
Қытай Халық Республикасына жұмыс сапарымен барған Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бастаған ресми және іскерлік делегация Қытайдың жетекші экономикалық және өнеркәсіптік орталықтарының бірі, Түркістан облысына бауырлас ел саналатын Хубэй провинциясының әкімшілік орталығы – Ухань қаласында маңызды кездесулер өткізіп, өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Нәтижесінде Түркістан облысында жүзеге асырылуы мүмкін жаңа инвестициялық жобалардың ауқымды пулы қалыптасты.
Сондай-ақ сапар аясында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек пен ресми делегация мүшелері Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының атқарушы төрағасы әрі бас хатшысы Хуан Лисямен кездесіп, Қытайдың өнеркәсіп, құрылыс, көлік-логистика және инфрақұрылым салаларындағы жетекші инвесторларымен келіссөздер жүргізді.
Кездесулердің басты мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы өңіраралық ынтымақтастықты нығайту, «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасы аясында бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру және Түркістан облысына жаңа технологиялар мен инвестициялар тарту болды.
Тараптар өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, туризм, инфрақұрылым, құрылыс және көлік-логистика салаларындағы бірлескен жобаларды жан-жақты талқылады. Қытайлық компаниялар Түркістан облысында жүзеге асыруды жоспарлап отырған инвестициялық ұсыныстарын таныстырып, өңірдің өндірістік және логистикалық мүмкіндіктеріне жоғары баға берді.
Жұмыс сапары барысында делегация Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы базасында ұйымдастырылған арнайы жұмыс кездесуіне және дөңгелек үстелге қатысты. Кездесуге Қытайдың құрылыс, инженерлік және инфрақұрылым саласындағы жетекші компаниялары қатысты. Аталған компаниялар жол құрылысы, теміржол инфрақұрылымы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс, инженерлік жүйелер, көпірлер салу және көлік инфрақұрылымын дамыту бағыттарында халықаралық тәжірибеге ие.
Инвесторлар Түркістан облысында болат конструкциялар өндірісін ұйымдастыру жөніндегі инвестициялық жобасын таныстырды. Компания көпір тіректерін қорғауға арналған болат құбырлар, микротоннель жүйелері, дренаждық құрылымдар, күрделі металл конструкциялар, өнеркәсіптік ғимараттарға арналған элементтер және модульдік тұрғын үйлер өндірісімен айналысады. Компания өкілдері Түркістан облысында өндірістік алаң құру мүмкіндіктерін қарастыруға және жергілікті серіктестермен жұмыс істеуге қызығушылық білдірді.
Бүгінде Түркістан облысында Қытай капиталының қатысуымен жалпы құны 148 миллиард теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылған.
Түркістан облысы мен Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығы арасындағы серіктестік 2024 жылдан бері дамып келеді. Осы кезеңде қауымдастық өңірге шетелдік инвесторларды тарту және инвестициялық жобаларды сүйемелдеу бағытында тиімді алаңға айналды.
Қазіргі таңда Ухань қаласында Түркістан облысының өкілдігі жұмыс істейді. Сонымен қатар Түркістан қаласында Хубэй халықаралық кәсіпорындар ынтымақтастығы қауымдастығының өкілдігі ашылған. Бұл екіжақты экономикалық байланысты одан әрі тереңдетуге мүмкіндік береді.
Кездесулер барысында қытайлық инвесторларға Түркістан облысының экономикалық артықшылықтары таныстырылды. Атап айтқанда, өңірдің тиімді географиялық орналасуы, халықаралық көлік дәліздеріне жақындығы, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары мен жеңілдіктер туралы кеңінен ақпарат берілді.
Қытайлық кәсіпкерлер Түркістан облысының экономикалық әлеуетін жоғары бағалап, өндіріс, құрылыс материалдары, көлік-логистика, агроөнеркәсіптік кешен және туризм салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық танытты.
Кездесу қорытындысында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, нақты жобаларды пысықтау және өзара тиімді әріптестікті дамыту бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға уағдаласты. Түркістан облысы бүгінде Қазақстандағы инвестиция тарту қарқыны жоғары өңірлердің бірі саналады. Қытайдың Хубэй провинциясында өткен келіссөздердің нәтижесінде қалыптасқан жаңа жобалар пулы алдағы жылдары өңір экономикасының өсуіне, жаңа өндірістердің ашылуына, жұмыс орындарының құрылуына және экспорттық әлеуеттің артуына елеулі үлес қосады деп күтілуде.
