5 қыркүйек — Қазақстан халқының тілдері күні және Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні мерекелері ауданда салтанатты түрде аталып өтті.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: “Халқымыздың тарихы да, тағдыры да — тілінде. Тіл өткен тарихпен ғана емес, бүгін мен болашақты байланыстыратын маңызды құрал”, — деп атап өтті.

Осы орайда , салтанатты шара барысында аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Алдияр Қозыбаев құттықтау сөзінде тілдер саясаты мен мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқтала келе, тіл жанашырларының қоғам тұрақтылығын сақтаудағы еңбектеріне алғысын айтып,аудан тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтады.

Сонымен қатар, Алдияр Қозыбаев өнер саласында, шығармашылықта атой салып жүрген ел ағаларын, еңбегімен аудан атын шығарып жүрген жастарды алғыс хатпен марапаттап, бағалы сыйлықтарын табыс етті.

Салтанатты іс-шарада аудан өнерпаздары өздерінің концерттік бағдарламасын ұсынды.

Сонымен бірге, Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев аудан тұрғындарын Қазақстан халқының тілдері күні мерекесімен құттықтады: «Құрметті аудан тұрғындары мен қонақтары!

Сіздерді ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа – тұс келген Қазақстан халқының тілдері күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын!

Тіл – халықтың жаны, рухани байлығы, асыл қазынасы. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Тіл – қастерлі де, қасиетті ұғым. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Ана тілін сүйген адам – туған жерін, елін, Отанын, Атамекенін сүйеді. Ал, бұлардың бәрі – адам баласы үшін ең қасиетті ұғымдар. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсінуінің басты себепкері – ана тілі.

Мемлекет басшысы Қасым – Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Тілдің тұғыры да, тағдыры да бесіктен, отбасынан басталады»,-деген болатын. Отбасында ана тілінде сөйлеп өскен баланың тілге деген ынта жігері мен ықыласы терең, құрметі биік болары анық. Елдігіміздің ертеңі ана тілімізді дамыту үшін барлық күш – жігерімізді салу әрбір Қазақстандық азаматтың абыройлы парызы.

Құрметті жерлестер! Халқымызда «Тіл – атадан қалған асыл мұра» деген аталы сөз бар. Ата-бабамыздан сақталып келе жатқан ана тілімізді дамыту, тіл тазалығын сақтау, әрбір азаматтың міндетті.

Баршаңыздың отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін. Мереке құтты болсын!» делінген құттықтауда.