
Бүгін Отырар ауданында «Ер есімі — ел есінде» атты ғылыми-теориялық конференция өтті. Кеңес Одағының батыры Сейітқасым Әшіровтың туғанына 100 жыл толуына орай ұйымдастырылған шараға шағалалы Шардара ауданынын келген қонақтар, ақын-жазушылар, ғалымдар мен републикаға белгілі қоғам қайраткерлері және аудан тұрғындары қатысты.
Киелі Отырар ауданына арнайы келген қонақтар алдымен батырдың туған жері Қоғам ауылындағы С.Әшіров мектебінде өткен еске алу шарасына қатысты. Адамзат тарихындағы зұлмат жылдар — Ұлы Отан соғысында туған елін, жерін жаудан азат етуде жанқиярлық ерліктің үлісін көрсеткен С.Әшіровтің азаматтық келбеті мен майдан даласындағы көзсіз ерлігі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге болатыны жайында келелі ойлар айтылды. Мектеп қабырғасында балалардың патриоттық сезімін ұштау мақсатында батырдың ерліктері дәріптеліп, түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып отырады.
Мұнан соң жиынға келген көпшілік «Арыс жағалауы» саябағындағы Отырар ауданынан шыққан қос батыр С.Әшіров пен Т.Ибрагимовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, рухына Құран бағыштады. Одан әрі аудандық мәдениет сарайында батырдың жүріп өткен еңбек жолдары мен өмірін баяндайтын аудандық орталық кітапхананың кітап көрмесін тамашалап, конференция жұмысына қатысты.
Конференцияда алғаш сөз алған аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы тақырып аясында баяндама жасап, қан майданда ерлік көрсетіп, елге келгеннен кейін де бірнеше жауапты қызметтерді атқарған батырдың есімін ұлықтау бүгінгі ұрпақтың парызы екенін атап өтті.
Небәрі 18 жасында майдан даласына аттанып өмірдің небір қиыншылықтарын көрген бозбала Сейітқасым қанқұйлы сұм соғыста елін, жерін жаудан азат етуде қайтпас қайсарлығы мен ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Майданнан елге келген соң да еңбекке араласып Шәуілдір аудандық партия комитетінде нұсқаушы, Қызылқұм аудандық сотында халық судьясы, Шардара кеңшарында директордың орынбасары, Көксу, Шардара кеңшарларында зоотехник, 1975-1987 жылдары Шардара кеңшарының директоры болып зейнетке шыққанға дейін еселі еңбек етті.
Жиын барысында мемлекет және қоғам қайраткерлері Қуаныш Айтаханов, Шалатай Мырзахметов, Түркістан облысының Құрметті азаматы, Шардара ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Тоқсанбай Бердібеков, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Айып Балтабаев, аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Есжанов, ақын Бегаман Сұлтаев, “AMANAT” партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Қалыйма Жантөреева, ҚР Денсаулық сақтау саласының үздігі, батырдың қызы Қаракөз Сейітқасымқызы елінің мақтанышы болған тау тұлғалы азаматтың іскерлік қабілеті мен адамгершілік қасиеттері, еңбекқорлығы, көпке үлгі болған өмір жолдары туралы естеліктерімен бөлісті.
Шарада С.Әшіровтің 100 жылдығына арналған кітаптің тұсаукесері өтіп, қазақ батырының өмірін баяндайтын туынды көпшілікке таратылып берілді.