«Ауылым – Алтын Бесігім» ауылдық мәдениет үйлері мен клубтары арасындағы байқау Сауран ауданы, Жаңа Иқан ауылдық мәдениет үйінде жалғасын тауып, ауыл өмірінің қазынасы мен ұлттық дәстүрлерді дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды.
Бұл байқау мақсаты ауыл тұрғындарының басын қосып, ұлттық рухты көтеріп, туған жерге деген сүйіспеншілікті нығайту болып табылады. Ауыл әкімшілігі, мәдениет үйі және кітапхана бірігіп ұйымдастырған бұл іс-шара ауылдың өткенін дәріптеп, оның болашағына деген сенімін күшейтуді көздеді.
 Шараны Жаңа Иқан ауылдық округі әкімі Абдаев Тахир ашып, құттықтау сөз сөйледі. Байқауға ауылдан шыққан беделді азаматтар, түрлі салада еңбек етіп, елге танылған тұлғалар да арнайы қатысты. Олар өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, туған ауылдарының дамуына үлес қосуға дайын екендіктерін айтты. Бұл кездесудің өзі жастарға үлгі болып, олардың алдағы уақытта туған жеріне қызмет етуге деген құлшыныстарын арттыра түсті.
Байқауда қыл қалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылары, қол өнер бұйымдары, жеміс жидек дақылдары, ұлттық нақыштағы оюлардан көрме қойылып, қазанға бауырсақ салып тұрған апа-әжелеріміздің алдында Акбарқажы атамыз Якубов Бабажан «Қойдың басын тарту» салтын көрсетті.
Концерттік бағдарлама қойылып, Мадиханов Абдумажиттің орындауында «Ассалаумағалейкүм» әні, Хидиралиева Мияссар мен Омаркулов Рахимжан орындауында «Домбыра» әні, Алдабергенов Жалғас орындауында «Шалала» әні 4 тілде әндер шырқалып, күмбірлеген домбырамен күй шертіп, ұлттық билерден қазақ және өзбек биі қойылып, ауыл тұрғындарының қалың қошеметіне бөленді. Шараны Жаңа Иқан мәдениет үйі қызметкерлері М.Ташполат пен Д. Юнусов жүргізді.
Шараның тағы бір жарқын сәті — ауыл өмірінен алынған «Шімән апа» көрінісі болды. Оқушылар мен жергілікті актерлер қазақ халқының ежелгі тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін сахналық қойылымдар арқылы көрсетті. Бұл көріністер көрермендерге ауыл өмірінің шынайы бейнесін жеткізіп, ұмытылмас әсер қалдырды.
Шара барысында Жаңа Иқан ауылдық кітапхана меңгерушісі Шахайдарова Инобат ауыл тарихынан сыр шертетін кітаптарынан арнайы көрме жасап, келген қонақтар мен ауыл тұрғындарына таныстырып өтті.
«Ауылым – алтын бесігім» шарасы ауыл тұрғындары мен қонақтарының жүректерінде терең әсер қалдырумен қатар, туған жерге деген сүйіспеншілік, бірлік пен ынтымақты нығайтуға бағытталған шара болды. Жаңа Иқан ауылының мәдени өмірі мен дамуы үшін бұл шараның орны ерекше болып қалары анық.