
Жыл сайын Қазақстанда қыркүйек айының екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі.
Жалпы отбасы институтын нығайтуда, ата- аналардың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігін арттыруда, халықты мемлекеттік отбасылық саясат пен отбасылық құндылықтарды ілгерілетуде, отбасы мен некенің жағымды бейнесін қалыптастыруда, отбасындағы сүйіспеншіліктің, өзара түсіністік пен қолдаудың маңыздылығын көрсете отырып, отбасы мәртебесін көтеруде бұл бағыттағы іс-шараларды жиі өткізудің мәні зор.
«Отбасы күні» мерекесіне орай, Сайрам Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығы» және Сайрам аудандық Азаматтық xaл актілерін тіркеу бөлімі (АХАТ) мамандарының бірлесуімен, ерлі-зайыптылардың неке қию рәсімі өткізілді.
Салтанатты рәсім барысында аталған мекеме мамандары тарапынан жаңадан шаңырақ құрған жұптарға керекті көптеген өмірлік кеңестер айтылды.
Атап айтқанда, жас отбасылардың құқықтық және қаржылық сауаттылықты өз деңгейінде білуі, зорлық-зомбылықтың алдын алуы және жол бермеуі, эмоционалды интеллект, жұптардың бір-бірінің алдында жауапкершілікті сезіне білуі, салауатты өмір салтын ұстана отырып денсаулықты сақтауы және отбасында жарасымдылық орнатуы сияқты маңызды мәселелер бойынша олардың өмір жолына бағыт-бағдар берілді.
Бұдан бөлек, тұрмыста мұндай келеңсіздіктерге тап болған кезде тығырықтан тез арада шығудың тиімді жолдарын жүзеге асыру бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілді.
Сонымен бірге, Сайрам аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын Қолдау Орталығында» «Отбасылық дәстүрлер: тарихты сақтау, болашақты құру» тақырыбында Отбасы күні аталып өтті.
Маңызды мереке абыз ақсақалдардың ақ батасымен бастау алды. Келелі кездесуде оқушыларға алдыңғы буын аға-апалар мағынасы мол ақыл-кеңестерін айтты. Бұдан бөлек, олар өмірлік өз тәжірибелері мен отбасылық құндылықтарын бүгінгі жас ұрпақпен бөлісе отырып, отбасының адам өміріндегі маңыздылығын түсіндірді.
Аталған іс-шараға ауданымыздың «Ардагерлер ұйымының» төрағасы мен ардагерлері, аудандық Аналар кеңесінің «Ақ әже» тобы және мектеп оқушылары қатысты.