
Келес ауданында 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесіне орай салтанатты шара өтті. Салтанатты шараға аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Шералы Сәрсенұлы қатысып, өңірдегі барша қарияларды мерейлі мерекелерімен құттықтады.
– Бүгін, бізде ерекше мейрам, барша баланың ең сүйікті де, ең жақсы көретін мейрімді аталарымыз бен әжелеріміздің мерейлі мерекесі. Қарттар күнін осыдан 34 жыл бұрын, яғни, 1990 жылы желтоқсан айының он төртінші жұлдызында Бас Ассамблея 1 қазанды «Халықаралық қарттар күні» деп жариялаған болатын. Бұл мереке ХХ ғасырда пайда болды. Басында Қарттар күні Еуропада, кейін Америкада тойланған, ал 80 жылдардың аяғынан бері бүкіл әлемде атап өтіліп келеді. Ғұмырларыңыздың ең қызықты да жарқыраған жастық шағын еліміздің өркендеуіне, келер ұрпақтың игілігіне арнадыңыздар. Бүгінде қарттар күнін атап өту, оларға құрмет, қолдау көрсету дәстүрлі іс-шаралардың біріне айналды. Аталған мерекеде ауданымызда қалыс қалмай еліміздің дамуына үлес қосқан қарияларымызды, жалғызілікті қарттарымызды мерекемен құттықтауды жөн санадық. Тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне үлестерін қосқан, саналы ғұмырларын Отан деп, тынымсыз еңбектерімен мемлекетіміздің негізін салуға жол ашқан қарттарымыз аман болсын мереке құтты болсын, — деді аудан басшысы Жәнібек Есенұлы өз құттықтауында.
Келес ауданындағы мерекелік шара алдымен аудан орталығындағы «Қазыналы қария – тең қоғам» атты әлеуметтік қызметтер көрсету орталығында бастау алып, онда аудан басшысы абыз ақсақалдарға құрмет көрсетіп, ақ жаулықты аналардың иығына ақ жаулық жапты. Салтанатты шара Абай ауылындағы «НұрҚожа» салтанат сарайында жалғасын тауып, аудандағы ардагерлерге ас берілді. Мерекелік шара барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары дайындаған қойылымдар қойылып, концерттік бағдарламаға ұласты.
Айта кетейік, Келес ауданында 11 мыңнан аса ардагерлер, 100 жастан асқан үш ардагер ана тұрады. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімде есепте тұрған 109 жалғызілікті қарттарға әлеуметтік көмектер көрсетіліп, оларға арнайы мамандар қызмет етуде. 2024 жылы қарттары сауықтыру орындарында ем алу үшін облыстық қаражаттан 460 жолдама, аудандық қаражатынан бөлінген 224 жолдама қарастырылып, зейнеткерлер емдік сауықтыру орындарына жіберілді. Алдағы уақытта сауықтыру орындарына жолдамалар санын көбейету жоспарға қойылған.