Сәбит Мұқанұлы Мұқанов (1900-1973), жазушы, осы заманғы қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, Қазақ КСР ҒА-ның академигі. Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында туған. 1919 жылы Омбыда курсты аяқтаған соң ауылда мұғалім болған. 1925-1928 жылдары республикалық баспасөз органдарында жұмыс істеп, ҚазАПП-тың жауапты хатшысы болған.

Қаламгер шығармашылығы өлең жазудан басталған. «Ойлар», «Кедейдің зары» және «Бостандық» өлеңдерінде қарапайым адамдардың өмірін, бостандық пен теңдікті жырлаған. «Жұмаштың өлімі», «Альбом», «Ленин», «Балбөпе», «Октябрь өткелдері», «Сұлушаш», «Ақ аю», «Жұпархан» және т.б. поэмаларын қазақ халқының жолы, оны тарихи тағдыры, жаңа заманның белгілері ой-толғауға негіз болған. С.Мұқанов қазақ прозасының дамуына елеулі үлес қосты. Ол 21 жыл әңгіме жанрында белсене еңбек етті. Оның «Ақбөпенің құпиясы», «Достар». «Балуан Шолақ», «Шопанның ұлы» сияқты повестерінің тақырыптары әрқилы. Қазақ әдебиетіндегі роман жанрына да С.Мұқанов сүбелі үлес қоса білді. Оның жарқын үлгісі «Адасқандар» романы болып табылады, ол автор қайта өңдеген соң «Мөлдір махаббат» деп аталды. Бұл таптық күреске арналған қазақ прозасындағы тұңғыш ірі көлемдегі әлеуметтік-психологиялық шығарма. «Жұмбақ жалау» (екінші рет «Ботагөз» деп аталған) және «Сырдария» романдары да қазақ әдебиетінің алтын қорына енді. М.Горькийдің кеңесі бойынша жазылған «Өмір мектебі» трилогиясы С.Мұқановтың бағдарламалық кітабы, онда қазақ халқы тарихының шиеленісті кезеңіндегі тағдыры бейнеленген. Ұзақ жылдар бойы зерттеу жұмыстарының нәтижесінде әйгілі ағартушы-демократтың өмірі туралы «Шоқан Уәлиханов» драмалық шығармасы мен «Қашқария қызы» драмасы туды. Шоқан Уәлихановқа сондай-ақ «Аққан жұлдыз» дилогиясы арналған.

Сәбит Мұқанов Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Ленин, Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған.