Биыл туғанына 100 жыл толып отырған қоғам қайраткері Тұрғанбек Қатаевтың бүкіл саналы ғұмыры ел тарихының кеңестік кезеңімен тікелей байланысты.
Тұрғанбек Қатаев 1919 жылдың 14 қыркүйегінде Алматы облысы Іле ауданының Әли ауылында дүниеге келген. Бұл жылдар әрине, жас сәбидің есінде жоқ және оның санасына әсер ете қоймайды. Әкеден жастай айырылып, жетімдіктің ащы дәмін ерте татты.

ОЛ өзінің естелік кітабында: «Маған 8 жасымнан бастап жұмыс істеуіме тура келді. Байлардың қозылары мен бұзауларын бағып, өз нанымды өзім тауып жедім, анама көмектестім», – деп еске алады. Бұл 1927 жылдар болатын. Халық жаңа өмір салтын құра бастаған жаңару жылдарында тәрбиеленіп, ерте есейіп өсті. Балалық шағы ұлт тағдырының ауыр кезеңіне тұспа-тұс келіп, ел басына күн туған жылдары нәубет ауыртпашылығын да бастан өткерді. Балалық шақтың ауыр тағдыры оның бойына табандылық пен өжеттілікке суарылған өзіндік мінез, білімге деген құштарлық, болашаққа деген сенімді қалыптастырды. Осынау қиын жылдарда қанаты қатая қоймаған балғын жастың тағдыр тауқыметін қайыспай көтеріп, өмірге нық қадам басуына негізгі тірек болған жалғыз жан – жанының жалауы, аяулы анасы еді. Анасы баласының болашағына бастайтын ұлы мақсат жолында қандай қиыншылықтан да қайтпайтын даналығы мен даралығының арқасында баласының білім нәрімен сусындауына, терең нәр алуына бар жағдайын жасады. Әрдайым қайда оқымасын, қандай қызмет атқармасын, өзінің қашанда, өзін табыстар мен жетістіктер жетелеп отыруының себебі ең алдымен сол асыл ананың даналық тәрбие бесігінің жемісін деп еске алушы еді.

Тұрғанбек Қатаев жастайынан табандылығы мен қайсарлығы, алға қарай ұмтылысы оны 12-13 жасында Қазақ АКСР-ның төрағасы Ораз Исаевқа алып барады. Бірнеше күн төрағаға кіргізбесе де, ол алған бетінен қайтпайды. Ақыры оны төраға көмекшілерінің бірі қабылдап, ауылшаруашылық техникумының дайындық бөліміне түсуге жолдама береді. 1933 жылдан кейін бүкіл елдегі сияқты «Әли» ауылында да жағдай тұрақтала бастайды. 1937 жылы Тұрғанбек Қатаев мектепті бітіріп, туған ауылында бухгалтер болып еңбек жолын бастайды. Тұрекеңнің тағы бір есінде сақталып қалған жағдайға – жаппай репрессияның «Әли» ауылында да жүруі жатты. 1937-1939 жылдары ешқандай кінәсі жоқ, бірнеше өте қарапайым ауылдастары репрессияның құрбанына айналады. Тұрғанбек Қатаевтың азамат, тұлға болып қалыптасуына әсер еткен жағдай – оның өміріндегі келесі белестер болды. Ол белестерге – 1939 -1941 жылдар аралығында әскер қатарында қызмет етуі мен 1941-1944 жылдары Ұлы Отан соғысының алапат майданының алдыңғы шебінде жаумен бетпе-бет келіп, жан алысып, жан беріскен кездері жатты.

1939 жылы Тұрғанбек Қатаев әскер қатарына шақырылып, әскери міндетін өтеп жүрген тұста Ұлы Отан соғысы басталады. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап жігерлі жас майданның алғы шебіне сұранып, әскери-соғыс қимылдарына белсене араласады.

Ташкент түбіндегі Шыршық қаласында артиллериялық бөлімде қызмет атқарады. Екі жылдық әскери қызмет 20 жасар жас жігітті әбден ширықтырады, саяси сауаты өседі, моральдық-психологиялық жағынан пісіп жетіледі. Ол ефрейтор атағын алып, ВКП(б) қатарына кандидат болып қабылданады. Бұл сол жылдардағы жас жігіт үшін үлкен жетістік болатын. Осындай қысылтаяң тұста Қатаев қызмет атқаратын әскери бөлім шұғыл түрде 1941 жылдың шілде айында Ташкентте эшелонға отырғызылып, Мәскеу бағытымен батысқа аттанады. Шілде айының соңында Смоленск түбінде жаумен бетпе-бет келіп, ашық айқасқа түседі. Тұрғанбек қан майданға ефрейтор атағымен атқыштар ротасы командирінің саяси істер бойынша орынбасары (замполит) міндетін атқарушы ретінде кіреді. Көп ұзамай Тұрғанбек Қатаев взвод командирі ретінде қызмет ете бастайды. 1942 жылдың 14-15 тамызындағы Ржев бағытындағы шайқас Қатаевтың өмірінде ерекше орын алады. Осы шайқас барысында политрук ротаны шабуылға көтеріп, немістермен қоян-қолтық айқасқа түседі. Әскер тапсырма орындалып, деревняда жаудан азат етіледі. Жараланғанына қарамастан ротаны басқарады. Осы ерлігі үшін Жауынгерлік Қызыл Ту орденімен наградталуы туған жері Іле ауданы жұртшылығын қуанышқа бөлеп, елдің мерейін өсірді. Майданда ауыр жараланып, туған еліне әрі толық жазыла қоймаған жарақатымен балдаққа сүйеніп оралған ол одан әрі еңбек майданына шығады. Тән жарасынан жан жарасы ауыр болып тұрған тұста ол бірден еңбек майданының кезек күттірмес қарбалас істеріне қызу аралысып кетеді. Одан әргі өмір жолы шын мәніндегі зиялы азамат ретінде партиялық қызметпен тығыз байланысты болып, жастар арасында, еңбекші бұқара арасында идеялық тәрбие, идеологиялық жұмыстар жүргізді.
Политрук Тұрғанбек Қатаев ротадағы жалғыз қазақ ұлтының өкілі болып, қайсарлығы мен өжеттілігі үшін бүкіл ротаның жеке құрамы арасында жоғары беделге ие болады. Көп ұзамай Қатаевты жоғары басшылық атқыштар батальонының комиссарларын даярлайтын курсқа жібереді.
1943 жылдың көктемінде оны аяқтап, аға лейтенант атағымен Тұрғанбек Қатаев Батыс майданындағы 25-танк армиясының жеке барлау батальонының комсоргы болып тағайындалады. Бүкіл Екінші дүниежүзілік соғыс барысында түбегейлі бетбұрыс әкелген атақты Курск иініндегі шайқасқа да қатысады.

1943 жылдың жазының соңында Тұрғанбек Қатаев тағы да оқуға, бұл жолы танк және танк әскери бөлімдерін басқару курсына, Ташкентке жіберіледі. Оқудан соң тағы да майдан, ұрыстар күтіп тұрды. 1944 жылы екінші ауыр жарақаттан соң госпитальда ұзақ емделеді. Ақыры, әскери медкомиссия оны 1944 жылы еліне қайтарады. Капитан атағы бар, орденді жас жігітті жергілікті аудандық партия ұйымы бірден жұмысқа шақырып, алдымен үгіт-насихат бөліміне нұсқаушы, одан кейін парткабинет жетекшісі, одан кейін аудандық үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі қызметіне тағайындайды. Қайда жүрсе де көпшіліктің көңілін тауып, олармен тіл табысып, жұмыстың көзін аша білетін жас маманды жоғарыдағылар тез аңғарып, Қазақстан Компартиясы жанындағы партия мектебіне оқуға жібереді. Оны бітірісімен ұрғанбек Қатаев Орталық Комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі болып тағайындалады. Осы салада Қатаев Оңтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарында обком партияның үгіт-насихат бөлімдерін басқарады. Жұмыс істей жүре, оқуын тоқтатпайды.

1955 жылы КОКП ОК жанындағы Жоғары партия мектебін бітірсе, 1960-1963 жылдары КОКП ОК жанындағы Қоғамдық Ғылымдар академиясының аспирантурасында оқып, тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін қорғайды. Терең білім мен өмірлік тәжірибе артқан сайын Тұрғанбек Қатаевтың да қызметі жоғарылай түседі.

1963-1968 жж. Тұрғанбек Қатаев Қазақстан КП ОК үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі, 1968-1973 жж. Алматы облыстық партия ұйымының хатшысы болып тағайындалды.
Бұл жылдар ол кісінің өмірінің мәнді мақсаты ретінде қойған биіктерге кең творчестволықпен өрілген тұсы еді. Республиканың Жоғары және арнаулы орта білім министрі қызметіндегі алғашқы күннен бастап-ақ, оның барлық мұрат-мақсаты жас ұрпаққа терең білім, әсіресе қазақ жастарына назар аудару, заманға сай білімді тәрбие беру арқылы, ел үшін аянбай еңбек етер, ұлтына пайдасы тигізер маман шығару болып еді. Жоғары және арнаулы білім министрлігін басқарған жылдары Тұрғанбек Қатаев уақыт сұранысына сай ірі оқу-лабораториялық ғимараттар, жатақханалар, спорт кешендері, емдеу-сауықтыру орталықтары тәрізді ғылым мен техниканың алдыңғы қатардағы жетістіктерімен жарақтанған, өзінің мүмкіндіктері мен бірегей сәулеті жағынан өте сирек кездесетін құрылыстарға ерекше көңіл бөлгенін әріптестері зор мақтанышпен айтады.

1973-1974 жж. Қазақстан КП ОК ғылым мен білім беру мекемелері бөлімінің меңгерушісі, ал 1974-1983 жж. ол ҚазКССР жоғары және арнаулы білім беру министрі болып, өте жауапты жұмыстарды орындайды. Тұрғанбек Қатаевтың мемлекеттік қайраткерлігі мен өте шебер ұйымдастырушылық қабілеті 1974-1983 жылдары ҚазКСР Жоғары және арнаулы білім беру министрі болып тұрған кезінде айқын көрінеді. Бұл жылдар отандық тарихнамада «тоқырау» жылдары деп аталғанымен, оның басты белгілері Қазақстандағы Жоғары білім мен арнаулы орта білім саласының дамуына сәйкес келе бермейді. Керісінше, Тұрғанбек Қатаев министр болған жылдары елімізде жоғары білім мен арнаулы білім беру мекемелерінің сан жағынан, олардағы профессорлық-оқытушылық құрамның (ППС) саны мен сапасы жағынан, білім мекемелерінің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі жағынан, университеттер мен институттар жанындағы ғылыми-зерттеу базаларының сол кезеңдегі заманауи құрал–жабдықтармен жабдықталуы жағынан Қазақстан Республикасы одақтағы республикалар ішінде алдыңғы орындардың біріне көтеріледі. Оны мынадай статистикалық мәліметтермен дәлелдеп көрсетуге болады.

Тек Алматы қаласы мен барлық облыс орталықтарында Тұрғанбек Қатаев министр болып тұрған жылдары 32 арнаулы білім беру орындары ашылады. Кеңестік кезеңде техникалық ЖОО құрлысын одақтық министрлік қаржыландыратын болғандықтан, республикалық министрлер Мәскеуге қол жайып баратын еді. Қатаевтың министр болып тұрған тұсында жыл сайын Алматы мен облыс орталықтарында 1-2 ЖОО ашылуы мен оның құрлысының жүруіне қажетті қаржыны одақтық министрліктен алу үшін министр қанша рет Мәскеуге барды екен, ол жақты қалай көндірді екен деген сауалдар туындайды. Осы жерде министр Тұрғанбек Қатаевтың іскерлігі мен табандылығы, мәмілегерлігі, шешендігі және тағы басқа қасиеттері толық ашылады. Қаражатты табу бар да, оны тиімді игеру және бар. Сондай өте тиімді игерілген қомақты жобаның бүгінгі күнгі көрінісіне, қала ішіндегі қала атанған – қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің бас ғимараты, бірнеше оқу корпустары, 20-ға жуық студенттер жатақханалары, студенттердің тамақтану комбинаты, спорттық кешені, сондай-ақ 100 гектардай жалпы аумағы жатады.

Тұрғанбек Қатаев қызмет барысында өзінен жасы да үлкен, қызметі де жоғары республика басшылығымен жақсы қатынастар орнатып, өзара сенімді және сыйластық байланыс орнатады.

Д.А.Қонаев, Б.Әшімов, С.Н.Имашев, І.Омаров секілді дара тұлғалардан көп өнеге алса, қызмет бабында көптеген нағыз достар табады. Олар – ОК ғылымға жауапты Әбіләкім Әубәкірұлы, ғалым Жұмахан Балапанов, Мұштай Батырбеков және т.б. Ал өзінен кіші, іскер әрі шебер ұйымдастырушы – ғалымдардан елімізде мықты ректорлар корпусын қалыптастырады. Ректорлар – А.Сағынов, Е.Букетов, Ө.Жолдасбеков, З.Молдахметов, К.Құнантаева, С.Байболов, Ж.Жұмабеков, Х.Арыстанбеков, К.Аханов, З.Қожабеков, Ғ.Жұбанова, Ш.Молдабеков, М.Жүнісбаев және тағы басқа өз саласының ірі мамандарының басын біріктіріп, олардың бәрін ортақ мүддеге – еліміздегі жоғары және арнаулы орта білім беру ісін заман талаптарына сай қарыштап дамытуға бағыттайды.

Тұрғанбек Қатаев өзінің естелік кітабында ректорлар ішінен Өмірбек Жолдасбековті ерекше еске алады. «Өмірбек Жолдасбеков – бұрынғы ҚазМУ-дың, қазіргі әл-Фараби атындағы ұлттық университеттің ректоры ретінде өте жоғары сапалы басшы және ғалым-академик болды. Ол университеттің дамуына, оның материалдық базасының нығаюына, зор үлес қосты. Оның табандылығы мен іскерлі басшылығы арқасында университет кешені – ҚазМУ қалашығы салынды. Бұл оқу орны – Кеңестер Одағының жетекші ЖОО тізімінде тұр» делінген.

1974-1980 жылдары Қазақстанда ашылған ЖОО:
1975 жыл – Алматы Энергетика институты, қазір Алматы энергетика және байланыс университеті.
1976 жыл – Алматы транспорт инженерлері институты мен Ақтаудағы технология және инженеринг университеті.
1977 жылы – Рудный Индустриалды институты.
1978 жыл – Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясы мен– Көркем – Театр академиясы.
1979 жыл – Оңтүстік Қазақстан фармацевтика академиясы.
1980 жыл – Атырау мұнай және газ институты мен Архитектура –Құрылыс институты.

Зейнеткерлікке шыққан соң, желтоқсанның шиеленіскен оқиғалары басталып, кезінде министр болып тұрғанда ұлтшылдыққа бой ұрды деген жала жабылды.
1986 жыл – кеңестік кезеңде халқы үшін адал еңбек жасаған талай азаматтардың есінде қалды. Желтоқсан ызғары Тұрғанбек Қатаевты да айналып өтпей, өзінің аязымен қарпып өтеді. Сондағы министрдің бар кінәсіне – ол министр болып тұрған жылдары ЖОО қазақ – студенттердің үлесі 49 проценттен 60 процентке дейін өскен екен. 1987 жылы 7 қаңтарда «Правда» газетінде мақала шығып, онда бұрынғы министр Тұрғанбек Қатаев Қазақстанның ЖОО орындарында қазақ студенттерінің санын әдейі көбейткен деген мазмұнда сыналады. Осы мазмұндас мақаланы басқа басылымдар жариялайды. Ал одан кейін арнайы ұйымның шақырулары, тергеулері басталады. Ақыры Тұрғанбек Қатаев 1942 жылы алдыңғы шепте, блиндажда алған партиялық билетін 1987 жылдың 25 мамырында Алматы қаласы Совет аудандық партия ұйымына қалдырады.

Қудалау мен жазалау әрекеттерден түк шықпай , оның батыр тұлғалы бітімі илікпестен әділетсіз де дәлелсіз айыптарды бойына дарытпады. Ол зейнетке шыққан кезінің өзінде де қартайдым деп отырмай, шығармашылық шабытқа бөленіп, еңбек етті. Оған асыл жары Базаргүл апайдың қамқорлығы үлкен әсер еткені айдан анық.

Тұрғанбек Қатаев отбасында жары Базаркүл Шәкәрімқызымен 9 бала тәрбиелеп өсірген бақытты жан. Ұлдары мен қыздары, немере-шөберелері бәрі тәрбиелі, аталары секілді ұлтжанды азаматтар.

Жер бетінде ақылдан артық құрметке ие болатын ештеңе жоқ екені белгілі. Ал сол ақылдан, ақыл-ой еңбегінен туып, ел игілігіне айналған ұлағатты іс одан да жоғары құрметке лайықты. Халқына, халқының болашағына парасатты, зерделі еңбегімен және сол еңбегінің ел игілігіне айналған нәтижесімен қызмет еткен азамат сондай жоғары сый-құрметке лайықты. Марқұм Тұрғанбек Қатаев та жаратылысы асыл осындай жан.

Оның өмірінің мәні мен мақсаты – туған халқына қызмет ету, жас ұрпаққа білім беру, барлық адамдарға, бүкіл адамзатқа пайдасын тигізу еді.

2004 жылы 17 наурызда өмір өткел­де­рінен батыл өтіп, артында мол мұра мен жақсы істер қалдырған дара тұлға өмірден озады. Осылайша, ел болашағы үшін жоғары және арнаулы білім беру саласында зор еңбек сіңірген Тұрғанбек Қатаевтың өмірі жастар үшін өнеге, жасаған істері үлгі болмақ, тұлғаның есімі қазақ халқының есінде мәңгі қалады дегіміз келеді.