Сауран ауданы, Нұртас ауылдық кітапхана қызметкері Гүлнар Түзелбаеваның ұйымдастыруымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «МЕН ӨМІРГЕ ҒАШЫҚПЫН!» атты қайырымдылық іс-шарасы өтті.

Шараға ауыл тұрғындары, мүмкіндігі шектеулі балалар мен ата-аналары және тәрбиелеушілері, сонымен қатар Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ маманы және ақын Айкерім Жұмабаева, Сауран ауданы мәдениет, тілдерді дамыту, денешынықтыру және спорт бөлімінен және Сауран аудандық ОКЖ қызметкерлері қатысты.

Шараның мақсаты – қоғамның ерекше балаларға деген қолдауын күшейту, олардың өмірге деген құштарлығын көрсету, сондай-ақ олардың шығармашылық қабілеттерін таныту болып табылады.

Шара барысында мүмкіндігі шектеулі балалар өздерінің өнерлерін көрсетіп, ән шырқап, залдағы көрермендердің жүректерін елжіретті. Осы балалардың әрбірінің еңбегі зор, себебі өнер арқылы өздерін еркін білдіру – олардың өмірге деген шексіз сүйіспеншілігінің бір көрінісі болды. Әр бала өзін ерекше әрі маңызды сезіну үшін Нұртас ауылдық кітапханасының бұл бастамасы шексіз құрметке лайық. Осы уақытқа дейін Нұртас ауылының өзінде мүмкіндігі шектеулі 14 бала бар.

Іс-шара барысында Сауран аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Жанар Жумабекованың атынан әр балаға арнайы алғыс хаттар табыстап, олардың өнерін жоғары бағалап, ата-аналар мен мұғалімдерге алғысын білдірді. Сонымен қатар ауылдың жомарт азаматының бірі Кульбаев Ербол атынан да үлкен қолдау білдіріп, балаларға арнайы сыйлықтарын тарту етті. Сонымен қатар Сауран аудандық ОКЖ қызметкерлері мен Түркістан қалалық «Тілдерді оқыту және дамыту орталығы» КММ маманы және ақын Айкерім Жұмабаева балаларға арнайы тәттілерін сыйлап, қуаныш сыйлады.

Іс-шара барысында ерекше балаларды тәрбиелеп жүрген аналар мен мұғалімдер де өз пікірлерін айтып, сөз сөйледі. Олар бұл күннің мәні мен маңызы туралы жүрекжарды лебіздерін білдіріп, қоғамның осындай балаларға деген көзқарасының жылдан-жылға өзгеріп, жылы қабақ танытқандарына қуанатындарын жеткізді.

Залда эмоцияға толы сәттер де болды. Бірнеше ана, тіпті, көз жасын тыя алмады. Олардың көздеріндегі жас – тек қана ауыртпалықтан емес, балаларының жетістіктері мен өмірге деген махаббатының көрінісі еді. Шара барысында ерекше балалар туралы әсерлі көрініс қойылып, ол да көпшілікке ой салды. Бұл көрініс аналардың ғана емес, бүкіл залдың жүрегіне жетіп, ерекше балалардың өмірдегі қиындықтарын, бірақ соған қарамастан олардың қандай батыр екенін көрсетті.

Мұндай іс-шаралар қоғамның бір бөлігін құрайтын ерекше балалар мен олардың отбасыларына үлкен қолдау болып табылады. Олардың ерік-жігері мен өмірге деген махаббаты барлығымызға үлгі. Осы шараның арқасында тағы да бір рет мейірімділік пен қамқорлықтың маңыздылығы еске түсері анық.