
50 жылдан астам өмірін өнерге арнаған Мырзашөлдің мақтанышы, 10-нан астам кітаптардың авторы, күйші-композитор Бөрі Исаның 79 жылдық мерей тойын Жетісай ауданының жұртшылығы жоғары дәрежеде атап өтті.
Туған жерінің өнерін асқақтатып, елі үшін еңбек еткен профессор саналы ғұмырын өнермен ұштастырып, туа біткен талантымен ерекшеленіп, халықтың ыстық ықыласына бөленген. Саналы ғұмырын қазақтың қара домбырасының қасиетін қастерлеуге арнаған.
Бүгінде 79 жасқа келген дәулескер күйші Қарақай ауылдық округіне қарасты Қ.Сәтпаев елді мекеніндегі мәдениет және спорт кешенінде «Өмірім – өнерім, өнерім – өрісім» атты есептік кешін өткізді.
Аталмыш шараға Жетісай ауданы әкімінің орынбасары Тұрышбек Елшібаев пен «AMANAT» партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаров, аудандық мәслихат аппаратының басшысы Сәкен Досымов пен мәслихат депутаты Марат Ділдәбеков, Жетісай аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Еркебұлан Сейдалиев пен Мақтаарал аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жандарбек Тәтеев, Жетісай қаласының әкімі Нұрлыбек Бахтияров пен өнер және еңбек ардагерлері, жергілікті тұрғындар қатысты.
«Бөрі Иса ағамыз тек Мырзашөлдің ғана емес, күллі қазақтың мақтанышы. Ел аузында жүрген «Алматыда Нұрғиса, Жетісайда Бөрі Иса» деген сөз бекер емес. Композитордың «Мерекелік күй», «Желтоқсан», «Наурыз тойы», «Ұстаз», «Әлқисса-Нұрғиса» сынды күйлері халық арасында кең таралған. Ағамызды мерейлі мерекесімен құттықтай отырып шығармашылық табыс, деніне саулық тілеймін! Шабыттанудан шаршамай, ел жадында мәңгі сақталар туындыларыңыз таусылмасын» деген ізгі тілегін айтқан аудан әкімінің орынбасары мерей той иесіне Серік Үсенұлының құттықтау хатын табыстап, қазақы салтпен иығына зерлі шапан жапты.
Сонымен қатар, рухани азықпен сусындатып, қазақы өнердің құдіретін тағы бір мойындатқан өнер кешінде көршілес Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Насырханұлының, тағы бірқатар мекемелердің құттықтау хаттары табысталып, сый-құрмет көрсетілді.
1945 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Арыс ауданында дүниеге келген Бөрі Исаұлы алғашқы еңбек жолын 1963 жылы Жетісай халық оркестрінің дирижері болып бастаған. 1966 – 1971 жылдары Қазақ Мемлекеттік консерваториясын концерт орындаушысы, оқытушы, ұлт аспаптар оркестрінің дирижері мамандығы бойынша аяқтап, 1972 – 1996 жылдары Жетісай қазақ музыка театрының бас дирижері болды. 1997 – 2020 жылдары «Сырдария» университетінде «өнер» кафедрасының доценті болып көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Егемен елдің мәдениет саласына қосқан сүбелі еңбегі еленіп «Мақтарал ауданының Құрметті азаматы», ҚР Мәдениет қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР композиторлар одағының мүшесі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры атақтарының иегері, 1967, 1972, 1976 жылдары Бүкіл одақтық фестивальдардың лауреаты атанған. 10-нан астам кітаптың авторы.