
24 қазан – елімізде кітапханашылар күні ретінде ерекше мәнге ие мереке. Осы мерекеге орай Сауран аудандық Тілдерді оқыту және дамыту орталығы КММ ұйымдастыруымен өткізілген «Кітапханашы болу – бір бақыт» атты байқауының арқасында кітапханашылардың кәсіби шеберлігі мен еңбектері тағы бір мәрте еленіп, көрермендер алдында ерекше құрметке бөленді. Байқау үш кезеңнен тұрды және әр кезең кітапханашылардың кәсіби шеберлігі мен білімін айқындауға мүмкіндік берді.
Байқауды салтанатты түрде ашу Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жумабековаға берілді. Ол өзінің жылы лебізін білдіріп, кітапханашыларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға шығармашылық табыс тіледі. Байқаудың әділқазылар құрамына Түркістан қалалық тілдерді оқыту және дамыту орталығының маманы және ақын Айкерім Жұмабаева, Т.Айтжанов атындағы жалпы білім беретін мектебінің кітапханашысы Ахметова Жанар және Сауран ауданы әкімдігінің мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жанар Жумабекова қатысты.
І кезең – «Үздік таныстырылым» деп аталып, қатысушылар өз кітапханасының қызметін, оқырмандарға көрсететін көмегін таныстырып, шығармашылық жұмыстарын ортаға салды. Бұл кезеңде кітапханашылардың өз ортасын қаншалықты жақсы түсініп, сүйіп қызмет ететіндері көрінді. Көптеген кітапханашылардың таныстырылымы терең мағыналы және әсерлі болғаны сонша, көрермендер мен қазылар алқасы оларға ризашылықпен қол соғып отырды.
ІІ кезең – «Тіл жүйрікте кім жүйрік» атты тіл білімін сынайтын сайыс болды. Бұл кезеңде қатысушылар кітапхана тақырыбына қатысты және салт-дәстүрлер туралы сұрақтарға жауап беріп, білімдерін көрсетті. Кітапханашылар тек қана ақпарат сақтаушылар емес, сонымен қатар рухани байлықты көпшілікке жеткізушілер екенін осы кезеңде ерекше дәлелдеді.
ІІІ кезең – «Өр мінез өнерді додада өріледі» деп аталып, қатысушылар өз өнерлерін көрсетті. Бұл сайыс кітапханашылардың шығармашылық қабілеттерін, өнерге деген сүйіспеншілігін ашып, олардың жан-жақты тұлғалар екенін көрсетті. Қатысушылар ән айтып, би билеп, өлең оқып, қолөнерлерін көрсетіп, әр түрлі өнер түрлерінде өз шеберліктерін паш етті.
Байқау нәтижесінде бас жүлдені С.Қожанов ауылдық кітапханашысы Ибраев Ержан жеңіп алса, 1 орын Мәшһүр Жүсіп ауылдық кітапханасының кітапханашысы Іңкәрбекова Ғазиза, 2 орынды Абай ауылдық кітапханашысы Оразмет Ағайша, 3 орынды Ескі Сауран ауылдық кітапханашысы Тұрғанбекова Арайлым иеленді.
Кітапханашы – тек кітап сақтаушы ғана емес, ол – халықтың мәдениеті мен білімінің қорғаушысы, болашақ ұрпаққа рухани мұра қалдырушы. Қазіргі заманда кітапханашылардың рөлі ерекше маңызға ие, себебі олар кітаптар мен білім арқылы оқырмандарға жол ашып, оларды тәрбиелеп, білімге деген құштарлығын арттырып отырады. Мұндай байқаулар кітапханашылардың кәсіби мерейін үстем етіп қана қоймай, оларды халыққа жақын ете түсетіні сөзсіз. Сонымен қатар аудандық кітапханашылар мерекеге орай арнайы алғыс хаттармен марапатталып, Примханова Гүлжахан Перденқызы «Қазақстанның құрметті кітапханашысы» төс белгісімен марапатталды.
Осындай маңызды байқаудың ұйымдастырылуы – кітапханашыларды қоғам алдында тағы бір мәрте дәріптеу, олардың рухани байлығын көрсетуге мүмкіндік беру болып табылады.