
Биыл қазақтан шыққан тұңғыш дәрігер, саяси қуғын — сүргін құрбаны — Санжар Асфендияровтың туғанына 135 жыл толып отыр. Асфендиаров Санжар Жағыпарұлы (1889-1938 жж.)
1928-1931 жылдары – Қазақ педагогикалық институтының тұңғыш ректоры мен тарих кафедрасының меңгерушісі, 1931-1933 жылдары – Денсаулық сақтау халық комиссары. 1933-1934 жж. – Қазақ КСР халық ағарту халық комиссарының орынбасары. 1934-1937 жж. – КСРО ғылым академиясы Қазақ филиалы төрағасының орынбасары, Қазақ педагогикалық институтының тарих кафедрасының профессоры. Қуғын-сүргінге ұшырап, 1938 жылы атылды. 1958 жылы ақталды.
Ол елімізде ғылымның дамуына аса зор еңбек сіңірген беделді тұлға.
Қазақ жері мен Орталық Азия өңіріне есімі танымал болған, жарқырап жанған шоқ жұлдыздардың бірі Санжар Жағыпарұлы (Жафарұлы) Асфендияров (Аспандияров) 1889 жылы 20 қазанда бұрынғы Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы – Ташкентте, қазақ хандарының тікелей ұрпағы Сейітжапар (Жафар, Жағыпар) Асфендиярұлы мен Гуляндам Қасымованың отбасында дүниеге келген. Санжар Жағыпарұлы – Әбілқайыр ханның ұрпағы. Әкесі Сейітжапар Асфендиярұлы Түркістан губернаторы кеңсесінде əскери аудармашы қызметін атқарып, XIX ғасырдың 90-шы жылдары Ташкентке icсапармен алыс-жақын елдерден келген елшілерді қабылдау, орналастыру сияқты дипломатиялық істермен айналысып, Түркістан өлкесінің түpкi-мұсылман халықтары үшін жоғары əскери атақ болып саналған – полковник шеніне қол жеткізеді. Сауатты, көзі ашық Сейітжапар Асфендиярұлы өз балаларын оқытуға тырысқан. Екі қызы Гүлсім мен Аннель – Ташкент қыздар гимназиясында, төрт ұлы Ташкент реалды училищесінде білім алған.
Сейітжапардың кенже ұлы Санжар Асфендияров 1898 жылы Ташкент қаласындағы әскери реалдық училищеге оқуға түсіп, 1907 жылы 5 маусымда училищені үздік тамамдайды. Кейін Петерборға мемлекеттік университетке түсуге талпыныс жасайды, дегенмен, “орта білім алғаны туралы куәлікте латын тілі мен дін сабағы бойынша бағасы жоқ” деген сылтаумен емтиханға жіберілмейді. Туған әпкесі, қазақ əйелдері арасынан шыққан алғашқы дəрігерлердің бірі – Гүлсімнің кеңесімен Петербордағы императорлық әскери-медициналық академияға оқуға түседі.
Ресей империясының астанасы болған Петербор қаласында ол Әлихан Бөкейханов, Мұстафа Шоқай, Халел Досмұхамедов, Мұхамеджан Тынышпаев сынды тұлғалармен танысқан. Дума депутаты Серәлі Лапиннің қызы Рабиғаны кездестіріп, кейін оған үйленеді. Асфендиярова-Лапина Рабиға Сералықызы (1893-1956 жж.) – ғалым-тарихшы Санжар Асфендияровтың жұбайы. 1893 жылы Самарқанд қаласында туған. Ұлты – қазақ. Төңкеріске дейін Санкт-Петербург қаласындағы Смольный инабатты қыздар институтын тәмамдады. 1938 жылдың 21 шілдесінде КСРО НКВД жанындағы Ерекше Кеңесінің шешімімен Отанын сатқан опасыздың отбасы мүшесі ретінде 5 жыл бас бостандығынан айырылды. Ақмола лагеріне 1938 жылдың 3 қазанында Алматы қаласының түрмесінен әкелінді. 1943 жылдың 5 мамырында бостандыққа шықты.
Талантты, зерек те зерделі қазақ жігіті 1912 жылы академияны дәрігер-лейтенант шенінде алтын алқамен үздік аяқтағаннан кейін Түркістандағы Термез алқабында орналасқан 10-шы Түркістан атқыштар батальонына жіберіледі, мемлекеттік стипендияға оқығандықтан, шарт бойынша төрт жыл қызмет атқаруға міндетті болған. Жас полк дәрігері емдеу жұмыстарымен ғана айналыспай, халық мүддесі үшін қызмет атқарды. Түркістан генерал-губернаторы 5-ші Түркістан атқыштар полкін жасақтап, 1914 жылы тамызда аға дәрігер қызметінде Шығыс майданына аттанады. Ол мұнда оқ пен оттан азап шеккен әскерилерден көмегін аямайды. Соғыс барысында А.В.Самсонов қайтыс болып, жауынгерлері жау тұтқынына түседі. Әскери тұтқын ретінде Санжар Асфендияров та Кутно, Александровка, Шығыс Пруссиядағы Штральзунд концлагерьлерінде бір жыл көлемінде қамауда болды. 1915 жылы желтоқсанда әскери тұтқындар алмасу барысында Халықаралық Қызыл Крест ұйымының көмегімен Петерборгқа оралған. Осылайша, көзбен көргендері мен бастан кешкендері Санжар Сейітжапарұлының дүниетанымын өзгертіп, озық ойларын нығайта түсті.
1917 жылы шілдеде Санжар Асфендияров Ташкент қалалық мұсылман жұмысшы депутаттары кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. 1919 жылдан 1920 жылдың желтоқсан айына дейін Түркістан Республикасының денсаулық сақтау халық комиссары қызметін де атқарды. Азамат соғысы барысында аса ауыр саяси-әлеуметтік ахуалға қарамастан комиссариаттың орталық және жергілікті басқару мекемелерінің құрылымдары мен қызметін қайта ұйымдастыруға күш жұмсағанын да айтып өткен жөн. 1920 жылдың аяғына таман республика басшылығы оған жер-су реформасын іске асыру міндетін жүктеп, Түркістан Республикасының жер шаруашылығы халық комиссары етіп тағайындайды. 1921 жылы қазан айынан бастап 1922 жылдың ақпан айына дейін Түркістан Республикасының РСФСР Ұлт істері жөніндегі халық комиссариатындағы өкілетті өкілі болып қызмет атқарды. Сондай-ақ, Түркістан Республикасының Мəскеудегі тұрақты өкілі, РСФСР ұлт өкілдері жөніндегі халық комиссариатының алқа мүшесі, ВКП(б) Орта азиялық бюросының мүшесі, Түркістан компартиясы орталық комитетінің жауапты хатшысы, Мəскеу университетінің профессоры жəне Мəскеу шығыстану институтының ректоры деген жоғары басшылық қызметтер атқарды.
Санжар Жағыпарұлы тек халқы үшін дәрігерлік парызын өтеп қоймай, бұқараның көзін ашуды көздеді. Республиканың халық шаруашылығы мен мəдениетін көтеретін білікті кадрларды Қазақстанның өз ішінде даярлауды жолға қойып, ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға орасан зор үлес қосқан. С.Асфендияровтың ұшан-теңіз еңбегінің нəтижесінде 1928-1937 жылдары республика халқына медициналық қызмет көрсету жақсарып, Қазақстан тарихының өзекті мəселелерін жан-жақты зерттеген бірнеше оқулықтары мен еңбектері жарық көрді.
Ташкент қаласындағы Қазақ ағарту институты Алматыға көшіріліп, оқу орны 1928 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік университеті болып ашылады. Қазақ өкіметі өтініш жасап, мұнда Орталықтан Санжар Асфендияровты шақырады. Шақыруды қабыл алып, ол университеттің материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, оқытушы-профессорлық құрамын жасақтау, факультеттер мен мамандықтарға дарынды қазақ жастарын тарту мәселесін шешеді. 1931 жылы өкімет кезекті жоғары оқу орнын ұйымдастыру мәселесін тапсырып, Санжар Асфендияровты Қазақ медициналық институтының ректоры етіп тағайындады. Бұған қоса ол Қазақ АКСР-і Денсаулық сақтау халық комиссары қызметін бірге алып жүрген. 1931-1933 жылдары Алматыдағы медициналық институттың тұңғыш ректоры болды, оқу орнында жалпы химия, биология, физика пəндерімен бipгe анатомия, қалыпты физиология, iшкi аурулар, гистология, микробиология, фармакология, биологиялық химия, гигиена бөлімдерін жəне хирургиялық кафедраларды ашты. Ғұлама ғалым жұқпалы аурулармен күресті, түрлі індеттердің алдын алу шараларын, халыққа ақысыз дəрігерлік көмек көрсету жұмыстарын жолға қоюға көп еңбек сіңірді. Халық арасында жиі кездесетін туберкулез, шешек, оба, сүзек, тері ауруларына қарсы медициналық көмек ісін ұйымдастырды. Орта дəрежелі оқу орындарында, қысқамерзімді арнаулы курстарда əртүрлі буындағы медицина мамандарын көптеп даярлауға күш салды.
1935 жылы С.Асфендияровтың б.з.д., III ғасырдан 1917 жылға дейінгі қазақ елінің тарихын қамтитын ең құнды еңбегі – “Қазақстан тарихы” жарық көрсе, ал 1935-1936 жылдары мəскеулік профессор П. Кунтенің басшылығымен “Қазақстанның өткені: деректер мен материалдар” атты екі томдық жинағы баспадан шықты.
1937 жылғы 29 қыркүйекте “Казахстанская правда” газеті “Жапон шпионы тарихшы рөлінде” деген тақырыппен Қазақ марксизм-ленинизм институты студенттерінің хатын жариялаған. Онда Қазақстан тарихын жан-жақты қарастырып, ғылыми еңбектер жазып жүрген профессорды “жапон шпионы” деп айыптайды. Қазақтың ұлы ағартушысы Ыбырай Алтынсарин мен Шоқан Уәлихановты зерттеп, зерделегені сол кезеңнің саясатына қарсылық ретінде қабылданды.
Профессор С.Асфендияров бұл мақала жарық көргеннен кейін бірден қамауға алынып, оның кітаптарын оқуға ресми түрде тыйым салынды.
Жиырма жылға созылған ызғарлы қапастан соң туған “жылымықта” – 1958 жылғы 27 мамырда ғалымның ісі қайта қаралып, ақталды.
“Әділет” тарихи-ағарту қоғамы 1990 жылдың басында Мәскеудегі КГБ-дан – КСРО Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінен Кеңес одағы жоғарғы соты әскери алқасының көшпелі сессиясының үкімімен атылған қазақстандықтардың бес жүзден астам алғашқы үлкен бір тобының тізімін алған.
Санжар Асфендияровтың 1938 жылғы 25 ақпанда атылған, есімі тізімде үшінші болып тұрған. “Казахстанская правда” газетінің 8 қыркүйектегі санында Ілияс Қозыбаевтың “Отыз жетінші…” атты мақаласы жарық көрді. Қайраткердің елге сіңірген еңбегін мойындап, оны жаңаша тану қажеттігін түйсінуге ғалымдардың зерттеулерінің ықпалы зор болды. Бұдан кейін халықтың аяулы ұлы Санжар Сейітжағыпарұлы Асфендияровтың есімін мәңгі есте қалдыру шаралары жүзеге асырыла бастады.
Санжар Асфендияровтың қызметі Орта Азия мен Қазақстандағы әлеуметтік-экономикалық және мәдени өзгерістермен тығыз байланысты болғаны бұл күнде баршаға мәлім. Оған қоса оның одақ көлемінде мемлекеттік құрылыс ісін жақсарту жұмыстарына қатысқанын да ерекше атап өткен жөн. Бұған оның Түркістан Республикасында қызмет істеген кездерінде жинақтаған жұмыс тәжірибесі, сондай-ақ, орталықтың Орта Азияны ұлттық-мемлекеттік жіктеуге түсіру науқанында – өлкені жаңаша межелеу шаруаларына қатысуы көп септігін тигізген болуы керек.
Қазақтың біртуар ұлдарының бірі – Санжар Асфендияровтың өмір-өнегесі, қызметі мен шығармашылығы əлі толық зерттелген жоқ. Оның ғылыми мұрасын, өмірі мен қызметін жан-жақты зерделеудің, әсіресе, қазақ тарихнамасы үшін маңызы аса зор болмақ.