
Ордабасы ауданы «Жастар орталығының» мәжіліс залында аудандық ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен 18 қазан — Рухани келісім күніне орай, арнайы шара болып өтті.
Жиынға Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысхах, ауданның бас имамы Айдос Керімбай, мешіт имамдары, ішкі саясат бөлімінің мамандары қатысты.
Шарада аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов 18 қазан — Рухани келісім күні 1992 жылы қазанда Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматы қаласында Рухани келісімнің бірінші әлемдік конгресі өткенін, сол кезде конгреске қатысушылар қазанның 18-ін рухани келісім, яғни қақтығыстар мен жанжалдарға тоқтам салу, татулық іздеу, жақынға қайырымдылық және көмек күні деп жариялау жөнінде манифест қабылданғанын жеткізді.
Міне, сол 1992 жылдан бастап, 18 қазан Рухани келісім күні ретінде аталып өтіліп келеді. 1992 жылдан бері мерекеленген атаулы күннің маңызы зор. Өйткені, 40 конфессия мен 130 ұлт өкілі тұратын еліміз үшін рухани келісім, тұрақтылық пен татулықтың орны бөлек.
Жиын барысында мешіт имамдарымен еркін форматта пікір алмасып, тәуелсіз Қазақстанның 33 жыл ішінде қол жеткізген маңызды жетістіктерінің бірі қазіргі заманғы қазақ қоғамында ұлтаралық және дінаралық келісімге негізделген әлеуметтік тұрақтылық бойынша өздерінің ой-пікірлерін білдірді. Кездесу соңында Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов бір топ имамға және дін мамандарына аудан әкімінің алғыс хаты мен сый-сияпатын тапсырды.
Сондай-ақ іс шара соңы спорттық жарысқа ұласып арқан тарту, қол күрес, кіші футболдан сайыстар өткізіліп, жеңімпаздар марапатталды.