Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Туризмді, әсіресе экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажет» деген болатын. Эко туризм саласын дамыту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Түркістан облысында, оның ішінде таулы аймақтағы Төлеби ауданында эко туризмді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде.
Төлеби ауданы – шығыс пен батысты жалғастырған әйгілі Жібек жолының күре тамыр даңғылы өткен жер. Өлкеміздің тұмса табиғаты қаншама ақын өлеңіне, суретшілердің қылқаламына арқау болды. Таулы аймақ тамылжыған табиғатымен ғана тартымды емес, ата тарихымыздың куәсі, елдігіміздің тұмары, өркениетіміздің жәдігер мұраларына өте бай өлке. Сондай-ақ, елді мекенде табылған мәдени ошақтар ашық аспан астындағы мұражайға айналды.
Тарихы шежіреге бай аудан таулы аймақта орналасқандықтан, туризм саласын экономиканың негізгі драйверіне айналдыру бағытында бірқатар жобалар қолға алынуда. Ауданда демалушыларға қызмет көрсететін орындар саны 194 нысанға жетті.
Ауданда туризм саласына көптеп инвестиция тарту үшін және дамыту мақсатында Біркөлік, Ақмешіт, Қасқасу елді мекендеріндегі туристік рекреациялық аймақтарының егжей-тегжейлі даму жоспары әзірленуде. 2024–2030 жылдары туризмді дамыту мақсатында жалпы құны 78,1 млрд. теңге болатын ірі жобаларды іске асыру жоспарлануда.
Ауданда жыл бойы туристік қызмет көрсететін халықаралық деңгейдегі тау шаңғы курорты «Қасқасу туристік-рекреациялық кешені» құрылысы жүргізілуде. Курорт аумағында бірнеше қонақ үйлер, мейрамханалар, арқан жолы, бассейн және т.б. нысандар жоспарланған. Іске асырылған жағдайда бірінші жылдары жылына 120 000 жуық демалушы қабылданады деп күтілуде. Жоба айналасында туристерге қызмет көрсететін бірнеше нысандар ашылып, жалпы 2000-нан астам адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Жоба бойынша шаңғы трассасы биіктігі 1880-3155 метр (Шымбұлақ 2260-3163метр), трассасының жалпы ұзындығы — 33,4 шақырым болады.
Түркістанның жаңа бренді: Қасқасуда әлемдік деңгейдегі экологиялық тау-курортты қала салынбақ. Түркістан облысында туризм саласын жаңа деңгейге көтеретін ауқымды жоба қолға алынбақ. Жуырда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеров тау туризмі мен курорттық инфрақұрылым саласындағы халықаралық жетекші компания басшылығымен кездесіп, Қасқасу тауларында жүзеге асырылатын бірегей демалыс аймағының тұжырымдамасын жан-жақты талқылаған болатын. Келіссөздер барысында тараптар өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік беретін, халықаралық деңгейдегі тау-шаңғы курортты кластер құру мәселелерін қарастырды. Бірлескен жоба жүзеге асқан жағдайда Қасқасу Қазақстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең тартымды туристік орталықтардың біріне айналмақ.
Жоспарға сәйкес, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан тау бөктерлерінде әлемде теңдесі жоқ экологиялық демалыс аймағы бой көтереді. Курорт аумағында мұз пішінінде салынатын ерекше қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, бизнес-кластерлер, ойын-сауық және спорт нысандары орналастырылады.
Жобаның басты ерекшелігі – құрылыс барысында табиғатқа зиян келтірмейтін, толықтай экологиялық таза технологиялар мен табиғи материалдарды пайдалану. Нысандардың басым бөлігі тас, ағаш және қоршаған ортамен үйлесетін өзге де табиғи материалдардан тұрғызылады. Бұл тәсіл табиғи ландшафтты сақтап қана қоймай, өңірдің ерекше келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Курорт бірнеше функционалды аймаққа бөлінеді. Туристерге ыңғайлы болу үшін заманауи аспалы жолдар салынып, тау шыңдары мен негізгі демалыс нүктелерін байланыстыратын инфрақұрылым қалыптастырылады. Сонымен қатар жыл он екі ай бойы жұмыс істейтін нысандар қарастырылған. Осылайша Қасқасу тек қысқы спорт түрлерінің орталығы ғана емес, төрт мезгілде де келушілерді өзіне тартатын мега жобаға айналмақ.
Жобада табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселесіне ерекше көңіл бөлінген. Соның ішінде көлемі шамамен 3 миллион текше метр болатын су сақтау жүйесін құру жоспарланып отыр. Арнайы инфрақұрылым арқылы қар мен мұз суларын жинақтап, шомылу аймағына айналдыру көзделген.
Болашақ курорттың барлық қызметі цифрлық технологиялармен басқарылмақ. Ақылды жасанды интеллект жүйелері туристік ағындарды реттеу, қауіпсіздікті бақылау, энергия тиімділігін арттыру және сервистік қызметтердің сапасын жақсарту үшін пайдаланылады. Сарапшылардың пікірінше, бұл жоба Қазақстандағы ең технологиялық туристік нысандардың біріне айналуы мүмкін.
