
Арыс аудандық орталық ауруханасында көптен күткен компьютерлік томография (КТ) аппараты ресми түрде іске қосылды. Жаңа жоғары технологиялы құрылғы тұрғындарға сапалы әрі дәл диагностикалық қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Медициналық жабдықтың орнатылуы алдыңғы жылдары облыс және қала әкімінің тұрғындармен өткен кездесулерінде бірнеше рет көтерілген болатын. Арыстықтардың өтініші ескеріліп, жоба облыстық бюджеттен қаржылай қолдау тауып, нәтижесінде халықтың көптен бергі тілегі орындалды.
Аталған нысанның жұмысымен танысуға Түркістан облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев пен Арыс қаласының әкімі Қайсар Маңқараев арнайы барды. Медициналық мекеменің жаңа мүмкіндіктерін көріп, сала мамандарымен пікір алмасты.
Компьютерлік томография аппараты өкпе, бауыр, ұйқы безі сияқты ағзалардың қатерлі ісіктерін, іш қуысы мүшелерінің патологияларын, көкбауыр, бүйрек және бауыр жарақаттарын анықтауда маңызды рөл атқарады. Сондай-ақ қан тамырлары мен қан айналым жүйесінің жағдайын бағалауға, мидағы қан кету немесе тамыр кеңеюін анықтауға, сүйек тіндерінің зақымдануын дәл диагностикалауға мүмкіндік береді.
Құрылғыда қажет болған жағдайда контрастты зерттеу жүргізу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл әдіс ісік ауруларына күдік туындағанда немесе патологиялық өзгерістерді нақтылау қажет болған жағдайларда кеңінен қолданылады. Контрастты КТ қабыну процестерін, кисталарды, қан ұйығыштарын және ісіктерді ерте кезеңде анықтауға жол ашады.
Жаңа аппарат 160 тілімді кескін алу мүмкіндігіне ие. Бұл көрсеткіш зерттеу нәтижелерінің жоғары дәлдігі мен сапасын қамтамасыз етіп, алынған деректерді толық визуализациялауға және ұзақ мерзімге мұрағаттауға жағдай жасайды. Компьютерлік томография қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында тегін және ақылы негізде көрсетіледі. Ал инсульт, жарақат және өзге де шұғыл жағдайларда зерттеу тәулік бойы жүргізіліп, азаматтардың сақтандыру мәртебесіне қарамастан жедел көмек көрсету мүмкіндігі қарастырылған.
