
25 қазан — Республика күніне орай, Созақ ауданында үш бірдей кіші футбол алаңы мен балалар ойын алаңшасы ашылды. Спорттық кешендер аудан орталығындағы «Теріскей» саябағынан, Наурыз мөлтек ауданы мен Таукент кентінен ашылған. Нысандар «Katco» қазақ-француз біріккен кәсіпорнының демеушілігімен салынған. Спорт нысандарының ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков шараға жиналған тұрғындарды айтулы мерекемен құттықтады.
«Бүгін біз ауданымыздың даму жолындағы маңызды қадамды атап өтудеміз. Осы уақытқа дейін аудан аумағындағы өндіріс орындарының демеушілігімен көптеген жобаларды іске асырдық. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жандана түспек. Демеушілерден бөлек жергілікті бюджет есебінен де жабық ойын алаңдары бой көтеруде. Осы ретте біз барлық ауыл округтерді қамтуды жоспарлап отырмыз. Жастарымыз жаңа алаңда жаттығып, үлкен спорттық жетістіктерге жетеді деген сенімдемін», — деді аудан басшысы.