
Сайрам аудан орталығындағы Оңтүстік Қазақстан Индустриялды-Инновациялық Колледжінде мерейлі мерекеге орай іс-шара және жалғасты. Студенттер, Желтоқсан оқиғасының куәгерлері бас қосқан жиында Amanat Partiyasy Sairam Audany филиалының атқарушы хатшысы Қуаныш Сыздықов модераторлық етті.
Өткен тарих өрілген кездесуде Тәуелсіздік жолындағы қиындықтар мен елеулі оқиғалар сөз етілді. Кездесу барысында колледждің тарих пәнінің оқытушысы Жаңабек Сегізбаев тарихқа арнайы шолу жасады.
Мұнан соң Желтоқсан оқиғасына қатысқандар бастан өткен сол бір ызғарлы күндерді әңгімелеп берді. Жүздесу соңы отансүйгіштікті ұғындыратын патриоттық әндерге ұласты.
Сонымен бірге, Түркістан облыстық қоғамдық даму басқармасы «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен “16 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне” орай, еліміздің ең ұлы мерекесін жоғары деңгейде атап өту мақсатында “Тәуелсіздік керуені” атты облыстық эстафета — Сайрам ауданында өтті.
Бұл эстафета 17 аудан, қаланы аралап, еліміздің жасампаз жетістіктерін насихаттау, жастар арасында отансүйгіштік рухын арттыру, тәуелсіздіктің маңызын ұғындыруды көздейді.
”Тәуелсіздік керуені” эстафетаның мақсаты — Тәуелсіз Қазақстанның 33 жылдық жетістіктерін дәріптеу арқылы жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау, жастарды ел дамуына үлес қосуға шабыттандыру, ұлттық рух пен бірлікті нығайту, жастардың — Тәуелсіздікке, елдікке деген сүйіспеншілігін арттыру. Мерекенің мәні мен маңызын ұғындыру, мәртебесін көтеру болып табылады.