
Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылында өткен «Ауылым – алтын бесігім» байқауы ауыл әкімшілігі, мәдениет үйі мен ауылдық кітапхананың бірлесе ұйымдастыруымен Ескі Иқан мәдениет үйінде өтті. Бұл байқау ауылдың мәдени және рухани байлығын дәріптеп, ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталды.
Мерекелік іс-шара ауылдың қазіргі тыныс-тіршілігімен таныстырудан басталды. Шараны Ескі Иқан ауылдық Әжелер төрайымы Карамхан Усманова ашып берді. Ауыл тұрғындары мен қонақтар арнайы ұйымдастырылған көрмені аралады. Көрмеде ауылдың тарихы мен дәстүрлері кеңінен таныстырылды. Ауылда болып жатқан өзгерістер, жетістіктер, халықтың тұрмыс-тіршілігі туралы көптеген қызықты мәліметтер ұсынылды. Еңбекқор шаруалардың егіс алқабынан шыққан жемістер мен көкөністер, ұсталардың қолынан шыққан шебер туындылар көпшіліктің назарына ұсынылып, ауыл өмірінің барлық қырларын ашты. Сонымен қатар Ескі Иқан ауылдық кітапхана қызметкері Юсупова Роза кітаптармен ауыл тарихын таныстырып, арнайы көрме жасады.
Көрмеден кейін ауыл өнерпаздары дайындаған керемет концерт өтті. Бұл концерт ауылдың мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастыруымен өткізіліп, ауылдың жас өнерпаздары мен дарынды тұрғындары өз өнерлерін паш етті. Әндер, күй мен би арқылы ауылдың рухани байлығы көрермендердің жүрегін тербеді. Атап айтқанда, Абдусобир Бекташов, Олтиной Мусаева, Туражан Шералханов, Шохзод Бабаханов сынды әншілер әндерін шырқап, «Смуглянка» әнін оркестр тобы аспапта ойнап шықты.
Ұлттық әуендермен өрілген концерттік бағдарламаның шарықтау шегі – ұлттық киімдерден ұйымдастырылған дефиле болды. Жастар мен ауылдың белсенді тұрғындары ұлттық киім киіп, халқымыздың бай мұрасын көзбен көріп, сезінуге мүмкіндік берді.
Бұл байқау аудан әкімі Мақсат Таңғатаров Асылбекұлының бастамасымен ұйымдастырылды. Мақсаты – ауылдық жерлердің дамуын қолдау, ұлттық құндылықтарды сақтау және ауыл тұрғындарының рухани өмірін байыту. «Ауылым – алтын бесігім» байқауы халықтың бірлігін нығайтып, ауыл тұрғындарының өз тамырын тереңірек тануына жол ашты.
Ескі Иқан ауылында өткен бұл байқау арқылы ауыл өмірінің маңыздылығы тағы бір рет дәлелденіп, ұрпақтар сабақтастығының сақталуына жол ашылды.