
Қасиетті де киелі Отырар өңірі дарынды, талантты жастарға бай өлке. «Отырар – ұлылардың отаны» атануының өзі соның дәлелі болса керек.
Сондай талантты жастардың арасында өзінің бойындағы дарынымен поэзияның дамуына шамасы келгенше үлесін қосып келе жатқан ақын Тұрсынай Қайратқызының есімін ерекше атап өтуге болады.
Бүгін аудандық мәдениет сарайында ақын Тұрсынай Қайратқызының «Сана биігіндегі жүздесу» атты шығармашылық кеші өтті. Әдеби кешке ақын, әдебиетші, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Абай Қалшабек, ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Батырхан Сәрсенхан, ақын, ҚР Жазушылар Одағының мүшесі Нұрғали Сердалиевтер қатысты.
Жиынның шымылдығы ақын өмірінің сындарлы сәттерін баяндайтын сахналық қойылыммен түріліп, одан әрі ойлы өлеңдері көпшілік назарына ұсынылды.
Әдеби-рухани шараның ашылуында аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы өнер иесін шығармашылық кешінің ашылуымен құттықтап, сый-сыйапат жасап, құрмет көрсетті.
Аудан әкімі өз сөзінде: «Қайсар мінезіңіз бен бойыңыздағы ерекше қабілетіңіздің арқасында поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбаңыз қалыптасып келеді. Мүмкіндігі шектеулі жандардың өмірге деген құлшынысын арттырып, «Тұманды жарған жарық ай» атты жыр жинағыңыз бен «Өмірге ғашық екенмін» атты шығармашалық кешіңізді өткіздіңіз. Адамзатқа ерекше ой салатын шығармаларыңыз арқылы өңіріміздің рухани дамуына өзіңіздің сүбелі үлесіңізді қосып, жастарға үлгі-өнеге көрсетудесіз. Тәуелсіз еліміздің тарихында қалам тербеген жалынды жастардың қатарында Сіздің есіміңіз ерекше құрметпен аталып, өрелі өлеңдеріңіз оқырмандарыңыздың жүрегінен жол тауып келеді. Сана биігінде айтылатын ойлы шығарамаларыңыз жігерлі жастардың қалыптасуына септігін тигізеді деген сенімдемін»,-дей келе, жас ақынның өнердегі шығармашылығына толағай табыстар тіледі.
Тағылымды шарада есімдері елімізге белгілі ақындар өлеңдерін оқып, сүйікті оқырмандарының қойған сауалдарына жауап беріп отырды. Іс-шарада сөз алғандар ақындардың өлеңге деген құрметіне ризашылықтарын білдірді. Рухани әлемді байыта білген өнер иелері әдемі кеште көрермендердің ыстық ықыласы мен сүйіспеншілігіне бөленді.