.

Халел Арғынбаевтың мұрасы және жастарға үлгі. Халел Арғынбаев қазақтың этнографиялық мұрасын сақтауға және оны ғылыми тұрғыдан зерттеуге орасан зор үлес қосқан тұлға. Оның еңбектері тек Қазақстанның ғылыми қауымдастығы үшін ғана емес, бүкіл қазақ халқы үшін үлкен мұра болып қала бермек. Ғалымның зерттеулері бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтпай, қазақтың бай мәдени мұрасын зерттеп, насихаттауға үлес қосып келеді
Халел Арғынбаевтың еңбектері қазақ мәдениетінің байлығын ашып, оны келешек ұрпаққа жеткізуге бағытталған. Оның этнографиялық зерттеулері мен ғылыми еңбектері қазіргі зерттеушілер мен жас ғалымдар үшін таптырмас үлгі болып қала бермек.