
«Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ, тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек» деген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «25 қазан – Республика күні» мерекесі болып бекітілген болатын. Мемлекет басшысының бұлайша жоғары баға беруінің өзі айтулы мерекенің мән-маңызын айшықтап, маңыздылығын көрсетіп-ақ тұр.
Мемлекеттің қалыптасу тарихы ұлықталып, өткеннің өнегесін өскелең ұрпаққа насихаттайтын мерекені Жетісай ауданының жұртшылығы да жоғары дәрежеде атап өтті.
Салтанатты мереке аясында Қарақай ауылдық округіне қарасты Сәтпаев елді мекеніндегі мәдениет және спорт кешені пайдалануға берілді.
1986 жылы қолданысқа берілгелі жөндеу көрмеген мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары өткен жылдың мамыр айында басталып, 2679,1 шаршы метр аумаққа жүргізілген жөндеу жұмыстарының жалпы құны 691 млн 445 мың теңгені құраған. Өндірістік кестеге мәйкес келесі жылы қолданысқа берілуі тиіс болған мәдениет үйін «Намыс» ЖШС мердігер мекемесі биыл аяқтап, ел игілігіне тапсырып отыр. Жаңартылған кешенде мәдениет үйінің қызметкерлерімен қатар ауылдық кітапхана, спорттың волейбол, футбол және шахмат, тоғызқұмалақ, бокс пен қазақ, еркін күрес, ән, күй, би үйірмелері жұмыс істейтін болады.
Аудан әкімі мәдениет үйін аралап, жұмысымен танысты. Үйірмелердің қатысушыларымен тілдесті.
Қолөнер бұйымдары мен кітап, сурет көрмесі жұртшылық назарына ұсынылған мерекелік шараға аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен аудандық мәслихат төрағасы Медет Қасымов, “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы, еңбек ардагерлері мен жергілікті тұрғындар, құқық қорғау органдарының өкілдері мен жергілікті мәслихат депутаттары, БАҚ пен зиялы қауым өкілдері, сан саланың үздіктері қатысты.
«Ата-бабамыздың сан ғасыр бойы аңсаған асқақ арманы мен ақжарма тілегі орындалып, жарқын жасампаздық пен үкілі үміті үстем болып, егемен еліміздің еркін дамуына айқара жол ашқан айтулы мереке бәріміз үшін қасиетті де қастерлі.
Ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бақ жұлдызы бола білген бұл күн – еліміздің ҚАЗАҚСТАН деген атпен бүкіл әлемге алғаш қадам басқан күні. Сол сәттен бастап Қазақстан әлем сахнасында мақтанарлықтай беделге ие елге айналды. Жас мемлекетіміз осындай аз ғана уақыттың ішінде көптеген ірі экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізді. Еліміздің аяғынан нық тұруы, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуі және экономикамыздың жедел қарқынмен дамуы – қазіргі таңда негізгі стратегиялық бағыттар. Бүгінгі Қазақстан – тек өзі орналасқан аймақта ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқаратын ел болып танылды» деген аудан басшысының құттықтауынан соң ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар жандар аудан әкімі Серік Үсенұлы Мамытов пен “AMANAT” партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың, “AMANAT” партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек пен “AMANAT” партиясы Жетісай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Асқар Қайназаровтың алғыс хаттарымен марапатталды.
Мемлекеттік тарихымыздың мерейлі мерекесі болған Республика күні мерекесінің салтанатты бөлімінен соң аудан өнерпаздарының мерекелік концерттік бағдарламасы көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әннен шашу шашылып, күмбірлеген күй Жетісай аспанын ұлттық құндылықтармен көмкерді.