
Бүгін 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі Отырарда ерекше салтанатпен аталып өтті. Отырар аудандық мәдениет сарайында «Қариялар – асыл қазынамыз» тақырыбында өткізілген мерекелік іс-шараға ауылдық округтерден келген тыл және еңбек ардагерлері, зейнеткер ата-әжелер мен тұрғындар қатысты.
Мерекелік шараға келген көпшілік алдымен қолөнер шеберлері бұйымдарының көрмесін тамашалап, халқымыздың күнделікті тұрмыста пайдаланған заттарының тарихымен танысты.
Мұнан соң мерекелік жиынның шымылдығы сахналық көрініспен түріліп, жиынға қатысушылар отбасының тірегі саналған қарттарымыздың қадірін біліп, оларды құрметтеуге шақыратын қойылымды ерекше тебіреніспен тамашалады.
Салтанатты шарада аудан әкім Қайрат Жолдыбайұлы ардагерлерді мерейлі мерекемен құттықтап, қоғамда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсетудің, үлкенді құрметтеудің маңыздылығын атап өтті.
Аудан басшысы өз сөзінде: «Сіздердің әрбіріңіздің жүріп өткен жолдарыңыз, еткен еңбектеріңіз – ұрпақ үшін үлгі-өнеге. Ақылы-дария, білімі-теңіз, өмірлік тәжірибесі мол сіздерден тәлім-тәрбие алған іні-қарындастарыңыз өздеріңіз бастаған игілікті істерді жалғастыруда. Халық арасында аузы дуалы, әңгімесі бәтуалы өздеріңіздей ақсақалдардың барында ел ішінде жөнсіз істер орын алмайтындығы белгілі. Сіздерді бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға бақ-береке, ырыс-несібе тілеймін!», — деді.
Мерекелік шара барысында ауданның өсіп-өркендеуі жолында еселі еңбек еткен ардагелерге аудан әкімінің алғыс хаттары мен естелік сыйлықтар тарту етілді.
Отырарлық ардагерлердің тойына ауданның талантты әншілері өз өнерлерімен көрермендерді тәнті етті.
Жалпы аудан көлемінде 153 тыл ардагері және 5 мыңнан астам зейнеткер ғұмыр кешеді. Ардагерлер қауымы қала мен ауылдарда 22 бастауыш ардагерлер ұйымына топтасып, ауызбіршілікпен жұмыс істеп келеді. Зейнет жасындағы ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету мақсатында аудан орталығынан ардагерлерге түрлі қызметтер көрсететін «Белсенді ұзақ өмір, әлеуметтік қызметтер көрсету» орталығы ашылған. Аталған орталық құрметті еңбек демалысына шыққан барлық еңбек ардагерлерінің басын біріктіретін бірегей ортаға айналып келеді. Бұл жерде ардагерлерге барлық жағдай жасай отырып спортпен олардың шұғылдануына да мүмкіндік жасалған.
Мұнан бөлек аудан көлемінде ардагерлерімізді ардақтауға бағытталған түрлі іс-шаралар ұйымдастылып келеді.