
Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов бірқатар басшылық құраммен бірге 1 қазан – Халықаралық қарттар күні мерекесі қарсаңында жасы 100-ден асқан Ақбұлақ ауылының тұрғыны Қызылкүл Қуандықованы төл мерекесімен құттықтап, шаңырағына арнайы барды.
– Сіздің әрбір жүріп өткен өмір жолыңыз өскелең ұрпақ үшін өшпес өнеге. Міне, бүгінде еңбегіңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіз. Қашанда шаңырағыңыздың ұйытқысы болып, шаттықтың сәулесін себе беріңіз. Отбасыңызға береке, бірлік тілеймін! – деді аудан басшысы А. Сәбитұлы.
Ғасыр куәсі атанған асыл анамызға аудан әкімі өзінің атынан арнайы құттықтау хаты мен сыйлықтарын табыстап, иығына ақ жаулық жапты. Өз кезегінде, жүз жасаған ана бүгінгі жас буынның өзіне көрсетіп жатқан сый-құрметіне аналық ақжарма тілегін арнады. Ауданды алға дамыту жолындағы жаңа бастамаларына сәттілік тілеп, ақ батасын берді.
Айта кетейік, елімізде 100 жасаған және одан асқан 423 азамат бар. Жасы ең үлкен кейуана Ұлытау облысында тұрады, ақ жаулықты әжеміз биыл 114 жасқа толған туған күнін атап өтті, деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Ең көп өмір сүретіндер еліміздің оңтүстік өңірінде көп. Түркістан облысында 100 және одан жоғары жастағы 64 адам бар.
Ұзақ өмір сүрушілер саны бойынша елімізде екінші орында тұрған ірі қала – Алматы. Қазір Алматы қаласында 100 жастан асқан 48 адам тұрады.
Ұзақ өмір сүретіндер саны бойынша үшінші орында Алматы облысы тұр, онда 100 және одан жоғары жастағы 38 адам тұрады.
Ең қарт қазақстандықтардың үштігіне Ұлытау облысының тұрғыны – 114 жас, Павлодар облысы – 112 жас, Түркістан облысы – 110 жас кірді.
Жыл сайын бүкіл әлемде, оның ішінде Қазақстанда да 1 қазанда Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Бұл мерекені 1990 жылы 14 желтоқсанда Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас Ассамблеясы 45 сессияда жариялады.
Оны өткізудің басты мақсаты – егде жастағы адамдардың мемлекет пен қоғам алдындағы еңбегін құрметтеу және тану, сондай-ақ олардың проблемалары мен қажеттіліктеріне, өмір сүру сапасын арттыру қажеттілігіне назар аудару, оларға жалпыға бірдей қамқорлық көрсету.
Сонымен бірге, Сайрам ауданының әкімі Арман Сәбитов ауданның қазыналы қарттарын мерекелерімен құттықтады: «Сіздерді «1 қазан – Халықаралық қарттар күні» мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Тұла бойы даналыққа тұнып тұрған Сіздердің өмірлік тәжірибелеріңіз біз үшін аса бағалы. Себебі, біз Сіздерге қарап, жаңа заман ағымына сай сол істерді жалғастыратын боламыз. Әрқайсысыңыз әрдайым арамызда ақыл-кеңестеріңізді айта отырып, ауданымызды алға жылжыту жолында сүбелі үлес қосатындарыңызға сенімім мол.
Баршаңызға белгілі, қазіргі таңда зейнеткерлер мен ардагерлерге жан-жақты қолдау көрсету, үлкенді құрметтеу – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында ардагерлерге қамқорлық жасауда ауқымды шараларды жүзеге асыруды жүктеді.
Бабаларымыз айтқан «Ауылыңда ақсақалды қария болса – жазулы тұрған хатпен тең», – деген даналық сөздің өзі кейінгі ұрпақтың үлкенді қашанда ұлық тұтатынын ұқтырады.
Ауданымызда ардагерлеріміздің әлеуметтік жағдайларын жақсарту мақсатында әр түрлі бағытта жұмыстар атқарылуда. Олардың мәдени- рухани өмірге белсене араласулары үшін алыс-жақын қалалардағы киелі, көрікті мекендерге саяхаттар ұдайы ұйымдастырылып тұрады.
Қазіргі таңда ауданымызда 1 Ұлы Отан соғысының ардагері, 346 тыл ардагері және 19347 зейнет жасындағы абзал қарияларымыз бар.
Құрметті ардагер ағалар, асыл аналар!
Сіздердің әрқайсыларыңыз бүгінде еңбектеріңіздің зейнетін көріп отырған шақта да ұрпақтарыңызға ізгі істердің жарқын үлгісін көрсетіп келесіздер. Баршаңызды бүгінгі мерейлі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, ұзақ өмір, отбасыларыңызға амандық, ұрпақтарыңызға бақ-береке тілеймін!» делінген құттықтауда.