Төлеби ауданында қасиетті Мәуліт мерекесі тойланды. Рухани келісім күніне орай, «Ислам және отбасы» тақырыбында аудандық Мәдениет үйінде кездесумен басталып, мерекелік жиын Millennium дәмханасында жалғасын тапты. Басқосуда Пайғамбарымыз Мұхаммедке салауат айтылды.

Мәуліт арабша «туылу», «туылған уақыты» деген мағыналарды білдіреді. Адамзаттың асылы, Пайғамбарлардың ардақтысы Мұхаммед Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) туған уақытына байланысты атап өтілетін күн мәуліт деп аталады.

«Адамзаттың ардағы қос дүние сардары» тақырыбындағы жиында барша мұсылман қауымын аудан әкімінің орынбасары Бақберген Құралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Нұрлан Қойбағаров құттықтап, ауданның руханиятының өркендеуіне үлес қосып жүрген азаматтарға «Алғыс хат» табыс етті. Облыс наиб имамы Өсімхан Тлеуов Пайғамбардың өмір жолынан уағыз айтып, барша мұсылман қауымын мерекемен құттықтап, «Алғыс хатпен» марапаттады. Аудан аумағында қызмет ететін имамдарға Біркөлік шипажайына, аудан жастарын спортқа баулып жүрген, әлем чемпионы Мәди Набиевке Умра қажылығына жолдама берілді.

Мерекелік жиынға арнайы келген айтыскер ақын Жандарбек Бұлғақов пен Сырым Әуезхан, «Күміс домбыра» иесі Аян Ниязбек, белгілі спортшы Арман Оспанов қатысып, елге ой саларлық термелер орындады. Жиналған қауым ұйымдастырушыларға алғыстарын жаудырды.