Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов  1924 жылдың 22 қазанында Қызылорда облысының, Арал ауданының, Құланды поселкесінің Үшкөң ауылында дүниеге келген. Қазақстанның халық жазушысы. ХХ ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосып  жүрген суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.

1941-1945 жылдардағы II Дүниежүзілік соғыс ардагері, Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курляндия плацдармындағы шайқастарға қатысқан.
Ата-тегіне тоқталсақ, Арал маңын ежелден қоныс еткен. Жетінші атасы Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туған. Осы үшеуі, Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі 1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім қыран салып саяттаған, ауылнай қызметін атқарған кісі. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылдың 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапқан.Жазушы өзі туралы сыр- сұхбатында: «Біздің ру Жақайым, одан Бәйдібек, одан Бәйімбет шығады. Бәйдібек батырлау, бір тайпа елдің басшысы, көсемі болған кісі. Әбілқайырмен бірде тіл табысып, бірде тіл табыса алмай  айшайысып жүретін өркөкірек, өзімшіл жан болыпты. Орыс офицерінің жазуында 1745 жылы қайтыс болды делінген. Батырды жерлеуге Нұралы хан және Есет батыр келіпті. Алтыншы атамыз Қойдан жуас, қой аузынан шөп алмас момын кісі болыпты. Дегенмен, өз жөнін ақылына бағындырып отырады екен. Бесінші атамыз Арғынбай заманында би болған, сөз білетін, от ауызды кісі деседі. Бірде жол жүріп келе жатқан Арғынбай ауыл шетіндегі үйге келіп түседі. Үй иесі дастархан жайып: “Ареке, алдыңызға жібек дастарқан жайдық, зерен қойдық, сол зерендегі асқа ат қойып ішіңіз”, – депті. Ыдыстағысы боза болса керек. Сонда Арғынбай тұрып: “Мынау мойтап деген ас екен, Ішіп ал да ой тап деген ас екен, Ақылды ішсе – дана болатын ас екен, Ақымақ ішсе – диуана болатын ас екен”, – деп сусынды ерніне тигізіп, қайтарып беріпті деседі.

Арғынбайдың басында құлпытас бар, оны баласы Сыланбай кірешілерге ілесіп Орынборға барған кезінде әкеліп орнатқан. Сыланбайдан – Нұрпейіс, Нұрпейістен – Кәрім, Кәрімнен – өзім. Өзім туған 1923 жылымды білгеніммен, айы-күнін білмеймін. Соғыстың алдында әкемнен: “Қай күні тудым?” – деп сұраған едім, “Оны қайтесің?” – деді. “Комсомолға өтейін деп едім”. “Ит біліп пе. Теңіз жағасына қар жауды. Кешкісін ауылдың сиырына қасқыр тиді. Қасқыр қарнын жарған қара өгіздің етінен шешеңе қалжа жасап бердік. Ойымша, шамамен қараша болуы мүмкін”, – деген еді жарықтық.

Нұрпейіс екі сайлауда болыс болған, екінші сайлаудың ортасында мешіт ұстаған. Имамы Бұқарадан  бітіріп келген Үмбет ақын. Беларан деген аласа тау бар. Қатпар-қатпар тас, алқа бел ұзын, бір тұмсығын теңізге сұғып жатады. Сол жердегі ауылда оқыдым. Бізде Арқадағыдай аштық болған жоқ, теңіз жағалап балық аулағанның өзегі талмайды екен. Зәт дегеннің үйін жалдап оқыдық. Кейде әйелі шығып: “Бүгін сабақ болмайды. Қожайын ауырып қалды”, – дейтін. Ол күні қуанып үйге қайтамыз. Ақерке есімді сұлу апайымыз сабақ берді. Нұрпейіс ерте 53 жасында қайтыс болды. Қаңтарда әжем бақилыққа аттанды. Мен де шешемді мойындаған жоқпын. Нұрпейістің кенжесі болып өстім. Сол жылы өзім жалаңаяқ болған соң мектепке бармадым. Келесі жылы 2-сыныптан оқыдым. 3-сыныпты Құландыда, 4-сыныпты Көкаралда бітірдім. Менің оқуым ит тістеген терідей болды. 5-сыныптан бастап дұрыстап оқыдым. 6-сыныпта интернатта жаттым», – дейді.     Сәбит Мұқановтың “Адасқандар” мен “Жұмбақ жалауы”, Мұхтар Әуезовтің “Абай  жолы”  романының  алғашқы екі кітабы (эпопеяның екінші кітабы кейіннен шықты), Сервантестің “Дон-Кихот” романының қазақша аудармасы қол сөмкемізден түспеуші еді. 10-сыныпты оқып жүріп повесть жазғалы бел будым. Әскерден қайта оралсам – баяғы жазғандарымның бәрі жоқ. Қатесі көп еді, жоғалғаны жақсы болды.» – дейді жазушы естелігінде.

1942 жылы орта мектепті тәмамдасымен армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына қатысқан. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты. Ә.Нұрпейісов естелік кітабында өзі туралы  былай сыр шертеді :    «Біраз жасадым. Еш уақытта бұл жасқа келемін деп ойламаппын. Тәркілеу болып жатқан уақыт есімде. Сол кездегі көп нәрсе көз алдымда. Ашаршылықты көрдім: өмірге өкпем жоқ. Қайғы-қасіреті, қуаныш-қызығы да көп болды. Аштықта есектің етін жегендер де болыпты. Мектепте оқып жүргенімде күнде маған сүтке салып, бір кесе сөк беретін. Әкемнің екі әйелі болды. Кешқұрым туыстар біздің үйге жиналатын. Көшелі атамыз кіріп келіп, екі келіні тазалап отырған шикі қаздың басын алып, тұмсығынан ұстап, аузына салып, ұзақ талмап шайнайтыны есімде қалыпты. Бұл аштықтың тіршілігі еді. 1943 жылдың наурыз айында лейтенант болдым. Әуелі ұшқыштар курсын оқыттым. Курс маған қиын болды. Әуеге көтерілген кезде көп құсатын едім. Ұшақты қондыру да маған қиынға соғатын, – дейді жазушы.

“Курландия” романы — Қаламгер Ұлы Отан соғысынан кейін бірден әдебиет табалдырығын роман жазып аттады. 1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курландия» романын жазуға кіріскен. Бұл шығарма 1950 жылы жарыққа шықты.

Туынды үш бас кейіпкер – Есей, Петр Денисов, Қожақ айналасында өрбиді. Есей әр тасырманы тыңғылықты орындайтын, Отанын сүйетін патриот адам ретінде суреттелген. Денисов та роман барысында әзілсүйгіш, ақжарқын адам ретінде бейнеленеді. Қожақ та әзілкеш, қу адам. Бірақ өзінің алға қойған мақсаттары мен, асыл мұраты бар. Романдағы тағы бір кейіпкер Генерал Разумов. Ол романда көп айтылмаса да, соғыстағы ерліктері мен, ұрыс кезіндегі қолданған тактикалары арқылы оқырманды қызықтырып отырады.

1958 жылы “Курландия” романы “Күткен күн” деген жаңа атпен жарық көрді. Жалпы айтқанда, бұл роман Ұлы Отан соғысы туралы, Балтық республикалары аумағын фашистік ордадан азат еткен Екінші Балтық және Ленинград майдандары солдаттары мен офицерлерінің әскери ерліктері туралы шығарма. Роман Қазақстанның Жамбыл атындағы республикалық сыйлығына ие болды.

Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл  Қазақ  мемлекеттік университетінде оқыды. 1954 жылы Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, оны 1956 жылы бітірді. Тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың  иегері атанды.

Проза саласында үзбей еңбектенуімен қатар, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түсті. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы да болып қызмет істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты да болды.

1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданып, нарық заманында халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланды. 2000 жылдан бастап ПЕН клубы жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы да.

Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды. Атап айтсақ, Француз Луи Арагон, ресейлік  Юрий Казаков, Сергей Баруздин, Анатолий Ким, Николай Афанасьев, Лев Аннинский, Леонид Теракопян, Валентин Оскоцкий, испандық Август Видаль, қырғыздық  Шыңғыс Айтматов, башқұрттық  Мұстай Карим, немістер Лео Кошут, Ральф  Шрейдер, қазақстандық Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Мұхамеджан Қаратаев, Тахауи Ахтанов, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Герольд Бельгер, Ақселеу Сейдімбек, т.б. ол туралы тебірене жазды.

Қуатты қалам иесінің жазып жүрген естеліктері де көркем мемуарға жаңа леп әкелді. Қаламгердің жанкештілігі сондай, дүние жүзіне әйгілі шығармаларының өзін әр басылымы сайын қатаң сын тезіне салып, ұштап, сүргілеп, қырнап, мінеп отырады. Бұл – көркем сөз құдыреттілігі алдында бас ию деген сөз. Әдебиетке сүйіспеншілікті, ар ісіне берілгендікті ұлы Абай айтқан «жар ісіне» теңгеру, «қорлығына», «мазағына», “азабына көну”. Әдебиеттің жауапкершілігі зор дүние екендігін байыбына бара түсінгендік болып табылады.

«Қан мен тер» трилогиясы, «Соңғы парыз» дилогиясы Ә.Нұрпейісовтің ғана емес, күллі қазақ әдебиетінің табысы. Жазушының ерен еңбегі елдің, мемлекеттің жоғары бағасына ие болды.

«Соңғы парыз»- автордың бұл романы алғаш рет 1999 жылы “Жазушы баспасынан жарық көрді. «Соңғы парыз» роман-дилогиясы – әлеуметтік-психологиялық шығарма. Романдағы басты оқиғалар Бәкизат, Әзім және Жәдігер атты үш кейіпкержің айналасында өрбиді. “Соңғы парыз” мазмұн жағынан “Қан мен терге” ұқсас әлеуметтік-психологиялық шығарма.

Шығарма туралы орыстың белгілі жазушысы Анотолий Ким: “Соңғы парыз” – бүгінгі күннің бас тақырыбына арналған түйінді роман. Роман біз бастан кешкен адыра қалған арман, ақталмаған үміт, зая заман жайлы. Роман финалы таң қаларлық. Автор аспан құлап жерге түскендей заман­ақыр­лық пессимизмді қалай еңсерген. Бәрі қарапайым. Тіл безеу атымен жоқ”, — дейді.

Романда сол кездегі заман, экологиялық проблемалар, қоғамның моральдық жағдайы, ар-ождан мен азаматтық борыш алдындағы жауапкершілік туралы айтылады. Оқиғалар табиғатқа екі түрлі көзқарас пен өткір экологиялық проблемалардың күрт шиеленісуінде, өліп бара жатқан Арал теңізінің фонында өрбиді.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтың “Курландия”, “Қан мен тер”, “Соңғы парыз” романдары орыс, француз, испан, чех, румын, түрік және басқа тілдерге аударылған.

Таңдамалы әдеби-сын мақалалары «Толғау» (кейіннен «Жү­регі толы жыр еді») деген атпен қазақ және орыс тілдерінде жеке кітап болып шық­ты (1972), 1985 жылы «Ақ­бидай туралы аңыз» атты очерк­тер жинағы жа­рық көрді.

Әбдіжәміл Нұрпейісовтің “Қан мен тер” трилогиясы – “Ымырт” (1961), “Сергелдең” (19б4), “Күйреу” (1970) атты үш бөлімнен тұрады.

Бұл романның басты кейіпкері – Еламан. Жазушы Еламан арқылы сол кездегі халықтың әлеуметтік тұрмысын, тағдырын суреттейді.

А.Нұрпейісовтің “Қан мен тер” роман-трилогиясы қазақ романының дамуындағы маңызды болған шығарма. Автор белгілі бір кезеңдегі адамдардың өмірін суреттеудегі шеберлігі мен осы қиын -қыстау заманда өмір сүрген бас кейіпкер Еламанның өмірі, оның өмірлік қиыншылықтарға қарамастан кедергілерді жеңе білуін шебер тілмен жеткізеді.

Сонымен бірге, Еламанның, қарт Сүйеудің, Мөңке шалдың, Ақбала, Тәңірберген, Судыр Ахметтің көркем образдары жан-жақты ашылған.

Әбдіжәміл Нұрпейсовтың басты шығармасы болатын “Қан мен тер” туралы белгілі әдебиеттанушы ғалым Рымғали Нұрғали:

“Тарихи-революциялық тақырыпқа жазылған қазақ романдарының ішінде жанрлық-композициялық, стильдік тұрғыдан “Қан мен тер” трилогиясының өзгешеліктері мол. Біріншіден, шығармада дәуір тынысын 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінен бастап, Колчак, Дулатов армияларының талқандалған шағына дейінгі мерзім кең қамтылып суреттеледі. Екіншіден, “Қан мен терде” басқа туындыларда аталып қана өтетін патшашыл ақ әскерінің тіршілік келбеті мейлінше толыққанды бейнеленеді. Үшіншіден, романдағы авторлық мақсат, сюжеттік арналар, көркемдік зерттеу нысаны жаңа. Төртіншіден, Ә.Нұрпейісов сан алуан қасиеттерімен қалыптасып болған әлеуметтік-психологиялық талдау өнерінің қазақ топырағындағы жетілген өресін танытады”, — дейді.

1974 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісовке “Қан мен тер” трилогиясы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді, кітап әр түрлі ұлттардың тіліне аударылды, осы аттас фильм түсірілді.

Жазушы А.П.Чеховтың, А.М.Горь­­­кийдің, Назым Хикмет­тің, ис­пан жазушысы А.Кэсонның шығар­маларын қазақ тіліне аударған.

2001 жылы Мәскеудегі Ха­лық­­аралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атын­дағы сыйлықтардың лауреаты атанды. Қызыл Жұлдыз, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет Белгісі», Халықтар достығы (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет грамотасымен марапатталған. Ол – КСРО Мемлекеттік сыйлығының  иегері.Бұл мәртебелі сыйлықты жазушылардан  Қазақстанда  үш  қаламгер : Мұхтар Әуезов, Әбдіжәміл Нұрпейісов, Жұбан Молдағалиев қана алған.

Қазақстанның Еңбек Ері, Халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сый­лығының лауреаты Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов 98 жасқа қара­ған шағында дүниеден озды.

Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер. Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды.

Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі.

Ол – Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғасы ғана емес, Мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық тұрғыдан дамуына өз үлесін қосқан қоғам қайраткері.