Бүгін Сауран ауданы, Шорнақ ауылында Сауран ауданы әкімі Таңғатаров Мақсат Асылбекұлының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Шорнақ ауылдық округі әкімшілігі, Шорнақ ауылдық клубы және кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Ауылдың мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртқан шараға ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысып, қазақтың ұлттық құндылықтарына куә болды.
Байқауда қонақтар халық әнімен әуендетіп келіп, ал қонақтарды ауылдың өнерпаз балалары домбыраның әсем үнімен қарсы алды. Бұл қазақтың дәстүрін тереңірек танып, жүрек түкпіріне жақындатудың тамаша тәсілі десе де болады. Сонымен қатар «Шашу», «әжелер нан ұсыну» салттары көрсетілді. Ақ кимешек киген «Асыл қазына» әжелер тобының әсем әндерін қонақтар тамсана тыңдап, ауыл өмірінің шынайы әрі қайталанбас көрінісін сезінді.
Байқау аясында әртүрлі көрмелер ұйымдастырылды. Келушілерге ұсталық өнердің тамаша туындылары, кітапхананың кітап көрмесі мен ауыл тарихынан сыр шертетін инсталляциясы, ұлттық тағамдардың сан алуандығы мен дәстүрлі қолөнер туындылары ұсынылды. Көрмелерді аралап шыққан қонақтар қазақ халқының мәдениеті мен өнеріне деген сүйіспеншіліктерін білдіріп, шеберлердің қол еңбегін жоғары бағалады. Ұсталық өнерге арналған бұйымдар қазақтың ежелден келе жатқан ұсталық мәдениетін жаңғыртып, бұл өнердің мәні мен маңызын насихаттады.
Шорнақ ауылында орналасқан «Бәйтерек бөбекжай балабақшасы» КММ ұжымы мен кішкентай бүлдіршіндер де байқауға өз үлестерін қосты. Бүлдіршіндер әсем оюлар мен асықтарын көрсетіп, ұлттық ойындарды жандандырып, қазақ халқының байырғы тұрмыстық салт-дәстүрлерін сахнада бейнеледі. Әсіресе, балалардың бестемше ойынын тамашалаған көрермендер олардың өнеріне сүйсініп, қошеметтерін аямады.
Мерекелік концерт байқаудың көркіне көрік қосып, көпшіліктің көңілін көтерді. Жергілікті өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, халық әндерін орындады. Әрбір ән мен би қазақтың бай мәдениетін паш етті. Атап айтқанда, Ұлжалғас Әбілдахан орындауында «Желдірме» әні, М. Примханова орындауында «Ауылым» әні, Мақпал Құлтаева орындауында «Ел аман болсын» әні, «Жас толқын» Квартетінің орындауында «Жақсылықта жолығайық» әні, Мақсат Жанасбаевтың орындауында «Бұл жаңа Қазақстан», Тамара Ерімбетова және Мақпал Құлтаеваның орындауында «Туған жер» әні, Ұлжалғас Әбілдаханның орындауында «Беу айдай» әні, «Асыл қазына» әжелер тобының орындауында «Халық әні» поппуриі мен «Атамекен» әні қалың көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, ыстық ықыластарына бөленді. Сонымен қатар Сауран ауданы білім бөліміне қарасты №5 Қ. Рысбеков мектеп-интернаты оқушыларының «Туған өлкені аңсау» көрінісі сахналанып, «Айқара көз» би тобының орындауында «Тор жорға» биі мен қазақтың рухты би өнері де тамашаланды. Ұлттық киімдер киген өнерпаздар өз шығармашылықтарын көрсетіп, көрермендерді тамаша көңіл күйде қалдырды.
«Ауылым – алтын бесігім» байқауы Шорнақ ауылының ғана емес, бүкіл қазақ халқының мәдениетін дәріптеуге арналған тамаша шара болды. Бұл күн ауыл тұрғындарының есінде мәңгі сақталып, ауыл өмірінің көркем бір көрінісі ретінде есте қалатыны анық. Осындай мәдени шаралар ауылдың рухани байлығын арттырып, жастарға ата-бабамыздан қалған құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа жеткізудің маңызды екенін тағы бір рет дәлелдеді.