Биыл қазақ халқы үшін өлшеусіз еңбек жасаған музыка зерттеушісі, этнограф, Қазақ ССР-інің халық артисі Александр Затаевичтің туғанына 155 жыл толып отыр. Саналы ғұмырының елеулі бөлігін қазақтың ән-күйлерін жинап, нотаға түсіріп, өңдеуге арнаған композитор зерттеушінің ұлттық руханиятымызда алар орны ерекше. Александр Затаевич «Қазақ халқының 1000 әні», «Қазақтың 500 әні мен күйі» және «Песни разных народов» атты этнографиялық еңбектері арқылы қазақ музыкасын әлемге танытты.

Александр Викторович Затаевич 1869 жылы 20 наурызда Патшалық Ресейдің Орёл облысы, Болхов қаласында жер аударылған поляк отбасында дүниеге келді. Алдымен Орёл кадет корпусына түсіп, 1886 жылы бітіріп шығады. Алғашқы музыкалық білім әліппесін осы білім ордасында алады.1896 жылы Затаевич атақты композитор С.В.Рахманиновпен кездеседі. Композитор жас Затаевичтің пьесаларына қызығушылық танытып, оның жарық көруіне ықпал жасайды. Рахманинов Затаевичке «Алты музыкалық сәт» атты фортепиано циклін де арнады. 1904-1915 жылдары Затаевич Варшавада қызмет етіп, музыкалық және қоғамдық қызметте де белсенді болды. Ол «Варшава күнделігі» газетінің музыка сыншысы болды, онда ол поляк, орыс және батыс еуропалық композиторлар мен орындаушылардың шығармашылығы туралы мыңнан астам мақалалар мен шолулар жариялады. Сонымен қатар поляк фольклорының үлгілерін жазды.

 1920 жылы А.В.Затаевич Орынбор қаласына қоныс аударады. Орынборға келген соң қазақ жастарының ән салғанын естіп, осы уақытқа дейін қазақ әндері тек ауызша айтылып жүргенін, бұрын-соңды нотаға түспегенін, ғылыми айналымға енбегенін байқайды. Орынбордың театрында қырғыз (қазақ) музыкасының кеші болатыны туралы хабарламаны оқиды. Қазақ музыкасының кешіне барған соң қазақ халқының музыка өнеріне таңғалып, тамсанған Александр Затаевич «Бүгіннен бастап қазақ әндерін жинаймын» деген батыл шешімге келеді. А.Затаевич тек жинақтаушы ғана емес, қазақтың кәсіби фортепиано музыкасының негізін қалаушылардың бірі болып саналады.

Ол алғаш рет қазақтың халықтық музыкасы шығармаларымен 1920 жылдың басында, Орынборда жүрген кезінен-ақ таныса бастайды. А.Затаевич өзінің болашақ қызметін аспаптық мұраларын тамаша үлгілерін жинау, оны насихаттаумен тығыз байланыстырады. Ол жатақханаларды, мектептерді, құрылыстарды, орта дәрежелі оқу орындарын, казармаларды аралайды, съезге, конференцияға, кеңестерге келген қазақтардан ән жазады. Базар, театр, концерт орындарының фойелерінде кездескендердің бәрінен де жазып алады. Бала жасынан кіршіксіз еститін құлағы жасы елуден асқанша көрмеген елдің музыкасын жаза баспай нотаға түсіруге мүмкіндік береді.

Тарихи деректерге сүйенсек, «Ақсақ құлан» күйін бүгінгі күнге жеткізген адам – Қамбар Медетов. Бұл кісі музыка зерттеушісі А.В.Затаевичпен 1923 жылы кездесіп, осы күйді жаздырған. Сол жолы күйші этнографқа 19 ән және үш күй жаздырады. Солардың ішіндегі құндысы – «Дүние-ай» әні мен «Ақсақ құлан» күйі. «Ақсақ құланды» жазу А.В.Затаевичке өте қиын болғандықтан күйді бірнеше рет тыңдап, көп толықтырыпты.

Бірақ, өмірін музыкаға бағыштаған А.В.Затаевич әнді қалада отырып тек кездейсоқ келгендерден жазып отыруды жөн көрмеді, елге шығады, Жайықтың бойын, Сыр, Ертіс өзендерін, Бөкей, Қарқаралы далаларын аралайды. Замандар бойы жабылып жатқан қазақтың ән қазынасын көтереді.

Қазақтың көл-көсір мұрасын жинақтауды өзіне парыз санаған. Ұлты басқа болса да, жер орта жасқа келгеніне қарамастан, 1920 жылы қиын-қысталаң кездерінде кездескен көлік атаулымен, болмаса, жаяу-жалпы аралап, халқымыздың ән-күйлерін музыка белгілерімен (нотамен) хатқа түсірген.

1925-1928 жылдары «Фортепианоға арналған миниатюралар формасындағы қазақ әндері», 1932 жылы «Қазақстан татарлары әндері», «Қазақстан әндері», 1933 жылы «Қазақстандық татарлардың 60 әні», 1934 жылы «250 қырғыз аспаптық пьесалар мен әуендері», 1971 жылы «Түрлі халықтар әндері», 1971 жылы «Қырғыз аспаптық пьесалары мен әуендері» жинақтары – ұлттық музыка мәдениетіміздің баға жетпес құндылығына айналды. Александр Затаевич қазақ әндері мен күйлерін 500-дей адамнан жазып алған. Этнографке көмектескен, жол көрсетіп отырған қазақтың ұлы тұлғаларын «Затаевичтің корреспонденттері» деп атаған. Олар Қазақстанның әр  аймағынан Орынбор, Ақмола, Семей, Қостанай, Орал, Ақтөбе, Торғай, Түркістан аймақтарының тұрғындары. Олар өздері туып-өскен өлкенің ән-күйлерінің ерекшеліктері туралы көп мағлұматтар берген. Олардың қатарында Жаяу Мұса Байжанұлы, Үкілі Ыбырай, Майра Шамсудинова, Қали Байжанов, Әміре Қашаубайұлы, алаш қайраткерлері Әлихан Бөкейханұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Бейімбет Майлин, Алма Оразбайқызы, Сәкен Сейфуллин, Жұмат Шанин, Жанбике Шанина, Әлкей Марғұлан, Ғани Мұратбайұлы, Иса Байзақов, Ғаббас Айтбаев, Қаныш Сәтбайұлы, Ғабит Мүсірепұлы, Қазақстанның халық артистері Қалибек Қуанышбайұлы, Серке Қожамқұлұлы, Латиф Хамиди, Мұқан Төлебаев, Ахмет Жұбанов, тағы басқалар болды. Затаевичтің қазақ елін аралап шығармашылық жұмыспен шұғылдануына күш-көлік, қыруар қаражат керек еді. 1923 жылғы 22 тамызда Қазақстан Халық комиссарлары кеңесі отырысында А.В.Затаевичке қазақ халқының әндерін бастырып шығаруға қаражат бөлу мәселесі қаралған. Халық комиссарлары кеңесінің төрағасы Сәкен Сейфуллин отырысты қорыта келе: «А.В.Затаевичке 2 280 рубль алтындай бөлінсін және оның шығармасын редакциялауға 200 рубль, барлығы 2 480 рубль Наркомпрос қаражатынан берілсін» деген қаулыға қол қойған. Астына өгіз, жанына аудармашы берген.

Халықтық кәсіби әнші-күйшілерінің шығармашылық қызметін, олардың орындаушылық шеберліктерінің сырын ашып, өте құнды мағлұматтар жинады. Ақан сері, Біржан сал, Абай, Жаяу Мұса, Үкілі Ыбырай, Құрманғазы, Мұхит, Дәулеткерей, Тәттімбет, т.б. шығармаларын алғаш рет Затаевич жарыққа шығарды. Сөйтіп, ұлттық дәстүрлерді сақтаушылар мен дамытушылар жайында қайталанбас деректер жазып қалдырды.

А.В.Затаевичтің «Қазақ халқының 1 000 әні» атты еңбегі 1925 жылы Орынбор қаласындағы Қырғыз Мемлекеттік баспасында басылып шықты. 402 бетттен тұратын еңбек 1500 тиражбен басылды. Кітаптың кіріспесін профессор А.Д.Кастальский жазды.  Келесі бетінде А.В.Затаевичтің алғы сөзі жазылған. Ән тізімі берілген және әнді кімнен жазып алды, орындаушының аты-жөні де көрсетілген. 

А.Затаевичтің «Қазақтың 500 әні мен күйі» (әндер мен аспаптық пьесалар) атты еңбегі 1931 жылы Алматы қаласында басылып шықты. 312 беттен тұратын еңбек  2 000 тиражбен басылды. Алғашқы бетінде А.В. Затаевичтің алғы сөзі жазылған. Адай, Бөкей, Семей, Орал уездерінен жиналған әндер мен күйлерді қамтиды. Соңында ескерту, есімдер көрсеткіші, әндер мен күйлердің көрсеткіші, библиографиялық көрсеткіш пен мазмұны берілген.

А.Затаевичтің «250 қырғыздың аспаптық пьсесалары мен әндері»  атты еңбегі 1934 жылы Алматы қаласында басылып шықты. 1 000 тиражбен басылған еңбекте әндер мен аспаптық пьесалардың тізімі, әндер мен күйлердің көрсеткіші және мазмұны берілген.
Александр Затаевич қазақ халқының музыкаға деген сүйіспеншілігін кітабында атап өткен. Оның ойынша қазақтардың ақындық өнерге тумасынан жақын болуы, оның қоршаған ортамен күнделікті байланысын алға тартады.
Ол қазақ жастарының ішінде үш әншінің даусын сүйіп тыңдаған. Олар: Қали Байжанұлы, Ғаббас Айтбайұлы, Әміре Қашаубайұлы.

А.Затаевич ақын, композитор Ғаббас Айтбаевты өзінің әр өлеңін жан-дүниесімен беріліп айтатынын атап өтеді. Оның сөзінше, Ғаббас өз тыңдармандарына жағымпазданып ән салмайды. Бойында тәкаппарлану пен мақтану мүлде жоқ. Керісінше тыңдаушыларды өзімен ән-жырымен баурап алады.
«Менің қазақтардың музыкаға жақындығы олардың бағзы заманда әртүрлі ұлттардан тарағаны бір себеп деп ойлаймын. Өйткені бұл жерлерде кезінде түрік, моңғол, ариліктер өмір сүрген. Міне, осындай халықтардың сіңісуі бұл ұлтқа өзінше бір ерекшелік берген шығар. Оған қоса ақындар мен әншілердің халық әндерін орындауымен естіген адамды баурап алатын қасиеттері бар. Олардың ән орындау кезіндегі дем алуы, әуезді үн шығаруы, сөздердің ырғақтығы. Мұның бәрін көрген кез келген вокалист таңданысын ғана білдіретін еді. Сондай-ақ олар әнді өзіндік ақындық ырғаққа салып орындағаны таңғалдырмай қоймайды», — дейді ол.
«Ғаббастың мақтауға лайық қасиеттері жетерлік. Ол сыпайы және әдепті. Ең алғашқы рет мен оны 1926 жылы көрдім. Ғаббас ол кезде 44-те еді. Ол бет әлпеті нағыз түрікке ұқсайтын. Меніңше ол әкесі Айтбайдың өнерін өзіне де сіңіріп алған секілді. Мен оны алғаш ән орындауын естігенде таңырқадым. Ол Мәскеуде болған кезде мен оны танымал испаниялық гитарашы Андрес Сеговияға тыңдаттым. Ол «Ғаббас таңғажайып ақын» деді», — деп жазады Александр Затаевич.
Музыка маманы Ғаббастан орындауында бірнеше әуеннің ноталарын жазып алған. Олардың ішінде «Ардақ», «Қанапия» «Қосбасар» әндері бар. Қарқаралының тумасы Ғаббастың музыкатанушы ғалымға әнді қалай орындап бергені жайлы да ақпарат бар.

«Ноталарды қағазға түсіру үшін біз Ғаббас екеуміз ауылдан шет жерге шығып жайғастық. Мен оны бетегелі, тербеліп жатқан көлдің маңында тыңдадым. Ол қолына домбыраны алып «Ардақ» пен «Қанапия» әндерін орындады. Мен оны жатып тыңдадым. Сол уақытта мен аспанда қалықтап ұшып жүрген ірі он екі қыранды санадым. Мінекей, осындай қоршаған ортада оның әні ерекше естілді. Мен бұл әнді бұрында білетінмін, ол менің бірінші кітабыма енген. Бірақ Ғаббас орындауында бұл ән өзгеше шырқалды. Меніңше, оның шырқауы жеңіл, теңіз толқыны тәрізді, оған домбыраның жоғарғы дыбыс беретін ішегін қосыңыз. Ғаббастың орындауындағы «Ардақ» сайын даланың тыныштығын, ай жарығының жайлылығын білдіреді», — дейді Затаевич.
Қазақ халық ақыны, композитор Ғаббас Айтбаев — 1882 жылы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Карл Маркс атындағы колхозында дүниеге келген. 1922 жылы Қарқаралыда өткен халық ақындарының айтысында бірінші орын жеңіп алған. Әкесі Айтбай-Арқаның белгілі әнші-композиторларының бірі. Ол 1927 жылы Москвада Советтердің төртінші съезі делегаттарына ұйымдастырылған концерттерде жұртшылық назарына ілігеді. Сол жылы үлкен театрда этнографиялық концертке қатысып, зор абыройға ие болады.

Айтбаевн ауыл совет төрағасы болып қызмет еткен. Ол Қазыбек би селосында жерленген.

Затаевич Қали Байжановтың дарыны туралы да өз кітабында жазған. Оның сөзінше, Қали жайлы ол Қарқарылаға бармай жатып естіген көрінеді. Бірақ музыкатанушы онымен біраз уақыт көрісе алмаған екен. Себебі әнші ауыл-аймақты аралап ән шырқап жүрген.

«Қарқаралыға барған кезімде Қали мені тауып келді. Ол өте әдемі атымен шауып келген. Ол денесі тығыз, орта бойлы. Оның дауысы ырғақты алысқа жететін нағыз баритон. Оның даусы Қали Байжановтың даусына қарама-қайшы десем қателеспеймін. Ол — музыка адамы. Мәскеуге қонаққа келген кезде, мен оған фортепианода сүймелдедім. Оның жуан дауысы өзгеріп шыға келді. Ол еш қысылмастан кең далада шырқап жүрген әндерін фортепиано үнімен бірге шырқады. Сондай-ақ қатесіз, ноталарға сәйкестендіріп шырқады», — деп жазады Затаевич.

Музыкатанушы Қалидың Мәскеуде үш апта бойы аралап, кейін зерігіп, туған жеріне оралғысы келгенін айтты. Қали Байжанов Затаевичке «Құлтума», «Құдаша», «Шама», «Ырғақты» сияқты әндерді орындап берген.

Қали Байжанов 1877 жылы Павлодар облысы Баянауыл ауданында Қайыңкөл деген жерде дүниеге келген. Байжановтың әншілік дарыны ерте оянып, ауыл арасында «әнші бала» атанған.

Ол ата-анасынан ерте айырылып, жоқшылық көріп өскен. Он бесінде кірешілерге ілесіп Қоянды жәрмеңкесіне барған жас әнші талай әнші мен күйшінің өнерін тамашалайды. Біржан салдың ән салғанын көріп, Жаяу Мұсаның өз ауызынан «Хау-лау», «Гауһар қыз», «Сапар» және «Ақ сиса» әнін үйренеді.

«Қазақстан: Ұлттық энцклопедиясындағы» мәлімет бойынша, Байжанов ұлы Абайдың алдында да ән салған. Кемеңгер ақын жас әншінің өнеріне риза болған. Байжановтың әншілік жолына бағыт-бағдар беріп баулыған, өзіндік ән айту мәнерін қалыптастырған Арқа еліне атағы жайылған Жарылғапберді Жұмабайұлы болған. Байжанов Қозыкенің «Топайкөк», Шама Нұрұлының «Шама», Ақан серінің «Сырымбет», «Құлагер», Біржан салдың «Жанбота», Бүркітбайдың «Ақбет» әндерімен қоса «Ардақ» және тағы да басқа халық әндерін асқан шеберлікпен орындаған.

Композитор Александр Затаевич Әміренің әншілік өнеріне тәнті болып, «Балқадиша», «Бес қарагер», «Көк көбелек» тағы басқа әндерді жазып алып, «Қазақтың 500 әні мен күйі» жинағында жариялады.

Зерттеуші Затаевич қазақтан шыққан тұңғыш академик, геолог-ғалым Қаныш Сәтбаевтан Жаяу Мұсаның орындауындағы «Баянауыл», «Екі жирен», «Іңкәр» халық әндерін, Біржан салдың «Мақпалын» тағы басқа 25-ке жуық халық әндерін жазып алған. Қаныш Имантайұлы өзі ұсынған әндердің ноталарын жаздыртып, кітапқа енуін өтінген. Ол өзі де жасөспірім шағында шекті аспаптар оркестрінің құрамында бірінші скрипкада ойнаған. Болашақ академик домбыра, мандолин, гитара аспаптарын да меңгерген. Ғалымның өнерден де құр алақан еместігін байқауға болады. А.В.Затаевич атақты француз композиторы, Нобель сыйлығының иегері Ромен Ролланмен жақын араласқан. «Қазақ халқының 1000 әні» еңбегін Ромен Ролланға туған күніне сыйға тартқан және үнемі хат жазысып отырған. Роммен Роллан А.В.Затаевичке: «Жұмысыңыздың ғаламат нәтижесі алдында басымды иемін және сіздің аштық пен эпидемияның соншалықты ауыр жағдайына қарамастан, істі аяғына жеткізгеніңізге қуаныштымын» деп жылы лебізін білдірген. А.В.Затаевич тек қазақ халқының емес, сол кезде елімізде өмір сүрген басқа ұлт өкілдерінің де халық музыкасын қағаз бетіне түсірген. Затаевичтің еңбектерінде қалмақ, бурят, якут, тубин және басқада біздің жерімізде мекендеген халықтардың әуені бар. 

А.Затаевичтің еңбектері арқылы қазақ музыкасы дүние жүзіне тарады, бүкіл Еуропа елдеріне жетті, алдыңғы қатарлы өнер иелерінен жоғары баға алды. Мұнда қазақ музыкасының көптеген теориялық және тарихи мәселелерінің беті ашылды. Затаевичтің әрбір ән-күйге берген жеке талдауларының мәні зор. Халық композиторлары мен орындаушыларының шығармаларына берген мінездемелері де әлі өз бағасын жоғалтқан жоқ. А.Затаевич жинақтары қазақ халқының кәсіби музыкасының дамуына зор ықпал етті. Аталған жинақтардағы ән мен күйлер қазақтың кәсіби музыкалық жанрлары – опералық, симфониялық, камералық шығармаларында кеңінен пайдаланылды. Осы жинақтардағы ән-күйлерді қазақ композиторларымен бірге С.С.Прокофьев, Н.Я Мясковский, М.М.Ипполитов-Иванов сынды орыс композиторлары да өз шығармаларында пайдаланды.

Композитор ретінде А.Затаевич қазақ музыкасының кейбір үлгілеріне фортепиано, аспапты ансамбльдермен қосылып айту үшін көптеген өңдеу жұмыстарын жүргізді. Затаевичтің “Қазақ музыкасы” атты фортепиянолық шығармасы – кәсіби дәрежеде жазылған туынды. Ол 1925–27 жылдары фортепианолық пьесалар циклін жазды. Соның нәтижесінде “Халық тақырыбына жазылған миниатюралары” (1925), “Қазақтың халық әндері тақырыбы бойынша фортепианоға арналған пьесалары” (1927) жарық көрді. Қазақ халқының музыка мұрасын сақтап келген 500-ге жуық өнерпаздар – Майра Шамсудинова, Әміре Қашаубаев, Ғ.Айтбаев, Қ.Байжанов, М.Бөкейханов пен Н.Бөкейханов, Ғ.Мұхитов пен Ш.Мұхитов, ғылым қайраткерлері Ә.Марғұлан, Қ.Сәтбаев, М.Бөжеев, әдебиет және өнер қайраткерлері А.Байтұрсынов, Ж.Аймауытов, Ә.Бөкейханов, Ж.Шанин, т.б. өздері білетін ән, күйлерді А.Затаевичке айтып, жаздырды (“Затаевичтің корреспонденттері”). А.Затаевич Қазақтың фольклорының жиналу дәстүрін қалыптастырып, одан әрі жалғастыруда А.Жұбанов, Е.Брусиловский, Б.Ерзакович, М.Төлебаев, Л.Хамиди және басқалардың еңбектері орасан зор.

Атақты композитор Александр Затаевич 1936 жылы Мәскеуде өмірден өтті. Ресей астанасындағы Новодевичье зиратында, әйгілі жазушы Антон Чеховпен қатар жерленген. Қазақ халқының атынан қойылған кеуде мүсіннің ақ мәрмәр постаментінде домбыра шертіп отырған қазақ бедерленген. Александр Затаевич «Жігіттер, достарым менің, сендерге өздеріңмен бірге жасаған жұмысымның жемісін арнайымын және тапсырып бермекпін. Мен өз жұмысымды бар сүйіспеншілігіммен және өзімнің қолымнан келгенше жанкештілікпен жасап шықтым. Бұл жұмыста халық жанының сезім пернелерімен іштей үндесімі болмаса, бірде бір қадам алға баспаған болар едік, осы үндесімнің арқасында, кездейсоқ келген мен талантты қазақ халқына мәңгілік сүйіспеншілігім қалыптасты», – деп қазақ халқына өзінің жүрекжарды сөзін арнаған.
А.В. Затаевичтың жарқын бейнесі, оның қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне сіңірген еңбегі, ірі тұлғасы ұлғайған үстіне ұлғая бермесе, ұмытылмақ емес.