
Түркі әлемінің туристік астанасы — Түркістан төрінде «Өнерлі өлке» облыстық өнер фестивалі биыл да жалғасқан болатын. Облыс орталығында фестиваль қорытындыланып, жеңімпаздар марапатталды. Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев жеңімпаз және жүлдегер аудандарды марапаттаған шарада қазылар алқасының шешімімен Отырар ауданы Түлкібас пен Түркістан қаласымен қатар жүлделі ІІІ орын иегері атанды.
ІІ орынды Ордабасы, Қазығұрт және Жетісай ауданы иеленсе, І орынды Сауран мен Созақ ауданы иеленді. Ал, Бас жүлдені жеңген Сарыағаш ауданынының өнерпаздарына арнайы дайындалған «Өнерлі өлке» статуэткасы тапсырылды.
Бұдан бөлек арнайы жүлделер тапсырылды. Фестивальге қатысқаны үшін диплом Сайрам мен Бәйдібек, Төлеби ауданына берілді. Облыс әкімінің арнайы жүлдесімен Кентау қаласы «Туған жер — алтын бесігім» жүлдесімен Арыс қаласы, «Ауылым – алтын тұғырым» арнайы жүлдесімен Мақтаарал ауданы, «Өнерлі өлке» арнайы жүлдесімен Шардара ауданы, «Мәдениетім мерейім» арнайы жүлдесімен Келес ауданы марапатталды.
Шара барысында «Ауыл – мәдениеттің бастауы» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтар арасында өткен облыстық байқауының қорытындысы бойынша Балтакөл Ауылдық мәдениет үйі ІІ орын иегері атанды!
Астана қаласында өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын ұйымдастыруға қосқан үлесі мен еңбегі үшін Темір Ауылдық Мәдениет Үйінің қызметкері Жақсылықов Нұрсұлтан Дәуренұлы арнайы алғыс хатпен марапатталды.
Фестивалде қазылар алқасы бірнеше талаптар бойынша бағалап, жеңімпаздарды анықтады. Қылқалам, қолөнер шеберлерінің, ұлттық тағамдардың көрмелері, аудан, қаланың тарихына, жетістігіне арналған және кітап көрмелер, салт-дәстүр, әдеп-ғұрыпқа арналған театрландырылған қойылымдар, ұлттық ойындар, дәстүрлі өнерге арналған концерттік бағдарламалар, көше театры сияқты халық театрының қойылымдары, ұлттық спорттық ойындар, аудан, қала өнерпаздарының гала-концерті, көрермендердің іс-шараға тартылуы, әр қала, ауданның фестивалді ұйымдастыру деңгейі назарға алынды.
Шара ұлттық өнерімізді дамыту және Түркістанның туристік әлеуетін арттыру мақсатында ұйымдастырылған. Аталған фестиваль маусым-қазан айлары аралығында Түркістан қаласында әр аптаның жұма, сенбі күндері өтті. Онда аудан-қалалардан келген өнер ұжымдары түркістандықтар мен қала қонақтарына өнер көрсетті.