Осыдан 100 жыл бұрын 1924 жылғы 22 қазанда Әбдіжәміл Кәрімұлы НҰРПЕЙІСОВ (1924-1922) Қызылорда облысы Арал ауданындағы Үшкөң ауылында дүниеге келген.

Қазақстанның халық жазушысы, XX ғасырда қазақ әдебиетіне зор үлес қосқан суреткерлердің бірі, қоғам қайраткері.
Ата-бабасы Арал маңында ежелден қоныстанған. Жетінші атасы — Тайқожа батыр, одан Қалдан, одан Арғынбай би, одан өз заманында асқан байлығымен танылған Сыланбай, одан туған Нұрпейіс болыс болған. Нұрпейістен Кәрім, Нәжім, Қали деген ұлдар туады.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 26 қазандағы Жарлығымен Ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ» атағы берілді.

Осы үшеуі және Кәрімнен туған Әбдіжәміл төртеуі Ұлы Отан соғысына қатысқан. Бұлардан аман қалғаны Әбдіжәміл ғана. Әкесі Кәрім ауылнай қызметін атқарған. Соғыс қарсаңында балық колхозында істеген. 1944 жылы 21 сәуір күні Тернополь түбіндегі ұрыста қаза тапты.
Әбдіжәміл Нұрпейісов орта мектепті тәмамдаған бойда армия қатарына шақырылып, Ұлы Отан соғысына аттанды. Қысқа мерзімді курстарды бітіргеннен кейін Оңтүстік және Прибалтика майданында, Луганск түбінде миномёт ротасында саяси қызметкер, кейін штабист ретінде Балтық маңында Курлянд плацдармындағы шайқастарға қатысты.
«1943 жылдың наурыз айында лейтенант болып, әуелі ұшқыштар курсын оқыған. 1946 жылы желтоқсанда әскерден босанған Әбдіжәміл армия қатарында жүріп бастаған «Курляндия» романын жазуға кіріседі. Оны бітіріп баспаға берген соң, бір жыл Қазақ мемлекеттік университетінде оқиды.
«Курляндия» романы жазылады. Жазушы тырнақалды кітабы үшін Жамбыл атындағы республикалық сыйлықтың лауреаты атанады. Проза саласында үзбей еңбектеніп, өткір сынымен, публицистикалық мақалаларымен де көзге түседі.

1954 жылы Әбдіжәміл Нұрпейісов Мәскеудегі Горький атындағы Әдебиет институтына түсіп, 1956 жылы бітіреді. 1962-1964 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының органы – «Жұлдыз» журналының бас редакторы болып істейді, Қазақ ССР-і Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. 1964 жылдан бері ұзақ жылдар бойы бірыңғай шығармашылық қызметпен шұғылданады. Халықаралық ПЕН клубын ұйымдастырып, оның президенттігіне сайланады.

2000 жылы ПЕН клубының жанынан «Таң-Шолпан» журналын шығарады. Көп жылдардан бері осы әдеби-көпшілік журналының редакторлар кеңесінің төрағасы. Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі – Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүниежүзіне танытты. «Соңғы парыз» дилогиясы да әлем әдебиетшілерінің үздік бағасына ие болды.
1978 жылы Әзірбайжан Мамбетов пен Юрий Мастюгин Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романының желісі бойынша екі бөлімнен тұратын кино түсірді. Сценарий авторлары — Андрей Михалков-Кончаловский мен Родион Тюрин. Фильм 1979 жылы Мәскеуде өткен ВДНХ КСРО-ның Алтын медалін алады және Ашхабад қаласындағы өткен кинофестивальда «Ең үздік тарихи-революциялық фильм» номинациясы бойынша үздік деп танылды.
2008 жылдың 14 қарашасында Ақтөбе қаласында «Қан мен тер» трилогиясының кейіпкерлеріне арналған Ерік Жауымбаевтың ескерткіші ашылды. Бұл — Қазақстандағы әдеби туындының кейіпкерлеріне арналып жасалған алғашқы туынды. Мүсіндік копозицияда романның негізгі жеті кейіпкері және ит бейнеленген.
Өткен XX ғасыр қазақ әдебиетіне мол сыбаға қосқан суреткерлердің бірі — Әбдіжәміл Нұрпейісовтің «Қан мен тер» трилогиясы, басқа да шығармалары отыз шақты шетел тіліне аударылып, ұлттық әдебиетімізді дүние жүзіне танытып, әлем әдебиетшілері қасқа-жайсаңдарының үздік бағасына ие болды.

Қаламгердің тұңғыш романы «Курляндия» 1950 жылы жарияланып, кейіннен «Күткен күн» деген атаумен өңделген нұсқада жарық көрді. Жазылған дүние шығарманың көркемдік сапасын жетілдіру мақсатында өнделді. Кейбіреулер «Курляндия» «сын көтермейтін нашар» шығарма десті. Авторының өзі тіптен тұқыртып: «…1947 жылы әскер қатарынан босанып қайтқан шала сауатты қалпыммен роман жаздым. Әрине, шала сауатты баладан шала сауатты роман шығатыны белгілі» – деп атүсті сынды растағандай болды. Жөнін айтқан – жазушы, сыншы Тахауи Ахтанов. «Курляндия» романында, – деп жазды ол, – жас жазушы ең алдымен өзінің талантын, шебер суреткерлігін танытты. Соғыс өмірін оқушылардың көз алдына көркем елестете білді. Сонымен бірге азды-көпті шын мағынасындағы жанды, көркем бояулы образдар жасай алды. Біз өмірде кездестіріп жүрген замандастарымыздың ой-арманын, іс-әрекетін ғана емес, түр келбетін, дағдысын, мінез-құлқын, біраз жағдайда ішкі дүниесін сол бір бояуы сембеген ыстық жанды күйде көз алдымызға елестетіп берді. Тағы бір әсіресе айтып кететін қасиет – жас жазушы қазақ тілін жақсы білетінін және оны көркем шығарма есебінде сәтті қолдана алатынын көрсетті».

Бұдан бөлек, ол — «Сең», «Соңғы парыз» роман-дилогиясының, «Толғау» атты сыни еңбектің, көптеген очерктер мен көркем аудармалардың авторы. Ал басты туындысы — «Қан мен тер» трилогиясы.

Трилогия 1916–1918 жылдардағы аласапыран кезең мен қазақ халқының әлеуметтік қайшылыққа толы күрделі өмірін көркем бейнелеген шығарма болды. Онда 200-ге тарта кейіпкер шеберлікпен сомдалған. Бір ғана Еламанның жігерлі бейнесі арқылы қазақ халқының қаһармандық рухы шынайы көрсетілген.
Жазушының «Ымырт», «Сергелдең», «Күйреу» деген үш кітаптан тұратын «Қан мен тер» трилогиясы қазақ әдебиетіндегі айтулы шығармалар қатарына жатады. Роман-трилогияда Арал қазақтарының төңкеріс алдындағы, төңкеріс және Азамат соғысы жылдарындағы өмірі, ішкі-сыртқы жаулармен күресу тарихы көркемдікпен суреттелген. Шығарманың оқиғасы романның орталық кейіпкері Еламанның төңірегінде өрбіген. Бірінші кітап «Ымырт» намысшыл Еламанның дүниеқоңыз Федоровты өлтіруімен аяқталса, трилогияның «Сергелдең» деген екінші кітабында абақтыда болып, айдауда жүріп, түріктермен арадағы соғысқа қатысқан, жан-дүниесі өзгерген, өзіндік ой-өрісі қалыптасқан, сана-сезімі өскен Еламан бейнесі суреттелген. «Күйреу» атты үшінші кітапта оқиға желісіне негізгі кейіпкер ретінде Тәңірберген қатысқан. Жалпы трилогияның оқиғасы Еламан – Ақбала – Тәңірберген арасына желі болып тартылған. Романда Судыр Ахмет, Қарақатын, Ақбаланың әкесі Сүйеу қарт бейнелері де өзіндік ерекшелікпен сомдалған.
Ал әлеуметтік-психологиялық «Соңғы парыз» роман-дилогиясында Арал теңізінің апатқа ұшырауына кінәлі адамдардың хикаясы нақты суреттелген.
Нұрпейісовтің «Толғау» атты әдеби-сын мақалалар мен эсселер жинағы 1972 жылы қазақ-орыс тілдерінде жарық көрді. Артынан тағы толықтырылып, «Жүрегі толы жыр еді» деген атпен қайта басылды. «Көгілдір көлдер өлкесі», «Ақбидай туралы аңыз» секілді бірнеше очерктер жинағы шықты. «Қасиетіңді қадірле» атты кітабына соңғы уақытта жазған әдеби мақала, очерк, эсселері енді. Әбдіжәміл Нұрпейісов Чехов, Горький, Хикмет пен испан жазушысы Кэсонның шығармаларын қазақ тіліне аударды. Сонымен қатар, Нұрпейісовтің туындылары да бірнеше шетел тіліне тәржімаланған.
Шет ел әдебиетшілері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің еңбектерін жоғары бағалады. Француз жазушысы Андре СТИЛЬ «Осы бір ұлы романдағы сан қырлы, алуан бояулы дала мен оны мекен ететін халық өзінің бейтаныс әрі таңсықтығымен ежелгі бір далалық ауызекі тілде айтылған эпопея секілді бізді еліктіріп алып кетеді» — деді. Испаниялық әдебиет сыншысы Аугуст ВИДАЛ «Трилогия классикалық орыс про­­за­сының дәстүрінде жазылған. Эпи­калық құлаш, терең суреткерлік, қилы кейіпкерлер галереясы, көркемдік ше­берлік еріксіз «Тынық Донды» еске түсіреді. Осы рет­те Нұр­пейісовті «қазақ әдебиетінің Шоло­ховы» деуге болады» деп көрсетсе, француз жазушысы Луи АРАГОН «Нұрпейісов пен Әуезовті салыс­тырғанда тым қарапайым болудың қажеті жоқ, өйткені «Ымырт» қазақ романының прогресіндегі жаңа баспалдақ. «Абай жолы» романын белгілі бір деңгейде Гетенің «Вильгельм Мейстерімен» қатар қоюға болады. Бұл екі роман да адам мінез-құлқының қалыптасуын көрсетудің әлі ешкім асып өте алмаған жарқын үлгілері. Ал Нұрпейісовтің романы болса, осы кітап­тар тақылеттес. «Ымырт» романы суы ащы шөлдегі шыңырау құдық секілді (автор өз кітабында адам рухының өжеттігін көр­сететін көп­мәнді эпиграфты тектек-тек қолданып отыр­ған жоқ қой). Нұрпейісовтің «Ымырт» романы секілді терең әрі тартымды кітаптар кейінде жазылған жоқ. «Ымыртты» қазіргі америкалық, француздық, не болмаса басқа да заманауи әдебиеттегі үлкен шы­ғар­­малармен қатар қоюға әбден болады» — деп пікірін білдірді.

Жазушының тағы бір сүбелі туындысы – 1999 жылы жарық көрген «Сондай да бір күн болған» және «Сондай да бір түн болған» деген екі кітаптан тұратын, көкейкесті экологиялық, күллі адамзаттық мәңгілік мәселелерге арналған психологиялық-әлеуметтік «Соңғы парыз» атты роман-дилогиясы.
Әбдіжәміл Нұрпейісов 1974 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. КСРО мемлекеттік сыйлығын үш-ақ қазақ алған. Олар – Мұхтар Әуезов, Жұбан Молдағалиев және Әбдіжәміл Нұрпейісов. 2001 жылы Мәскеудегі Халықаралық Әдеби қордың «За честь и достоинство», 2003 жылы Халықаралық М.Шолохов атындағы сыйлықтардың лауреаты болды. «Қызыл Жұлдыз», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет Белгісі», «Халықтар достығы» (1984), «Отан» (1994) ордендерімен және медальдармен, РСФСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Құрмет Грамотасымен марапатталған. 1985 жылы Қазақ КСР Халық жазушысы құрметті атағы берілді.
Халық жазушысының Ұлы Отан соғысы жылдарындағы жанкешті әрекеттері де, қару мен қаламды қатар ұстап, зұлмат жылдар шындығын тарих қойнауына бүкпесіз таңбалауы да Әбенің ғасырлар өтсе де ұмытылмайтын ұлы ерліктерінің бірі.
Алаш жұртының Әбесі атанған Әбдіжәміл Кәрімұлы – ғұмырын ақиқат пен шындыққа, Ұлтымыздың рухани кемелденуіне және Қазақ халқының шығармашылық мүмкіндіктерін әлемдік әдеби аренада мойындатуға арнаған қаламгер. Оның тек бір қауымның ғана емес, тұтас әлемнің келешегіне алаңдауынан туындаған, тарихи шындықтарға негізделген және болашақта орын алатын факторларды дөп болжаған романдары әлемдік әдебиеттің алтын қорына енді. Қасиетті әрі қасіретті Арал тағдыры арқылы адамзат тағдырына алаңдаған жазушының асқақ ойы мен қарымды қаламынан туындаған шығармалардағы сюжеттер бүгінгі күннің шындығына айналды.