
Түркістандағы «Достық үйінде» 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай «Ешкім де, ештеңе де ешқашан ұмытылмайды» тақырыбында Желтоқсаншылармен кездесу өтті. Жиынға Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ басшысының орынбасары Ерназар Баетов модераторлық етті.
Тағылымды іс-шараға өңірдегі этномәдени бірлестіктердің өкілдері, облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-і мен облыстық дін істері басқармасы «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің қызметкерлері, Түркістан қаласындағы «Хамза атындағы №2 ЖББМ» КММ-нің және «А.Байтұрсынов атындағы №1 мектеп-лицей» КММ-нің оқушылары, облыстық «Жастар ресурстық орталығы» КММ-і және «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің белсенді жастары қатысты.
Іс-шара барысында желтоқсаншылар 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы жайындағы бастан кешкен оқиғалары және естеліктерімен бөлісті. Қасіретті оқиғаның куәгерлері болған Түркістан қаласының тұрғыны Жанат Жұмадуллаева, Сауран ауданының тұрғыны Тамара Ерімбет жүрек тебірентерлік естеліктерін айтып, жас буынға үлкен ой салды, ерекше әсерге бөледі. Желтоқсаншылар өз сөзінде жастарды, «Қазір, білім мен ғылымның дамыған заманы, бүгінгі жастар білектің күшіне емес, білімнің күшіне сенулері қажет» деп, болашаққа айқын бағдар жасауға және дұрыс мақсат қоя білуге шақырды.
Сондай-ақ кездесуде ҚР Қарулы күштері Ардагерлерінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов пен «AMANAT» партиясы «Жастар рухы» жастар қанаты Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Жансерік Жұман Тәуелсіздіктің бастауына айналған оқиғаның маңызы турасында байыпты сөз қозғады.
Кездесу барысында тарихи оқиғаның куәгерлеріне сауалдар қойылып, сырлы сұхбат болды. Жиынға қатысушылар Желтоқсан оқиғасының ызғары мен бейбіт күннің бағасы жайлы ой-пікірлерін ортаға салды.
Іс-шара соңында Түркістан қаласындағы «Хамза атындағы №2 ЖББМ» КММ-і оқушыларының орындауында хормен «Қазақ елі» патриоттық әні шырқалды.
Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні — тарихы тереңде жатқан елдің жаңа заманда өз алдына қайта егеменді ел болған күні. Тәуелсіздік күні мерекесі әр жылдың 16 желтоқсанда аталып өтеді. Бұл күн ұлттық, мемлекеттік деңгейдегі елеулі мереке болғандықтан 16 желтоқсан күні күнтізбеде демалыс болып табылады. Жыл сайын республика азаматтарының арасында мәдениет қайраткерлері, әлеуметтік саладағы ерекше қызметімен көзге түскен мамандар, әскери шенділер мен офицерлер, құқық қорғау саласының қызметкерлері және ел өміріндегі белсенді өзге де сала өкілдері елеулі еңбек еткендері үшін мемлекеттік марапаттармен марапатталады. 16 желтоқсан күні Қазақстанның барлық жерлерінде мерекелік мәдени ойын-сауық іс-шаралары ұйымдастырылады. Кешке қарай үлкен орталықтардың аспаны отшашумен көмкеріледі. Тәуелсіздік тек Қазақстан тұрғындары үшін емес, сонымен бірге, шетелдердегі қазақ халқының өкілдері үшін де маңызы зор мереке.
1991 жылы КСРО ыдырап, Одақтың құрамындағы елдер өз алдарына жеке мемлекет болып жатты. Солардың қатарында Қазақстан да болды. 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның Жоғарғы Кеңесі “Тәуелсіздік пен мемлекеттің егемендігі туралы” заңды қабылдады. Ескеретіні, Қазақстан КСРО құрамындағы елдердің арасында ең соңғысы болып Тәуелсіздігі туралы заңды қабылдады. Бұл заң 1990 жылы 25 қазанда қабылданған Қазақстанның Егемендігі туралы Декларациямен бірге Қазақ елінің елдігін нығайта түсті.
Қазақстанның Тәуелсіздігін ресми түрде ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары мойындады, екінші болып Қытай, сонан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран мойындады. Иран — Қазақстанның тәуелсіздігін мойындаған алғашқы мұсылман мемлекет. Ал “Тәуелсіздігімізді ең алғаш болып бауырлас Түркия мемлекеті мойындады” деген сөздің ақиқат еместігін білгеніміз жөн. Түркия алғаш болып Қазақстанда өз елшілін ашты, бірақ тәуелсіздігімізді мойындауда он жетінші болды. Бұл деректі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарған, елдің сыртқы саясат тұжырымдамасы авторларының бірі болған Вячеслав Ғиззатов келтірген. ҚР Сыртқы Істер министрлігінде тіркелген дипломатиялық құжаттарда Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін ресми түрде мойындайтын протоколға 1992 жылдың 2 наурызы күні қол қойғандығы көрсетілген. Алғашқы күндері әлемнің салмақты елдері мойындап, кейіннен басқа да елдер мойындап жатты. Осылайша әлемдік саясат аренасында ҚАЗАҚСТАН деген мемлекет тәй-тәй басты. Небары бірнеше аптаның ішінде әлемнің көптеген беделді елдері Қазақ елінің тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық қатынастар басталды.