«Конгресс холл» кешенінде белгілі ақын, қазақ айтысының құлагері Есенқұл Жақыпбекті еске алуға арналған «ӨМІР ӨТТІ ЗЫРҒЫП АҒЫП…» музыкалық-поэтикалық есеп беру кеші өтті.
Әдебиет пен өнер тоғысқан кеште «Жаңа леп!» өнер ұжымы ақынның өлеңдерін оқып, әнге айналған туындыларын орындады. Қойылымды «Самғау» би ұжымы бимен көркемдеп, «Алқоңыр» фольклорлық ансамблі музыкамен сүйемелдеді. Спектакль режиссері– Тасболат Омаров, ал көркемдік жетекші – Нұрдәулет Аққұл.
Бұл кеш Есенқұл Жақыпбектің рухани мұрасын қайта жаңғыртып, бүгінгі ұрпаққа жеткізуді, сонымен қатар шығармашылығын жаңа қырынан танытуды мақсат етті.

Көзі тірісінде-ақ көрнекті ақын, белгілі айтыс ақтаңгері, Сүйінбай мен Жамбыл жырларының жалғасы атанған Есенқұл Жақыпбеков арамызда аман жүрсе келесі айда 71 жасқа толып, жыр мерекесін дүркіреп өткізер еді. Амал қанша, ақын бұл күнге жете алмады – асқаралы алпысын атап өтпек болып қам жасап жүргенде дүниеден өтті. Содан бері де атқан оқтай, шапқан аттай зуылдап онбір жыл өте шығыпты.
Танымал ақын, тарлан талант Есенқұл Жақыпбеков көзден кеткенiмен, көңiлден кеткен жоқ. Шын мәнiсiнде, әдебиетке, өнерге жан-тәнiмен берiлген, мансап қумаған, марапат күтпеген екi адам болса, соның бiрi – Есенқұл Жақыпбеков болатын.

«Сөз өнерінің хас шебері» деген тіркес шығармашылық жолы жазба өлеңде де, айтыста да қатар қаланған ақын Есенқұл Жақыпбекке қарата айтылғандай көрінеді. Есенқұл ақынның сырлы поэзиясы, айтыстағы шымшыма ойлары, жыр-термелері, сазды әндері – мәдени мұрамызға қосылған баға жетпес қазына.

Қаламдас қауым, үзеңгiлес әрiптес, тiршiлiгiнде алабөтен сыйласқан аға-iнi, қарындас ерекше адами болмысы, ақындық, азаматтық ұстанымы үшiн де бүгiнде оны шын сағынады…
Аманхан ӘЛIМ, ақын: АҚЫН БОЛЫП ҚАЛҒАНЫ ҮШIН ҰНАТАМ Есенқұл поэзиясы дегенде менiң көңiлiмдi сүйсiнтетiн және ерекше таңғалдыратын бiр жағдай, оның айтыс ақыны болып жүрiп, жазба поэзияны араластырмай, жаңылыстырмай, екеуiнiң ортасынан “аман” өтуi, яғни ақын болып қалуы. Өйткенi көп жағдайларда, әдебиет тәжiрибесiнде көп айтыскер ақындар жазба поэзияның мықты өкiлi бола амайды деп бағалаған.

Есенқұл Жақыпбек өзінің «Ұлы ақындардың көбінің екі туған күні болады» деп әзіл-шыны аралас тұжырымдайтынындай, ақынның өзінің де екі туған күні болатын. Бірінші, яғни нақты туған күні ретінде 1953 жылдың 19 желтоқсанын айтамыз. Бірақ туу туралы куәлігінде бұл күн көрсетілмеген.

Болмаппыз, шыны керек, туа мықты,
Жабысқан дерттен жаным суалыпты.
Азайып анамыздың әз үміті
Алмапты туу жайлы куәлікті, – деп Есеннің өзінің өлеңінде айтылатынындай, нәресте жарық дүниеге тым әлсіз болып келгендіктен ата-анасы туу туралы куәлігін алуға асыға қоймаған сыңайлы. Ондай куәлік арада біраз уақыт өткен соң, ақынның ғаламтордағы өмірбаянында көрсетіліп жүргендей, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Президент стипендиясының иегері, Мәдениет саласының үздігі, ақын Есенқұл Жақыпбек 1954 жылы 10 ақпанда Алматы облысы Жамбыл ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген деп көрсетілген. Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін бітірген. Ол Алматы облысы Жамбыл ауданындағы өнер мектебінде айтыс ақындарына дәріс беріп, Қазақстан Жазушылар одағы Алматы облыстық бөлімшесі поэзия секторының меңгерушісі, Жамбыл аудандық «Атамекен» газетінің бас редакторы болып қызмет атқарған.

Есенқұл ақынның өзі ақындық оған әжесінің туған ағасы Дулат ақыннан дарыған бооуы керек деп пайымдайды естелігінде: «Менің әжем Шәрипа «көген алмай өлең алған» Екей деген елдің қызы екен. «Елу бақсы, сексен ақын туған» Екей қызы Шәрипаның туған ағасы Дулат болыпты. Сөйтсе Дулат ескіше аса сауатты, өлеңді жазып айтатын мысқылшыл ақын болғанға ұқсайды. Сүйегі Түркістанда жатыр екен. Мені ақындар айтысында айтыс жүргізушілер «Айтыста – шақпа, жазбада – ақпа ақын» деп таныстырып жатушы еді, шақпалық пен ақпалықтың әсері, бәлкім сол Дулат ақыннан дарыған шығар». Ақынның әкесі Серікбай да кезінде суырып салма ақын, шертпе күйдің шебері, Арқа, Жетісу, Кіші жүз әндерін, Абайдың әндерін нақышына келтіріп орындайтын керемет әнші болған екен. Соғыстың алдында актриса Зәмзәгүл Шәріповалармен қатар Алматыда театрда қызмет еткен екен. Кейін соғысқа алып кететін болғасын тракторшы болуына тура келеді. Есенқұл Серікбайұлы естелігінде әкесі мен жазушы Мұхтар Әуезов Жетісудағы ақын-жыраулар туралы хат-хабар алмасып тұрғанын жазады. Ақынның анасы Елизавета Яков­левна украин қызы болған. Соғыс басталғанда 11 жаста болған ол отбасымен қазақ жеріне эвакуацияланып, қазақша білім алады. Елизавета Яков­левна он бір құрсақ көтеріп, немере, шөбере сүйіп, 83 жасында дүние салады. Ақындық жолы Есенқұл Жақыпбек шыққан тегінен бөлек, өлең сөзге құмартуына шетінен ақын, шетінен домбырашы ауылдастары да ықпал еткенін айтады. Бала Есенқұлдың алғашқы өлеңдері алтыншы сыныптан бастап баспасөзде жариялана бастайды. Кейін өлеңдері арқылы танылған жас ақын аудандық газетке жұмысқа шақырту алады. Ақын қызмет еткен «Екпінді еңбек» газеті таланттарды тауып, шыңдаған нағыз әдебиет пен журналистиканың лабороториясына айналған ғажап орта болған. Есенқұл Жақыпбектің алғашқы жыр жинағы 1984 жылы «Қарлығаш» деген атпен жарық көрген. Ақынның шығармашылық мұрасы: «Біз екеуміз»; «Жеріңе табын»; «Жанқисса»; «Есіл дүние-ай»; «Біздің елдің жігіттері»; «Бұл жаз да өтер»; «Тау басында кәрі қар»; «Тазқара құстың тағдыры». «Жазғы таңда» жыр жинағы түрік тілінде жарық көрді. «Өзімнің ақын екеніме кейде сенемін, кейде сенбеймін. Мұқағали күнделігінде өлең жазғанда менің құлағыма біреу бірдеме деп сыбырлап тұрады дейді, менде ондай да қасиет жоқ. Әйтеуір тәнім – күйбең тіршіліктің құлы, жаным – өлеңнің құлы екендігі айдан анық», деп жазады ақынның өзі «Тазқара құстың тағдыры» кітабында.
Ақын Жанарбек Әшімжан Есенқұл Жақыпбек туралы «Қарауыл қайғысы» поэмасында ақынға ерекше тоқталып өтеді. Бұл поэма турасында журналист Асыл Сұлтанғазы былай дейді: «Іркес-тіркес сұлу баламаларға толы осынау көлемді шығарманың мазмұны да ерекше. Қарт Семейдің бауырында болған қасіретті оқиғадан кейінгі, сынақтан соңғы адамдар тағдырының жаңа да тосын жайттары осы поэмада сипатталады. Жанды түршіктірер жайт. Оқысаң да иланғың келмейтін дүние. Алайда иланбауға себеп жоқ. Өйткені ақын қасіреттің жаңа бір тұсын, көлеңкелі жағын шынайы тағдырды арқалаған жандардың ғұмыр белесін анық таныған соң қасиетті қаламға жүгінген. Жүгінгені, теріскейдегі тірлікті суреттегендей ел үшін жұмбақ дүниені айшықтағанымен осынау поэма жүрекке ауыр тиеді екен. Дей тұрғанмен қасіретті айшықтаған бұл туындыны ұлы шығарма емес деп айту да арға сын»-деп пікір білдірген.

Есенқұл Жақыпбек – қалың жұртшылыққа айтыс арқылы танылған ақын. Телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты атанға айтыскер 30 жылдай айтыс сахнасының сәнін келтірген. Оның әзіл-қалжыңға толы тіркестері ауыздан-ауызға тарап кеткен. «Ақындар айтысында менің атым жеңумен емес, жеңілумен шықты. Өйткені ағысқа қарсы жүзетін албасты мінезім бар еді. Бірақ ол жеңіске бергісіз жеңілістер ғой»-деген екен Есенқұл Жақыпбеков.

Есенқұл ақынның қаламынан туған «Өзіңді аңсап», «Өмір өтті», «Біздің елдің жігіттері», «Алдай-ау», «Ардағым», «Сағынғаным бол­маса», «Қара күз», «Сен жалынсың», «Көңілің менде, бі­ле­мін», «Досыма», «Есіл дүние-ай» өлеңдері лирикалық әндер мен термелерге айналып, әнсүйер қауымның жүрек төрінен орын алды. Ақын жанының бар мұңы мен қасіреті сыйып кеткен «Алдай-ау» әнінің сөзімен қоса сазын да Есенқұл ақынның өзі шығарған. Басылымдардың біріне берген сұқбатында ән 90-жылдардың бас кезінде тұрмыс-тіршіліктен күй кетіп жаны күйзеліп, қатты ауырып жүрген кезінде жазғанын айтады: «Ауруханаға жатамын, бірақ, бір құлазу бойымды сергітпей-ақ қойды. Бір күні бұл түрімді көрген Мұса деген досым: «Жүрші, емшіге барып келейік» деді. Өмір-ғұмырымда емші, балгер дегенге сенбейтінмін. Ол оныма құлақ аспай, тау баурайында орналасқан Қастек деген ауылдың Дәуітәлі деген шалына ертіп барғаны. Ол шал маған бірден ұнады. Біз есіктен кіре бергенде: «Әй, ақын, келдің бе, мен біліп едім, сенің келетініңді» деді. Содан ол: «Сендер бәрің бара тұрыңдаршы, мына ақын бала келіп қалыпты, осымен сөйлесейін» деп қалған жұртты шығарып жіберді де, маған «Не болды, не ауру?» — деді төтесінен. Мен не деймін, «Білмеймін» дедім. «Сенің осы, жағдайың болмай жүр ғой, жаның күйзеліп, Алла тағаладан бір тілек-дұға тілейін» деп, көңілі босап: «Мен де кезінде сері болғам, құдайдан шын пейіліммен тілейінші, бәрі өтіп кетеді, жазыласың» деп, отыра қалып, бір дұға оқып еді, құдай салмасын, дұғасын ынты-шынтысымен оқығанда көзінен жас шығып кетті. Өзі соқыр кісі-тін. Алдыңғы тісі жоқтықтан ба, аллам-ау дегенді алдай-ау деп айтады екен. «Е, құдай-ау, Сүйінбай, Жамбылдың ізін басқан осы жігіттің қырсығын кеше гөр, ауыртпалығын азайта гөр!» деп әбден жалынды. Менің де көзім боталап кетті. Бір уақта «Ана бөлмеге бара тұр» дегені. Әлгі бөлмеде жатсам, құлағыма «Алдай-ау, алдай, алдай-ау» деген бір сарын келеді. Қалтамда блокнотым бар еді, ыңылдап отырмын, жазып отырмын. Сөйтсем, құдай жарылқап, шалдың қолдан шапқан домбырасы бар екен. Сол жерде әнін шығарып, шалға келдім де: «Ән шығардым» деп, дереу орындап бердім. Ол әнді тыңдап болысымен: «Сені қысып жүр ғой, қырсығың кесілді деген осы, мұңая берме, екі-үш күн жат осында» деді». Нота білмейтін ақын әнді түнімен айтып шығады да, ертесі емшіге рахметін айтып, үйіне қайтып кетеді. Үйінде әнді ыңылдап айтып отырғанда Алматыдан шәкірті Ақан Әбдуәлиев бара қалады. Әнді соған орындап береді. Шәкірті әнді бірден қағып алады да, ақынның жан дүниесінен сыр шертетін ән сол күні-ақ тарап кетеді.

Ақынның жаратылысы, табиғаты тылсымға жақын бір көрегендікпен, тіпті әулиелікпен де тамырлас десек асырып айтқандық бола қоймас. Оның көрінісін бұрынғы ақындардың жаратылысынан да, кейінгі ақындардың шығармашылықтарынан да аңғаруға болады. Бұл құбылыс Есенқұлдың шығармашылығынан да көрініс береді. Анда-санда жүрегінің сыр бергені болмаса алпысына аттай желіп жетті деуге болатын Есағаң елуден жаңа асқан шағының өзінде әлдебір ішкі түйсікпен «Өлеңім, жұртым, өзіңе мәңгі аманат» деген тұжырымға қайта айналып соға береді. Одан кейінгі жерде «Өсем деген ұлды бағып, кетем деген қызды бағып, өмір өтті-ау сырғып ағып…» деп терең бір мұңға беріледі. Ал алпысына аяқ басқандағы кейбір жырлары тыңдар құлаққа ақын жарық дүниемен біржолата қоштасып жатқандай әсер қалдырады.

Сен аман бол ендеше, Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Сен аман бол, Қара Ертіс, Есіл, Нұра саласы,
Сен де аман бол, Іле, Шу, Арысы мен Таласы,
Ешқайсына елімнің көзімнің жоқ аласы.
Сен аман бол ендеше, алты Алаштың баласы,
Сен де аман бол, Жетісу – қасиетті қара жұрт! –
деген жолдар ел-жұртымен қоштасу емей немене?..

1984 жылғы телевизиялық ақындар айтысының тұңғыш лауреаты, ақын Есенқұл Жақыпбеков 2013 жылы 16 қарашада көз жұмған болатын.

Алғашқы өлеңдері 1984 жылы «Қарлығаш»жинағына енген ақынның 1986 жылы «Ағымнан жарыламын», 1990 жылы «Біз екеуміз», 1994 жыл «Жеріңе табын», 1999 жылы «Біздің елдің жігіттері», 2001 жылы «Бұл жаз да өтер» деп аталатын өлеңдер жинақтары жарық көрген болатын. Сазгерлер оның 200-ге жуық өлеңдеріне ән жазған. Жиырмаға жуық әнді өмірге әкелген Есенқұлдың «Қара күз», «Алдай-ау», «Жұлдыздар бәрін болжайды», «Тұманды түн» сияқты шығармалары жұртшылық арасында кең тараған.