
Бүгін Сауран ауданы, Қаражон ауылында Сауран ауданы әкімі Таңғатаров Мақсат Асылбекұлының бастамасымен «Ауылым – алтын бесігім» атты ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Қаражон ауылдық әкімшілігі, ауылдық клубы және кітапхана ұжымымен бірлесе ұйымдастыруымен өтті. Ауылдың мәдениеті мен дәстүрін жаңғыртқан шараға ауыл тұрғындары мен қонақтары қатысып, қазақтың ұлттық құндылықтарына куә болды.
Байқауда ауыл тұрғындары мен қонақтарды қазақ халқының ежелгі салт-дәстүрлерімен және мәдени мұраларымен таныстырып, ұрпақтар сабақтастығының маңызын тағы бір мәрте айқындады. Қазақтың көне салттарының бірі – бастаңғы өткізілді. Бастаңғы — жастардың жиналып, өздері той жасайтын дәстүрлі рәсімі. Жастар бастаңғыда ұлттық ойындар ойнап, ән айтып, би биледі. Қаражон ауылындағы байқауда да осы дәстүрді жаңғыртып, жастар ұлттық әуендермен мерекелік көңіл күй сыйлады. Сонымен қатар, тұсаукесер рәсімі де көрсетілді. Бұл қазақ халқының баланың алғаш қадам басуына байланысты жасайтын салт-жоралғысы. Ауылдың үлкендері тұсаукесердің мән-мағынасын түсіндіріп, осы салттың тәрбиелік және рухани байлығын ерекше атап өтті.
Шараның ерекше бір бөлімі — ауылдың ақ кимешекті әжелерінің дайындаған быламық тағамы болды. Быламық – қазақ халқының дәстүрлі тағамдарының бірі, ол қайнатылған ұннан дайындалады. Осындай ұлттық тағамдарды насихаттау ауылдың мәдени өміріне ерекше реңк беріп, ауыл тұрғындарының ұлттық болмысын сақтап қалудағы рөлі зор екенін көрсетті.
Шара барысында көпшілік концерттік бағдарламаны тамашалады. Жергілікті өнерпаздар халық әндері мен күйлерін орындап, жиналған қауымды ұлттық мәдениетпен сусындатты.
«Ауылым – алтын бесігім» байқауы Қаражон ауылында да сәтті өтіп, ауыл тұрғындарының көңілін көтеріп, ата-бабамыздан қалған мұралардың жаңғырып, ұрпаққа жетуінің қаншалықты маңызды екенін ұғындырды. Осындай шаралар арқылы қазақ халқының бай салт-дәстүрлері мен мәдениеті жаңа өмірге еніп, жас ұрпаққа өнеге болары сөзсіз.