24 қазан — Кітапханашылар күнімен барша кітапхана саласындағы қызметкерлерді құттықтаймыз.

Бұл мереке 2022 жылғы 18 қазандағы Қазақстан Республикасы Үкіметінің №833 қаулысымен «24 қазан – Кітапханашылар күні» мерекесі болып бекітілді. Мерекенің басты мақсаты – кітапханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ынталандыру болып табылады. Кітапханалар – ғасырлар бойы келе жатқан биік парасаттылық пен білімділіктің киелі ордасы. Олар оқырман мен кітап арасындағы алтын көпір. Ал кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Қазіргі таңда кітапханашылар білім, ғылым, өнер мен мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып, өркениетті елге айналуымыздың негізін қалауда.

Бүгін Жетісай ауданы, Қарақай ауылдық округі, Қ.Сәтпаев ауылдық мәдениет үйінде кітапхана саласының дамуына қосқан үлесі үшін «Қазақстандық Кітапханалық Одақтың» төрайымы Б.Оспанованың «Қазақстанның Құрметті Кітапханашысы» төсбелгісімен Қызылқұм а/о, Қызылқұм ауылы филиал №14 кітапханасының кітапханашысыНарбекова Гүлнар Құдайбергенқызы марапатталды. «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы С.Иманқұлованың Құрмет Грамотасымен, ҚР Ұлттық кітапхана директоры Б. Оспанованың, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Ғ.Құдайбергенованың, Жетісай ауданының әкімі С.Мамытовтың Алғыс хаттарымен бір топ кітапхана қызметкерлері марапатталды.

Руханият игілігі жолындағы еңбектеріңізге шығармашылық табыс, зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, бақ – береке тілейміз.